Биыл үшінші мегаполисте тұңғыш халықаралық мектеп пайдалануға берілмек. Заманауи мектепте оқушыларға жергілікті және шетелдік жоғары білікті педагогтер халықаралық стандартқа сәйкес үш тілде білім береді, деп жазады Egemen.kz.
Аумағы 1,8 гектар болатын, 900-ге жуық оқушыға арналған мектеп құрылысын «Отау-Строй» ЖШС-ы жүргізуде. Соңғы үлгіде жабдықталатын 60 оқу кабинетінде оқушыға қажетті барлық құралдар ұсынылады. «Отау-Строй» ЖШС-ы басшысы Аслан Әлімбектің айтуынша, мектеп биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарының барысын білуге келген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке осындай мәліметтер берілді.
Сондай-ақ «Alan» халықаралық мектебінің заманауи кампусы оқушыларға жайлылық сыйлап, еш алаңсыз білім алуын қамтамасыз ететіні айтылды. Бастауыш сынып оқушылары білім алатын блок жұмысы таныстырылды. Мектеп директоры бір сыныпта оқитын балалардың саны 20-дан аспайтынын айтады. Оқушыларды тамақтандыру мәселесі назардан тыс қалмаған. Таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін мектеп қабырғасында болатын оларға 3 мезгіл құнарлы тамақ диетолог кеңесімен барлық талапқа сәйкес беріледі. Тамақ рационында баланың зейінін, есте сақтау қабілетін арттыратын пайдалы тағамдар көп болмақ. Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. «Оқушылар бос уақытын тиімді пайдалануы керек. Сабақтан тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып білімін шыңдағаны жөн. Барлық үйірмелер мектеп ішінде болғаны өте тиімді. Оқушы уақыт жоғалтпайды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалуы тиіс», дей келе Мұрат Әйтенов жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін халықаралық мектептің концепциясы мен миссиясына жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.
ШЫМКЕНТ