Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс енгізілген сәттен бастап кейінгі екі жылда мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне байланысты бизнестің талап-арыздарының қанағаттандырылуы айтарлықтай ұлғайды. Қаралған 3 мыңға жуық істің 50%-дан астамы бизнестің пайдасына шешілді.
«Атамекен» Жаңа Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында бизнесті қорғау үшін экожүйе құруды ұсынды. Сондай-ақ экономикалық қылмыстар бойынша мүлікке тыйым салу мен заттай айғақтарды алып қоюдың ерекше тәртібін қарастыру керектігін айттық. Бұған қоса бизнес субъектілерін заңсыз қылмыстық жауапқа тартудың нәтижесінде келтірілген шығындарды өтеудің бірыңғай тетігін әзірлеуді, оның ішінде іскерлік беделдің төмендегені мен жіберілген табыстың орнын толтыру, сол секілді бизнеске нұқсан келтірген лауазымды тұлғалардың қылмыстық-тәртіптік, мүліктік жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Былтыр «Атамекенге» бизнесті қорғауға байланысты 4 мыңнан артық өтініш түсіп, оның 40%-ы оң шешімін тапты. Құқықтық статистика деректеріне сүйенсек, мемлекеттік органдарға бизнес өкілдері тарапынан дәл осы көлемге таяу өтініштер келіп түседі. Оның дені лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне байланысты.
Азаматтық соттарда жыл сайын мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне қатысты 9 мыңға жуық даулы арыз қаралады. Ұлттық палатаға түсетін өтініштер көрсеткендей, көбінесе жер қатынастары, сатып алу, салық, құрылыс салаларына байланысты шағым көп.
Нұрлан САКУОВ,
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары