Бизнесті қорғау тетіктерін күшейту мәселесінен бөлек тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды санайтынын білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде әкімдерге бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. «Әкімдердің жұмысы айтарлықтай дәрежеде бизнестің тартымдылық параметрлері бойынша бағаланады», деді Президент.
Бұл орайда Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын және өңір инвестиция тарту бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұрғанын айта кетелік. Облыста былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 660 млрд 253 млн теңгеге жеткен. Инвестиция салымдарының 27,7%-ы өнеркәсіп саласына, 19,5%-ы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға, сондай-ақ 12,7% өнер, ойын-сауық және демалыс саласына тиесілі. Ал туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру қаланың ғана емес, бүкіл өңірге инвестиция тартуға айтарлықтай серпін берді. Сонымен қатар «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама сәтті жүзеге асырылып келеді. Мысалы, баламалы энергия өндірумен айналысатын италиялық Arm Wind (ENI) компаниясы тарапынан Отырар ауданының Шәуілдір ауылында қуаты 50 МВт күн электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Жалпы өңірде жаңартылатын қуат көздерін қолдану және энергия үнемдеу бағытындағы бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Жуырда БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Eni компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, осы саладағы әріптестікті талқылады.
«Өздеріңізге белгілі, жаңартылатын энергия көздері саласында Түркістан облысы айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие. Өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20-ға жуық жаңартылатын электр көздері нысаны жұмыс істейді. Облыс электр энергиясын импорттайтындықтан бұл салаға баса мән берудеміз. Аймақта қуаты 1000 МВт болатын электр стансасы салынып жатыр. Осы бағытта сіздермен әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», деді кездесуде облыс әкімі.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш «Жасыл экономикаға» көшу, жаңартылатын энергия көздері технологиясын молынан енгізу маңызды екенін жеткізді. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасы Түркістан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы мектептердің бірінде жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу жұмысын аяқтады. Бұл жоба – тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізетін мемлекет-жекеменшік әріптестіктің үлгісі. Енді Ж.Тәшенов атындағы мектеп күн энергиясын тиімді пайдаланып, «жасыл энергияға» көшті. Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Ең бастысы – қоршаған ортаға зиянсыз энергия өндіру бағытына басымдық беріледі», деді Я.Бериш.
Кездесуде екі тарап әріптестікті нығайтып, қоршаған ортаға көмірқышқыл газын қысқартатын қуат көздерін кеңінен пайдалану технологиясын енгізу ісін жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Иә, Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр стансасы орнатылды. Аталған жобаның ашылу салтанатында облыс әкімі жаңартылатын энергия көздерін дамыту өте маңызды екенін мәлімдеп, күн көзінен қуат алатын мектептің ерекшелігін атап өтті. «Түркістанда тарихи оқиғаның куәсі болып тұрмыз десек болады. Eni компаниясы мен БҰҰ Даму бағдарламасы қаламыздағы мектепке күн қуатын пайдаланатын қондырғы орнатып, жұртшылыққа ұсынып отыр. Облыста демографиялық өсім жоғары. 900 мектеп бар. 2025 жылға дейін өңірде 200 білім ұясын салуды жоспарлап отырмыз. Мектеп салу басқа, оны заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту керек. Бүгін жиналып отырған білім ұясында информатика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірінші рет осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Біріншіден, мектептің электр қуатына жұмсайтын шығыны едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар жаңартылатын энергия қалай өндірілетінін өз көздерімен көріп өседі», деді Өмірзақ Шөкеев.
Жоба аясында күн панелімен сыртқы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сыныптарындағы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды. Арнайы жылу реттеу клапандары, энергия үнемдейтін құралдар, су құбырына есептегіштер, жарықдиодты шамдар, термореттегіштер орнатылды. Осы жобаның көмегімен 1 900 оқушы білім алатын мектеп күн электр стансасының игілігін көруде. Мектепті жаңғырту жобасы шығындарды, энергия тұтынуды және көмірқышқыл газы мөлшерін қысқартады. «Жасыл» экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, ауаны тазартуға мүмкіндік береді. Eni мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бағдарламаларын жалғастыруды көздеп отыр.
Ал Келес ауданына Халықаралық өнеркәсіптік орталығының корпорациясын салу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласынан «QazExpoCongress» ҰК» АҚ өкілдері келді. Аталған нысан Ұшқын ауылдық округінің аумағында орналасады деп жоспарланған. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауды ұйымдастыруды үйлестіруге жергілікті әкімдікке Turkistan invest мекемесі көмектеспек. Инвесторлар осыған дейін көршілес Өзбекстан Республикасы аумағында болып, олардың мүмкіндіктерімен де танысқан. Сараптау нәтижесінде жобаны жүзеге асыруда Келес ауданының аумағы тиімді екені анықталған. Осы аймаққа теміржол торабы салынып, сауда-саттықтың дамуына үлкен серпін береді деген сенім бар. Өз кезегінде аталған сауда кешені салынған жағдайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына әсер етпек. Түркістанға жұмыс сапарымен келген Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист және елшімен бірге жүрген кәсіпкерлермен кездесуде де әңгіме негізінен «жасыл экономика» төңірегінде өрбіді. Финляндия мемлекетінің жасыл экономика, энергетика, ақылды қалалар және өзге де салалар бойынша тың жобаларды жүзеге асырып үлгергенін мәлімдеген елші Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін білу әрі әріптестік орнату мақсатында келгенін айтты. «Финляндия жасыл экономикаға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға зиянсыз өндірісті дамытуға басымдық береді. Елімізде тұрмыстық қоқыстың 56 пайызы қайтадан энергия көзіне айналса, 43 пайызы қайта өңделіп, кәдеге асады. Қоқыс полигондарына қажеттілік жоқ. Осы және өзге салаларда сіздермен әріптестік орнатуға мүмкіндік бар. Өңірдің мүмкіндіктерін саралап, жоспарларыңызды білгіміз келеді», деді елші.
Жыл басында индустрияландыру және инвестиция тарту жұмыстары барысы талқыланған, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте 2022-2025 жылдар аралығында өңірде 26 мың жұмыс орнын құру көзделгені, 2,4 трлн теңгенің 169 инвестициялық жобасы нақтыланып, облыстың ТОП-10 инвестжобасының тізбесі қалыптастырылғаны айтылған болатын. Жоғарыда біз айтып өткен жұмыстар – жоспарланған жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу мақсатында қолға алынған істердің бірқатары.
Түркістан облысы