• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Мамыр, 2022

Салық түсімдері былтырғыдан жоғары

330 рет
көрсетілді

2022 жылғы 4 айда салық түсімдері былтырғымен салыстырғанда 1,6 есе көп түскен. Осылайша, мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 110,1%-ға орындалған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Негізі салық түсімдері бойынша бекі­тілген жоспар – 4 466,4 млрд теңге болса, ол 450,8 млрд теңгеге артық орын­далып, 4 917,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда 1,6 есе немесе 1 873,5 млрд теңгеге көп. Соның ішінде респуб­ликалық бюджет 100,7%-ға орындал­ды, дейді мамандар. Айталық, жоспар бойынша 3 290,9 млрд теңге түсуі ке­рек болса, ол 23,9 млрд теңгеге асыра орын­далып, 3 314,8 млрд теңге түсті. Бұл да былтырғы осы кезеңмен салыстыр­ғанда 1,8 есе немесе 1 494,5 млрд теңгеге өскен.

Ал жергілікті бюджет 136,3%-ға орын­далған. Жоспар бойынша 1 175,5 млрд теңге болса, ол 427,0 млрд теңгеге ар­тық және түскен түсім – 1 602,5 млрд тең­ге. 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыс­­тыр­ғанда 31,0% немесе 379,0 млрд теңгеге ұлғайған.

2021 жылғы осы уақытпен салыс­тыр­ғанда республикалық бюджетке түсім­­дердің ең көп сомасы мұнайға салына­тын корпоративті табыс салығы есебі­нен болған. Нақтырақ айтқанда, бұл көлем 571,0 млрд теңгеге немесе екі есеге артық.

Ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы 433,2 млрд теңге немесе 4,6 есеге, экспорттық кеден баждары бойын­ша 311,9 млрд теңгеге немесе 2,1 есеге, үшін­ші елдерден импортқа ҚҚС 90,4 млрд теңгеге немесе 39,0%-ға, Кеден одағы елдерінен импортқа қосылған құн салығы 53,1 млрд теңгеге немесе 21,0%-ға, пайдалы қазбалардың өндірісіне салынатын салығы 41,1 млрд теңгеге немесе 42,2%-ға өскені байқалады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, түсімдердің өсуіне көптеген факторлар әсер еткен, соның ішінде бағаның өсуі де әсер етіп отыр. Айта­лық, биылғы төрт айда былтырғымен салыс­тырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға – 65,1%, алюминийге – 51,9%, мырышқа – 40,9%, қорғасынға – 16,5% және мысқа 15,4% бағаның өсуі байқалған. Оның үстіне шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 56,4%-ға ұлғайғаны да әсер еткен. Айталық, 1 тонна үшін орташа мөлшерлеме 2021 жылғы қаңтар-мамыр айында – 55,0 доллар болса, 2022 жылғы қаңтар-мамыр айында 86,0 доллар болды.

Салық түсімдерін арттырған тағы бір фактор – биылғы 4 айда үшінші елдермен тауар айналымы 1,5 есеге ұлғайны болды. Нақтырақ айтсақ, экспорт 1,7 есе, импорт 1,2 есе өсті.

2022 жылғы төрт айда электронды шот-фактуралар деректері бойынша тұтыну тауарларын өндіретін және қызметтер көрсететін, үй қызметшісін жалдайтын және үй шаруашылықтары қыз­меттері 5,8 есеге артқан. «Салық түсім­дерінің артуына барлық саладағы баға­лар мен қызметтер әсер етеді. Биыл­ғы алғашқы айларда көптеген сала­ның жұмысы жандана түсті. Соның есебінен түсімдер де көбейді», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.