Алматыда республикалық референдумның күнтізбелік жоспары әзірленді. Мегаполисте 1 қалалық, 8 аудандық және 574 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жанна Асанованың айтуынша, комиссия мүшелерінің жалпы саны 5 мың. Бүгінде тізім жасалды, 20 мамырдағы жағдай бойынша Алматы қаласындағы референдумда дауыс беретіндердің саны 1,1 млн адамға жетті.
«20 мамырдан бастап учаскелік референдум комиссиялары халықпен жұмыс істей бастады. Референдумдағы өз учаскеңіздің нөмірін білу үшін бірыңғай Саll орталығына +7(727) 3384545 телефоны бойынша хабарласып, сол жерден өз нөміріңіз бен мекенжайды білуге болады. Сонымен қатар Call-орталық күн сайын, үзіліссіз және демалыс, дауыс беретін күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін қоңырауларды қабылдайды», деді ол.
Спикердің сөзінше, дауыс беруге арналған учаске туралы ақпарат алу жөніндегі функционал open-almaty.kz сайтында және @ReferendumAlmaty2022Bot Telegram-боты арқылы қолжетімді. Өзіңізді тізімдерден табу және мәлімет алу үшін ЖСН нөмірін енгізу қажет.
«Учаскелік референдум комиссиялары шақыру қағаздарын тарату және ақпараттық плакаттарды орналастыру үшін пәтерлерді және аулаларды аралап шығуды ұйымдастырады. Сондай-ақ референдумның өз учаскесінде өзіңізді тізімнен тексеруге және Конституцияға ұсынылатын түзетулерге қатысты ақпарат алуға болады», деді ол.
Гүлдана Елубай