Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолға алынғалы бері оның қызмет аясына қатысты әртүрлі сұрақ-сауал туындап жатқаны анық. Көптің көкейінде жүрген мұндай сұрақтардың бір парасына жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жауап беріп, МӘМС жүйесінің елорда аумағындағы биылғы жұмыс барысы туралы баяндады.
Баспасөз мәслихатында медициналық қызмет түрлеріне (алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативтік-диагностикалық қызмет, жоғары технологиялық медициналық көмек, паллиативтік көмек, оңалту, КВИ және тағы басқаға) бөлінген қаражат мөлшері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қадамдары, медициналық қызмет сапасын мониторингілеу жұмыстары, пациент құқығын қорғау амалдары туралы айтылды. Мәселен, биыл елордада МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында медициналық көмек көрсетуге 197,5 млрд теңге бөлінді.
– Сатып алу жоспары бойынша 2022 жылы елордада МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында медициналық көмек көрсетуге 197,5 млрд теңге (ТМККК-ге – 101 млрд, МӘМС-ке – 94,5 млрд) бөлінді. Бүгінде қор Нұр-Сұлтан қаласының аумағы бойынша 114 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасады. Соның 77-сі – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет көрсетушілер үлесі артып келеді. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет көрсетушілер тізімін қордың fms.kz сайтынан қарауға болады, – деді Н.Қабдықапаров.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік медициналық қызмет көрсетушілердің үлесі – 67%. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасады. Соның ішінде, жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық 3 медицина ұйымы бар.
– 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы операция жасау көрсеткіші 16,5%-ға өсті. Тек жоғары технологиялық медициналық көмек қолданысы арқылы МӘМС бойынша 4,4 млрд теңге сомасына қосымша 1 549 қызмет көрсетілді. Кардиохирургиялық операция 565 пациентке жасалса, нейрохирургиялық операция (нейронавигациялық жүйе қолданылған) – 71 адамға, ортопедиялық операция 70 пациентке жасалды, – деді спикер.
Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаторлық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес іске асырылады.
2022 жылғы 1 мамырдағы мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 4 млрд 370 млн теңге сомасына 306 211 тегін рецепт бойынша 121 886 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Соның ішінде МӘМС жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтылған балалар да бар. Мәселен, жіті респираторлық инфекциямен, яғни жоғарғы тыныс жолдарының аурулары бар 683 бала және төменгі тыныс жолдарының аурулары бар 2 182 бала, темір жетіспеушілігі анемиясына шалдыққан 290 бала, рахит ауруымен ауыратын 324 бала, пневмонияға шалдыққан 598 бала, синуситпен/ бадамша безі (миндалин) және аденоид ауруларымен ауыратын 158 бала бар.
Амбулаторлық қамтамасыз ету жөніндегі бұйрыққа сәйкес, емхана дәріханалары МӘМС жүйесінде тегін берілетін барлық қажетті дәрілермен (антибиотиктер, ыстық түсіретін препараттар, темірқұрамды препараттар, сондай-ақ басқа да спецефикалық препараттар) қамтылды.
– Елорда тұрғындары коронавирус инфекциясы мен пневмония кезінде медициналық көмекті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан тегін алады. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмауға және COVID-19 коронавирусымен ауыратын науқастарды емдеуге 7,6 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде, жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуге – 3,1 млрд теңге, COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау және COVID-19 коронавирусымен ауыратын науқастарды емдеуге – 4,5 млрд теңге (инфекциялық КВИ – 2,9 млрд теңге, карантиндік КВИ – 137,3 млн теңге, амбулаториялық деңгейде КВИ пациенттерін ПТР зерттеу – 563,8 млн теңге, үйдегі стационар – 4,5 млн теңге, мобильді бригадалар шақыртуға шығуы үшін – 919,2 млн теңге) қарастырылды, – деді Н.Қабдықапаров.
Коронавирус инфекциясымен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилиотолог маманның қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі.
– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2022 жылдың 3 айында көрсетілген медициналық қызмет сапасы мен көлеміне жүргізілген түрлі мониторингтер аясында 9 390 кемшілік (дефект) анықталып, 415 млн 837 мың теңге алынды. Соның ішінде, Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) аясында 300 млн 13 мың теңге сомасына 2 004 кемшілік анықталды. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 115 млн 824 мың теңге сомасына 7 386 кемшілік анықталды, – деді спикер.
Проактивті мониторинг аясында 12 медицина ұйымына тексеру жүргізілді. Осылайша, 1-кезеңде 16 млн 237 мың теңге сомасына 3 846 кемшілік (дефект) анықталды. Ал мақсатты мониторинг аясында 410 кемшілік (дефект) табылды. Медициналық қызметтерді сатып алу шартын орындауда 12 бұрмалаушылық фактісі анықталып, айып төлеу есебінде 8 млн 899 мың теңге алынды.
– Сондай-ақ қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасы мен көлемін мониторингілеу бөлімі жоспардан тыс мониторинг бойынша 48 қорытынды жасады. Соның 17-сі негізді шағым екені дәлелденді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде алынған сома 2 млн 701 мың теңгені құрады. Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өскені байқалады. Біздің сарапшылар медициналық қызметтің қолжетімді болуы және сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді, – деді спикер.
Қор тұрғындарды медициналық сақтандыру жүйесімен қамту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындардың 83,2%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. 2022 жылы елорда аумағында МӘМС жүйесіне қатысушылар саны 17 406 адамға көбейді. Яғни 2022 жылдың қаңтар айында 1 025 256 адам болса, 1 мамырдағы көрсеткіш – 1 042 662, адам.
– Алайда 210 142 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы және тағы басқа) көмек ала алады, – деді Н.Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады.
«2022 жылы қаңтар-мамыр аралығында қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының қызметкерлері 2 687 өтінішті қабылдап, қарады. Соның ішінде, 1 363 – шағым, 173 – алғыс, 104 – шағын және орта бизнес үшін сақтандыру мәртебесін түзету, 1 047 – жеңілдік санаты бойынша уақытша мәртебе беру жөнінде шағым-өтініштер бар. Мұндай өтініштер мен шағымдардың негізгі бөлігі 1406 байланыс орталығы мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы түседі. Бұл өтініштер үш деңгейлі өңдеуден өтеді. Қор тұрғындармен кері байланыста тұрақты жұмыс жүргізуі нәтижесінде, елорда тұрғындары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, 1406 байланыс орталығы мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жиі хабарласады, – деді спикер.
Түскен барлық шағым бойынша шара қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілді. Тұрғындар көбіне консультативтік-диагностикалық қызметтердің аздығына (құрал-жабдықтардың болмауы, кезекті көп күту, жолдама бермеу, кадр жетіспеу), медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлеуі мен қызметін білмеуіне, медициналық қызмет сапасына, қызметтерді көп күту жағдайларына шағымданады. Ал МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі туралы немесе медициналық көмек алу бойынша қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда қордың елордадағы филиалына 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, қордың fms.kz сайты арқылы хабарласуға болады.