Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде өткен «Data Journalism & Social Media Camp 2022» халықаралық лагері еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып, цифрландыру және әлеуметтік желілер жөніндегі бағдарламаны қолдау мақсатында өтті.
Салтанатты іс-шара БҰҰ-ның бейбітшілік үндеуіне қолдау білдіре отырып, AlfaSat командасының Voice of the peace – «Бейбітшілік дауысы» хабарламасын тасымалдайтын шарды әуеге ұшырумен басталды.
Ұлттық университетте 2014 жылдан бері БҰҰ академиялық ықпал ету бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі жаһандық орталығы жұмыс істеп келеді. Отандық журналистиканың заманауи кеңістіктегі бәсекелестігін арттыруды мақсат еткен бұл платформа жас әрі тәжірибелі журналистер үшін медиа алаңға айналды. Жиынға Франция, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан елдерінен қатысқан сарапшылар жаһандық өзгерістер жағдайында кәсіби кеңістікте пікір алмасудың маңызды екенін атап өтіп, Data журналистика мен цифрландыру мүмкіндіктерінің ғаламдық үрдістерге ықпалы туралы зерттеулерімен бөлісті.
Халықаралық платформаның ашылуында сөз сөйлеген Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев қазақ журналистикасының әлемдік коммуникациядағы рөлі мен алдында тұрған міндеттеріне тоқталды. «Қазіргі кезде ғаламдық үдерістер журналистикаға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Журналистің міндеті ақпарат таратушы ғана емес, ағартушылық қызметті де қатар алып жүруімен маңызды. Осы тұста «Жаңа технологиялар қарқынды дамып бара жатқан кезеңде журналистер ағартушылық міндетін атқара ала ма?», «Оған цифрландыру, Big Data өнімдері қаншалықты мүмкіндік береді?», деген сауалдар туындайды. Күрделі мәселелермен бетпе-бет келе отырып, кәсібилік үдесінен шығу коммуникация өкілдеріне заманауи трендтерді меңгеруді талап етеді. Ақпараттың дұрыстығын тексеру, дереккөзді анықтау, жалған мәліметтердің жария болуына жол бермеу арқылы медиа кеңістікте сауатты ресурстарды қолдану жоғары интеллектуалдық әлеуетке байланысты», деді ол. Әлеуметтік медианың жаһандық қауіп-қатерлер кезеңіндегі рөліне тоқталған сарапшы БҰҰ бағдарламасы аясында өтіп жатқан медиа платформаның болашақ маман иелері үшін маңызын да атап өтті. «Бүгінде отандық журналистиканың алдында әлемдік медианың биік белестері тұрғандығын ескергенде, цифрлы кеңістік мамандарын қалыптастыру уақыт күттірмейді», деді ойын түйіндеген С.Мәдиев.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек отыз жыл ішінде цифрландыру саласындағы бірлескен жобалар барысына тоқталды. «Цифрлы технологиялар адамзаттың ықпалдастығын дамыта отырып, коммуникацияның жаңа бағыттарына жол ашады. Кез келген мемлекет, қала, аймақтардың дамуында заманауи технологиялар жоғары рөл атқарады. Ауқымды хаб ретінде Тұрақты даму бағдарламасының Қазақстан аумағында жылдан-жылға тиімділігі артып келеді. БҰҰ даму бағдарламасы және ЮНЕСКО жобалары аясында мәдениет, ғылым және білім саласында мазмұнды, нәтижелі ықпалдастыққа жол ашуда», деп атап өтті В.Самек.
Жиын модераторы, журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева БҰҰ цифрландыру бағдарламасын қолдай отырып, білім беру бағдарламаларының халықаралық талаптарға сәйкестігін, сонымен бірге соңғы үш жылда Data журналистика бойынша магистрлік толыққанды бағдарламасының жүзеге асып отырғанын атап өтті. «Нарық талаптарына сай мамандар даярланып жатыр. Биыл мәселен деректер жинақтау, өңдеу, визуалдау форматында медиа таратуға үйрететін салада Ыстанбұл университетімен қос дипломды жүйе іске асады», деп атап өтті ол. Ал қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік тілдерінде қолжетімді болатын оқу-әдістемелік құралдары ЮНЕСКО сараптамасынан өтетін болады.
Жиын барысында Ufuq News халықаралық жаңалықтар агенттігінің жетекшісі Мохаммад Махди Нури Қазақстанда білім алып жатқан ауғанстандық студенттердің білім сапасына, халықаралық ықпалдастық келісімдеріне ризашылығын білдіріп, мыңнан астам түлектің болашаққа жолдама алғанын жеткізді. «Бүгінде 700-ден астам ауғанстандық студент Ұлттық университетте, сондай-ақ медицина, халықаралық қатынастар, экономика саласында жоғары білім алуда. Олар келешекте өз елінің ғана емес, әлемдік даму үдерістеріне үлесін қосатын болады», деді ол.
Заманауи журналистикада деректердің мағынасын сақтап қалу үшін не істеу керек? «Информационная культура» ҮЕҰ бірлескен құрылтайшысы Василий Буров Data журналистің міндеті туралы айтып, дайын өнім ұсынуға дейінгі кезеңдерге тоқталды. Ал YouTube Central Asia сарапшысы Александр Мелентьев YouTube Qazaqstan платформасындағы соңғы деректермен бөлісті. Мүмкіндігі мен ерекшеліктеріне, статистикасына шолу жасады. Спикер атап өткендей, пайдаланушылар саны айына 13 млн-нан асатын платформада табыс тауып, заманауи контентті тиімді қолдануға болады. Алайда ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан мән беретін тұстары бар екенін де ескертті.
БҰҰ Күзет және қауіпсіздік департаментінің қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Д.Рашид, СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы А.Аренова, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Нью-Йорк Фильм академиясының тәлімгері Ж.Мәмежанқызы, Лион университетінен (Франция) PhD Э.Пірманова, Словакия Ғылым академиясының болжау институтынан PhD В.Бачишин, тағы да басқа сарапшылар халықаралық ықпалдастықтағы цифрландырудың рөлі, заманауи коммуникацияда Big Data өнімдерін тиімді пайдаланудың ерекшеліктеріне тоқталды. Осы орайда Data журналистика, мамандыққа сұраныс және қажеттілік, жаһандық санаттағы жобалар, Data – шежіре жасау құралдары, есептеу әдістері, data-driven – маркетинг, CRM және аналитика, деректер журналистикасындағы стартаптар, сонымен бірге әлеуметтік желілердегі шынайылық тақырыптары талқыланып, сарапшылар студенттер қойған сұрақтарға жауап берді.
АЛМАТЫ