Биыл 170 мыңнан аса түлек мектеппен қоштасты. Олардың ішінде 8 139 бітіруші – «Алтын белгіге» үміткер. Иә, бүгін еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау соғылады. Былтыр карантин кезінде оқу ошақтарында оқушылар салтанатты сәтке сырттан сығалағандай онлайн қатысқан еді. Биылғы мектеп бітірушілер бұл кедергіден ада.
Білім және ғылым министрлігі «ТҮЛЕК-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» бітіру іс-шараларын өткізу бойынша ұсыныстар дайындады. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова:«Соңғы қоңырау – мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістіктерін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Биыл эпидемиялық жағдай мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп тұр. Алайда бұл міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс пен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 млн-нан аса оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер болып отыр. Тағы қоса кетерім, жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?» деген сұрақ туады. Біздің айтарымыз: иә, болады. Бұл жақсы дәстүр ғой», деді.
Министрліктің мәлімдеуінше, республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланған. Оған оқу ошағының педагогикалық ұжымы, түлектер және олардың ата-аналары, педагог ардагерлер, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдар, Білім және ғылым министрлігі мен облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары білім басқармаларының өкілдері, білім бөлімдері, мүдделі мемлекеттік органдар және т.б. қатыса алады.