• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Мамыр, 2022

Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан: Саясаттану ғылымының алдында ауқымды міндеттер тұр

1164 рет
көрсетілді

Жаһандық және елішілік мәселелер тұрғысынан қарастырғанда, отандық саясаттанушылар алдында сапалы зерттеулер, сараптамалар жасау міндеті тұр. Алматыда өткен саясаттанушылардың Х конгресінде Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин кәсіби алаң қатысушыларымен бірге саясаттану ғылымының алдында тұрған келелі мәселелерді қозғап, ғаламдық құбылыстарды бақылап, зерделеу барысында оның жан-жақты ықпалын ескеру қажеттігін алға тартты.

Белгілі сарапшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар мен гуманитарлық саланың өзге де өкілдері қатысқан форумда Ерлан Қарин еліміз бен әлемде болып жатқан про­цес­тердің барлығын терең сарап­таудың маңызды екенін атап өтті. Оқиғалар мен құбылыстарға сапалы сараптама жасау үшін оның сан алуан себебін ескере отырып, жан-жақты зерттеу керек. Сонымен қатар сарапшылардың талқылаулары мен пікір алмасуларын ұйымдастырған жөн.

«Жаңа Қазақстанды саяси-эко­номикалық үдерістердің даму те­тіктерін басшылыққа алмай құру мүмкін емес», деп атап өтті өз сөзінде Е.Қарин. «Әлемде кейінгі жылдарда сын-қатерлер кү­шейіп, пандемия мен төртінші өнер­­кә­сіптік революцияның әсері­нен саяси-экономикалық қара­ма-қайшылықтар шегіне жетті. Мұ­ның барлығы әлемдік парадиг­маның өзгеруіне әкеліп соқтыратыны анық. Бұл жаһандық үрдістердің елі­мізге де ықпалы бар. Қазақ­стан географиялық және гео­сая­­си тұрғыдан ғаламдық сілкі­­ніс­­тер ошағына жақын орналас­­қан­дықтан, алдағы уақыт­та осы құбылыстардың үдей түсе­ті­нін қа­перге алу қажет. Қазіргі кезде сыртқы факторлар­дың да қысымын жоққа шығаруға болмайды. Осы орайда Қазақстан өз тұрақтылығын сақтап қалу үшін үлкен күш жұмсауда. Ал мем­лекеттігімізді сақтап қалу аза­маттық қоғамның ынтымақ­та­с­тығына тікелей байланысты. Біз осылай ғана ішкі тыныштықты сақ­тай аламыз. Ал ел басынан өткен қаңтар оқиғасы қоғам тұрақ­тылығы үшін үлкен сынақ кезеңіне айналды. Алайда Президент пен халықтың батыл іс-әрекетінің арқасында жағ­дай тұрақталды. Ол кезде шын мә­нін­де егемендігіміз, қоғамның тұрақ­тылығы таразы басында тұрған еді», деп атап өтті Е.Қарин.

Мемлекеттік хатшының пікір­інше, Мемлекет басшысының Жа­ңа Қазақстанды бірге құру туралы ұсынысы қоғам тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. «Ендігі кезекте республика жұртшылығының өзгерістерге қаншалықты да­йын екенін референдум барысынан көреміз. 5 маусым күні өтетін референдум қазақ қоғамы үшін оң өзгерістердің бастамасы болмақ. Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіп, халық саяси өзгерістерге үн қосып, өз тандауын жасайды. Конституциялық реформа – Жаңа Қазақстанды құрудың бір бөлігі ғана. Конс­ти­ту­циялық реформалардың нәти­жесінде супер­президенттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға көшуге, бірқатар билік өкі­­лет­тілігін қайта бөлуге, Пар­­ламент­тің рөлі мен мәрте­бесін кү­шей­туге болады. Соның нә­ти­же­сін­де елді басқару ісіне халық­тың ара­ласуын арттыруға, аза­мат­тар­­дың Ата Заңмен белгіленген құ­қық­тарының механизмін жетілдіруге қол жеткізе аламыз», деді Е.Қарин.

Мемлекет үшін дәл осын­дай шешуші кезеңде саясат­та­ну­­шы­лардың алдында ауқымды мін­дет тұрғанын атап өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас­қарма төрағасы – ректоры Жан­сейіт Түймебаев ішкі және сыртқы оқиғаларды бақылауда объек­тивті ұсыныстар қажет екенін алға тартты. Осы орайда Ж.Түймебаев алдағы ре­ферендумның маңыздылығына тоқталып: «Референдум – Жаңа Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасау – әр азаматтың міндеті. Ал халықтың сая­си сауатын арттыруда саясат­та­ну­шылардың рөлі жоғары болуға тиіс. Тәуел­сіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолдарынан өтті. Бүгінде Қазақстанда саяси жүйені демократияландыру үрдісі жүзеге асуда. Уақыт талабына сай әлеуметтік-экономикалық реформалар қолға алынуда. Басты өзгерістердің бірі – халықтың елді басқаруға қатысуын кеңей­туге, құқықтық базаның дамуына ық­пал етеді. Ал аза­маттық ұста­ны­мымызды біл­діру үшін конс­труктивті диа­логқа үміт артамыз. Бұл саяси пікір­таластардың жаңа тренд­терін анықтауға жол ашады. Пре­зидент сөзімен айтқанда, Жаңа Қазақ­стан – Әділетті Қазақстан», деді.

Кездесу барысында Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов білім мен ғылым­ның, сондай-ақ саясаттанушы мамандарды даярлаудың өзек­ті мәселелеріне тоқталды. Прези­дент Қ.Тоқаевтың қолдауы­мен білім, ғылым саласын қаржы­ландырудың екі есеге дейін артып отырғанын жеткізген министр бүгінде еліміздің он екі жоғары оқу орнында саясаттанушылар дайындалатынын жеткізді. Осы тұста бөлінген грант­тардың толық игерілмей жатқанына тоқталып, «Биыл постдокторантураға 1 000 грант бөлінсе, соның 500-і ғана игерілді. Докторантура бойынша 2 жыл қатарынан 25 грант игерілмей жатыр. Осы орайда кафедралар белсенді жұмыс жүргізуі қажет», деп атап өтті. Бұдан бөлек министр жоғары оқу орындары оқытушылары жалақысының өсуі, академиялық еркіндік мәселесін қозғап өтті. Ал құқықтық мәдениет жайын сөз еткенде министр рес­публика мектептеріндегі жеті мыңнан астам дебаттық клуб пен мектеп парламентінің жұмы­сына тоқталды. «Балаларға тек бі­лім беріп, ақпараттандырып қана қой­май, функционалды сауат­тылық, критериалдық бағалауды енгізу бүгінде мектеп жұмысының ажырамас бөлігіне айналып отыр», деді.

Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бә­секеге қабілетті сараптамалар жүр­гізу, кәсіби мамандар даярлау мәселесін қозғады. Оның айтуын­ша, еліміздің саяси жаңаруы жолында сауатты шешімдер, жаңа идея­лар мен тұжырымдарға на­зар аудару қажет. Сонымен бірге сая­саттану кафедраларында анали­тикалық мектептер ісін же­­тіл­­діру – уақыт талабы. «Өзгер­ме­лі кезең­де, технологиялар да­мып жат­қан әлемде саяси ой-са­­наның өз­геруі заңдылық. Уақыт өзгері­сіне ілесіп отыру білік­ті, кәсі­би қауымдастықпен ғана жүзеге асады. Осы орайда саяси модер­­низация жүргізбей экономи­­калық жаңғырудың жүзеге ас­пай­тыны анық», деп атап өткен Е.Тұ­қымов «бүгінге дейін билік пен сарапшылар қауым­дас­тығы арасындағы коммуни­кация­да әлеуетімізді толық пай­далана алмадық» деген ойын да ашық білдірді. Сарап­шының айтуын­ша, жаңа заман жағ­дайын­да мемлекеттік саясат­ты құры­лымдауда коммуника­цияның жаңа түрлері қажет әрі ол мемлекеттік модернизация­ның сәтті жүзеге асуына, сын-қа­терлердің алдын алуға мүм­кіндік береді. Ал саяси инк­лю­­зив­ті инсти­туттарды құру эко­но­ми­калық-әлеу­меттік инклю­зив­ті инс­ти­­тут­тардың құрылуына ық­пал етеді.

Жиында Философия, саясат­тану және дінтану инсти­ту­ты­ның бас директоры Серік Сейду­манов, Азиялық зерттеулер инс­титу­тының директоры Сұл­тан Әкім­беков, «Саяси зерттеу­лер қауым­дастығы» РҚБ прези­денті Есен­жол Алияров сөз сөй­леп, конгресс қатысушылары «Екін­ші Республика: саяси реформа­лар­­дың тұжырымдамалық негіз­­дері», «Қазақстанның партия­лық жүйесінің дамуы», «Қазақ­стан­дықтардың идентификация үлгі­лерінің трансформациясы», «Сая­саттану жоғары мектебі: жағ­дайы мен проблемалары», «Қазақ­стандағы саяси ғылымның даму келешегі» панельдік сессияларда пікірлерін жалғастырды.

 

АЛМАТЫ