• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Мамыр, 2022

Алан үздік шықты

282 рет
көрсетілді

Польшаның Владиславово қаласында өткен WTT Youth Contender турни­рінде қазақстандық үстел теннисшісі Алан Құрманғалиев табысты өнер көрсетті.

Аталған додада 33 мемлекеттен келген 260 спортшы бақ сынады. 15 жасқа дейінгілер арасында қазақтың өреніне тең келер ешкім табылмады. Ол қатарынан жеті кездесуде жеңіске жетіп, бас жүлдені олжалады. Финалда қарағандылық жас шебер франциялық Антуан Нуарадан басым түсті. Жарыс аяқталған бетте үстел теннисінен Республикалық федерацияның президенті Данияр Әбілғазин жеңімпаз бен оның жеке бапкерін құттықтады. «Бұл табыстың кездейсоқ еместігі анық. Осы деңгейге жету үшін Алан Құрманғалиев көп еңбектенді. Соңғы уақытта ғана ол ITTF санатындағы халықаралық жарыстарда 13 медаль алды. Соның арқасында қазақ спортшысы 15 жасқа дейінгілер арасында әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Мен Алан және оның жеке жаттықтырушысы Елмира Әлиеваны жарқын жеңістерімен құттықтаймын», деді Д.Әбілғазин.

Сондай-ақ Құрманғалиев 17 жасқа дейінгі ойыншылар арасында күміс медальді иелен­ді. Бәсеке барысында Джузеппе Каларко (Ита­лия), Егор Ларков (Литва), Пётр Гавлас (Поль­ша), Рохелио Кастро (Мексика), Ли Хоюн (Оңтүстік Корея) және Натана Ламаны (Фран­ция) ұтқан ол финалда Оңтүстік Кореяның тағы бір өкілі О Чжун Сунуға есе жіберді.