• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Мамыр, 2022

Бес кішкентай пациентке бірлескен операция жасады

282 рет
көрсетілді

Елордалық балалар ауруханасында Түркияның жетекші маманы Бурак Тандердің қатысуымен балалар хирургиясы бойынша халықаралық шеберлік сабағы өтті. Алғашқы күндері шетелдік хирург қазақстандық әріптестерімен бірге асқазан-ішек жолдарының патологиясы бар еліміздің әр жерінен келген балаларды тексеріп, бірнеше кішкентай пациентке операция жасады.

Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасында өтті. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар үшін шеберлік сабағының онлайн көрсетілімі ұйымдастырылды.

«Операциядан кейін біз қазақстандық әріптестермен бірлесіп, хирургиялық ара­­ла­судың әрбір кезеңін егжей-тегжей тал­­қы­ладық. Мұндай ынтымақтастық олар­­­дың кәсіби өсуіне өте қолайлы. Бәріміз бір-бірімізден бірнәрсе үйренеміз. Операциялардың сәтті өткеніне қуаныш­ты­мын», деді түркиялық хирург Б.Тандер.

Барлық балаға аз инвазивті әдістерді қолдану, яғни минималды тіліктер мен тігістер жасау арқылы операция жасалды. Кейбір операция тәсілдері еліміздегі балалар хирургтерінің тәжірибесінде алғаш рет қолданылды. Шеберлік сабағы аясында барлығы 5 операция жасалды, оның ішінде асқазан-ішек жолдарының туабітті ақаулары бар балалар да бар.

Бұған қоса қатысушылар асқазан-ішек жолдарының туабітті ақаулары (Гирш­прунг ауруы), аноректальды даму ақау­ла­ры, гепатобилиарлық хирургия, өкпенің туа­бітті ақаулары бойынша оқыту дәріс­те­ріне қатысты.

«Дүние бір орында тұрмайды және дәрі­герлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру – өзге салалар секілді біліктілікті рас­тау­дың және жетілдірудің міндетті құралы. Мемлекет пен жергілікті атқарушы орган­дар­дың қолдауы арқылы бүгінде біз ше­тел­­дерге оқуға барып қана қоймай, Қа­зақ­станға шетелдік әріптестерімізді де шақыруға мүмкіндігіміз бар. Шеберлік саба­ғының үш күні ішінде мамандарымыз жаңа білім мен практикалық дағ­дыларды меңгергеніне және осы білім­ді олар кейіннен балаларды емдеуде қол­да­натындығына сенімдімін», деді №2 көп­бейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Гүлнәр Құлышева.

Балалардың ата-аналары қуаныштарын жасыра алмады. 15 жастағы науқастың анасы Наразгүл Масағұтова Қазақстан мен Түркияның жетекші хирургтері өткізетін шебе­рлік сабағы туралы әлеуметтік желі­лер­ден оқығанын айтты. Содан кейін жергілікті емханадан жолдама алып, баламен бірге астаналық клиникаға кеңес алуға келді.

«Менің балама осындай кәсіби мамандар ота жасағанына өте қуаныштымын. Осы балалар ауруханасына, барлық дәрі­гер­ге, мемлекетімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Баршаңызға сәттілік пен денсаулық тілеймін», деп дәрігерлерге алғыс айтты.

«Бірінші күні ауыр сырқаты бар екі ба­лаға операция жасалды. Бірінші бала­ға аз инвазиялы операция – түрік хирургінің өзіндік әдістемесі бойынша лапароскопиялық холецистэктомия жасалды. Бұл балаға қалпына келу жағынан да, эстетикалық жағынан да жағымды әсер етеді. Екінші жағдайда лапароскопиялық эхинококкэктомия, яғни тесік арқылы эхинококкэтомия операциясы жасалды. Ыстанбұлдан келген әріптес осы опера­ция­ны жүргізудегі өз тәжірибесімен бө­ліс­ті. Бұл әдіске қазақстандық балалар хи­­рург­тері зор ықылас білдірді», дейді №2 көп­­бейінді қалалық балалар ауру­ха­на­сы­ның хирургиялық блок жетекшісі Ринат Байгиреев.

Аурухана басшылығы өз кезегінде дәрі­герлердің біліктілігін арттыру практикасын жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. 2022 жылдың соңына дейін урология, ортопедия, нейрохирургия, комбустиология және басқа да бейіндер бойынша бірқатар шеберлік сабағын өткізу жоспарланып отыр.