...Туа біткен жап-жарық жанар да Жақандікі еді, ол да ағып түсті. Ел ішінен кезіккен Айжамал да жанының жұбанышы еді, оны да біреу қағып түсті. «Неге солай?..». Әнмен сырласуға да, сөйлесуге де болады. Қаласа бірге қайғырып, бірге мұңайып, «іштегі кірді кетіруге» де болады. Бір сөзбен айтқанда әнмен өмір сүреді адам. Бұл сөзге келісуге де, келіспеуге де қақылысыз. Кеше ғана жарыққа шыққан Кенжебай Ахметовтің «Неге солай?» фильмін көрсеңіз амалсыз келісесіз, бірақ.
Осыдан бірер апта бұрын фильм шыққаны туралы ақпарат қазақ даласын шарлап кеткенімен, көркем туынды жалпы көрсетілімге тараған жоқ. Жезқазған қаласындағы тұсаукесер рәсіміне жиналған жұрттан басқа көрермен тамашаламай тұрғанда біз автордан аттай қалап сұрап алып, бірінші пікір қалдырайық дедік. «Неге солай?» ән туралы, туа сала тағдыр мехнатын тартқан жан туралы болғандықтан шығар, бәлкім. Оның үстіне әнші, композитор, мәдениет қайраткері Жақсыгелді Сейілов туралы тұңғыш фильм. Бұған дейін композитордың әндерін арқау еткен деректі түсірілімдердің бір парасын тамашалап келгенбіз. Мынау – Жақсыгелді Сейілов- тің балалық шағынан жігіттік кезіне дейінгі, өнердегі қалыптасу кезеңін де әйгілейтін көркем туынды. Қателеспесек, әдебиетші, ақын, аудармашы, драматург Кенжебай Ахметовтің екінші киносы. Мұнда автор Жақсыгелді Сейіловтің тағдыр тақсіретін арқалаған балалығын, болашақ сазгер бойына ата мен анадан дарыған тазалықты, өмірге құштарлығын, өнер жолындағы алғашқы қадамдарын көрсетуді мақсұт тұтқан.
Ел арасында Жақсыгелді Сейілов туралы аңыз көп. Әндері туралы да аз айтылмайды. Біреулер композиторды туа соқыр екен дейді, біреулер алты айлығында айырылыпты жанарынан десе, енді бір деректерде алты жасынан шешек жабысып, көзін алғанын еске алады. Фильмде баланың көзден қалғаны осы кейінгі деректі нұсқайды, мектепке барған кезімен тұспа-тұс келеді. Шешек «не өзіңді алам, не көзіңді алам», деп келетін кесел екен ғой, бала Жақсыгелді жастай осы кеселге душар болады. Әкесі Уәли мен шешесі Ақбаланың Алладан сұрап алған жалғыз ұлы, көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені Жақанның (Жақсыгелді) артықшылығы есі кіргеннен белгілі бола бастайды. Бойындағы тазалық пен жанындағы нәзіктік һәм сезімталдық киноны тамашалап отырған кімді де болса бейжай қалдыра қоймайды. Әкесі мен шешесінен бөлек атасы өбектеген балаға бүкіл ауыл тілекші. Сондай мейірмен өсіп келе жатқан баланың жанарсыз қалғаны қандай өкінішті, қандай аянышты? Осы қасірет ішіне күйік болды ма, іле туған анасы Ақбала да дүние салады. Жақан мектепке енді бармақшы еді ғой...
Барлық жол осылай кесілгенімен, көреген ата мен әке балаға мұның бірін сездірмеуге тырысады. Өйткені баланың бойындағы тазалық пен сезімталдық көрген адам айналып келіп сүйсінерліктей еді. Бұл жердегі ғаламат та сол, жалғыз баланың аяулы өмірі үшін ата мен әке ғана емес, барлық ауылдың жанашыр пейілі көрінеді. Бірін-бірі қолтықтан сүйеген қазақы ауылдың жанашырлығын тілмен айтып жеткізсе – қазір ертегі. Соқыр болса да сондай мейірім мен шуаққа кенеліп өскен Жақан Теректінің тастағы әулие таңбаларын саусақ ұшымен сезініп, жүрекпен оқып, алыстағы пойыздың сартылдаған даусынан вагондарының санын құлақпен-ақ санап береді. Көздің қуаты, жанардың тұңғиығы жүрекке алмасса керек. Құлақ арқылы естігенді қорытып, түйсіндіретін ақыл мен сезім болса, бұл екеуі ми мен жүректің ісі емес пе? Жақанның тұла бойы түйсік пен сезімге айналғанын біз содан аңғарамыз. Тіпті ол жанарсыз-ақ жанындағы адамның қысылып қызарғанын, сазарып сұрланғанын сезіп, даусынан таниды. Сөйтіп жүріп қаладан оқып келгенде Теректіден Айжамалды кездестіреді. Ол баста туа біткен жап-жарық жанар да Жақандікі еді, ол да ағып түсті. Ел ішінен кезіккен Айжамал да жанының жұбанышы еді, оны да біреу қағып түсті... «Неге солай?..». Бір белгі үшін өмір сүреді екен ғой адам. Жан үшін, ән үшін, ар үшін, жар үшін, мүмкін осының бәрі болып туатын періште бала үшін. Әйтеуір бір белгі үшін... Ал сол белгі жоғалған күні сені ешкім ұстап тұра алмайды бұл жақта. Әрі қарай Жақанның жанын жұлмалаған «Неге солай?» әні алып-ұшқан ауылдан. Сөзін ақын Аманжол Шамкенов таңбалапты:
«Бір белгі үшін осы өлеңді сыйладым,
Әттең сені басқа жанға қимадым.
Балбыраған жас сәбидің өңіндей,
Көз алдымда тұрар сенің дидарың.
Ойлармын мен жарым
қалғып жатқанда,
Ойлармын мен оңаша бір шақтарда.
Неге солай жаратты екен адамды,
Айтшы жаным,
махаббатта шек бар ма?
Аз күн маған көп жыл болып көрінді,
Бір серпілтіп тастадың ғой көңілді.
Сыңғырлаған күлкіңе еріп жүрер-ау,
Қай жақта мен кешсем-дағы өмірді.
Білемін мен бір ай ма, әлде бір апта,
Ұмытарсың мені бір күн бірақ та.
Бір-біріне ынтығады неге адам,
Жауап іздеп жүрмін осы сұраққа».