• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Мамыр, 2022

Тәбәрік

1985 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында туған ауылдың ыстық топырағында емін-еркін аунап-қунап қайтудың сәті түскен. Қараша ауылда бұл күнде қала жайлаған біздің әулет ат басын тірейтін жалғыз-ақ шаңырақ – нағашымыздың үйі. Ет жақын туыстан қол қусырып қарсы алатын отбасы осы ғана.

Күн шылбыр бойы көтеріл­­­мей, ақ қайыңдардың қой­науындағы қараша ауыл­дың қарасыны көрінген. Ән­шейінде байыз тауып отыра алмайтын далақұмар наға­шымыз үйінде екен. Аз-кем амандық-саулық сұрасқан соң берекелі дастарқанды қаумалай қонғанбыз. Шай үстінде де сөз сабақталды.

Нағашымның өзіне айнымай тартқан атқұмар балалары көрші ауылға кетіпті. Көрші ауыл дегенде, ауылдың өзі емес, жұрты ғана жатыр. Кіндік қаны сол ауылда там­ған азаматтар шартараптан жиналып келіп, Ұлы Отан соғы­сының боздақтарына арнал­ған ескерткішті жөндеп, маңайын абаттандырып, құ­ран оқытып, ас беріп жатыр екен. Ас болған соң әрине, әртүрлі жарыстар, ат бәйгесі ұйымдастырылған.

Нағашым шаруасы шағын болғанымен, белдеуінен жүй­рік ат кетпеген атбегі. Ке­ше­гі кеңес заманында да та­қы­мынан желқуық жүйрік үзілген емес. Соңғы жылда­ры оң жақ жамбасында бұршақ таңбасы бар жүйрік торыны жа­ратып, ат тұяғы жететін жер­дегі бәйгеге қосып жүретін.

Ауыл-елдің амандығын айтып бола бергенде бір бозбала сүйіншілеп табалдырықтан аттады. Шайын аузына ала берген, қаладан келген біздің інішек сүйіншілеген бозбаладан көзін алар емес.

– Қалағаныңды ал! – деді нағашым сәл кідіріп қалған бозбалаға жымия күліп қа­рап.

– Кейін торы атқа бір та­қы­мымды тигізсем, сүйін­шіге бергеніңіз сол болсын, – деді бозбала.

Жүйріктің жалынан си­пағысы келетін атқұмар­лығы көрініп тұр. Кейін етпісірім уақыттан соң көрші ауылға жүйрік жетелеп кеткен наға­шымның балалары да оралды. Олжалы көрінеді. Бірінші орынға тігілген құлынды бие­ні жетектеп қайтыпты. Шоқ­тығы биік, омыраулы мал екен. 

– Жиен, сенің сапарың жақ­сы болды. Атам қазақ «құт­ты қонақ келсе қой егіз табады» деген. Алмай жүр­ген бәйгеміз емес қой, мынау құлын саған тәбәрік, – деп жомарттық танытты нағашым.

Ас ішіп болған соң қалаға бет түзедік. Әлден уақытта жолсерік бала тәбәріктің не екенін сұрады.

– Ежелгі дәстүр, – дедім мен, – еншісі бөлінбеген қазақтың олжаны бөлісуі. Көңілі кең, пейілі жомарт ата-бабамыз дүниенің бет жүзіне қарамай, қанжығасына байланар олжадан дәметкен ағайынға сыбағасын беріп отырған. Бұл ел ішіндегі бір­лік пен ынтымақты, сыйлас­тық пен ізетті берік ете түсе­тін ата дәстүрі. Сенің де біле жүргенің жөн.

Жалғыз жолсерік баланың ғана емес, бар қазақтың есінде жүрсе несі айып?!