Асқаралы өмір асуында түрлі адамдармен жүздесіп, солардың бірімен қызметтес, енді бірімен жай ғана таныс, дәмдес боласыз. Олардың кейбірі есіңізде, кейбіреуін, тіпті ұмытып кетесіз. Ал солардың арасында есімі есіңізге түскен сайын жүрегіңізді жылытып, оған құрметпен қарап, жадыңызда сақтап жүретін азаматтар болады. Азаматтығы мен адами қасиетін өзім үлгі тұтатын, сондай тұлғаның бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, экономист-ғалым Бөрібай Биқожаұлы Жексембин.
1999 жылы ардақты азамат туған жері Жамбылға – облыс әкімінің ауылшаруашылық саласы бойынша орынбасары болып келді. Мен онда Жуалы ауданы Астық қабылдау кәсіпорнының директорымын. Шілде айы, жиын-терім мезгілі. Дала төсінде егін жинау науқаны қазандай қайнап жатты. Осы кезде Астық қабылдау кәсіпорындары мен мемлекеттік тапсырыс есеп-қорына, астық өткізген шарушылықтар арасындағы есеп-қисапта түсінбестік орын алған. Жалпы, мұндай жағдай арагідік болып тұрады. Осыған байланысты жаңадан тағайындалған облыс әкімінің орынбасары өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындарының басшыларымен жиын өткізді. Ондағы басты мәселе – аталған түсінбестіктің неден туғанын талқылап, соның шешілуі сөз болды. Алдымен Бөрібай Биқожаұлы кәсіпорын басшыларымен танысып, жылы әңгімелесті. Егін науқанының барысына тоқталып, оны дер кезінде жинап алуды міндеттеді. Әр басшының аталған проблемаға қатысты жеке пікірін сұрады. Кезек маған келгенде: «Абдалы, сен астығы мол Торғай облысында қызмет істепсің, сондықтан бұл жайды жақсы білесің деп ойлаймын, не себепті астық өткізетін шаруашылықтар шағымданды?» деп сұрады. Мен Жуалы ауданына 1989 жылы келдім. Оған дейін жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен бұрынғы Торғай облысының астықты аудандарында еңбек етіп, үлкен элеватордың директорлык қызметін атқарған едім. Бөрібай Биқожаұлы соны меңзеп айтып отырса керек. «Әр ауданға бекітілген құзырлы органдардың арнаулы астық инспекторларының құзыреттері күшейтіліп, олар бізге төреші болуы керек» деп ойымды жеткіздім. Ол кісі үнсіз ғана жымиды да: «Астық жинау кезінде осындай проблема кездеседі, бірақ оны ушықтырмай уақытында шешкен дұрыс» деп жиынды өзі қорытындылады. Мен сол сәтте Б.Биқожаұлының ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол, астық өндірісінің түйткілді мәселелерін жете меңгерген маман және осы саланы бүге-шүгесіне дейін білетін басшылық қызметте болғандығын аңғардым.
2004 жыл мамыр айында Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов Ауыл шаруашылығы министрі болып ауысты да, оның орнына Бөрібай Жексембин тағайындалды. Мен сол кезде Байзақ ауданының әкімі едім, осы қызметті бес жылға жуық атқардым. Сосын Б.Жексембин бұйрығымен Тұрар Рысқұлов ауданына әкім болып ауыстым. Осы қызметте жүргенде оны барынша жақын таныдым. Өңір басшысы ретінде аудан-ауылдарды аралап, жұртшылықпен жиі кездесті. Кез келген мәселені ұзатпай, сол жерде шешуге тырысты. Елдің жағдайына алаңдап жүреді. Жамбыл облысын ол кісі алты жылға жуық басқарды. Осы жылдар ішінде өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы айтарлықтай дамыды. Ауылшаруашылық саласы да жаңаша қарқын алды. Ол кісі облыс экономикасын үлкен ыждағаттылықпен зерттеп-зерделеп отыратын. Сондықтан да облыстың даму көрсеткіштері цифрларын жатқа айтатын. Біз облыс әкімінің қабылдауына кіруге мұқият дайындаламыз. Аймақ басшысының алдында ұятқа қалмау үшін ауданның экономикалық көрсеткіштерін республика көрсеткіштерімен саралап, анализ жасап, нақты іске асқан жұмысты көрсетеміз. Осының бәрін мен сол кісіден үйрендім. Тәжірибе алдым. Өте білімді, білікті, интеллектісі жоғары азамат. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейді. Айтатын жерде кесіп сөйлейді. Бөрібай ағамен қызмет істеген жылдарымды тағдырымның бір сыйы ретінде көремін. Шын мәнінде, ол кісімен бірге жұмыс істеу қызық, адамды ынталандырып, талпындырып отырады.
* * *
Жалпы Бөрібай Биқожаұлы Жексембин Жамбыл облысы Шу ауданында туғанымен, жалынды жастық шағы Арқа жерінде – Жезқазған облысында өтті. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргесін жолдамамен сол кездегі Жезқазған облысы Ағадыр ауданы «Қарабұлақ» совхозының бас зоотехнигі болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Осы шаруашылықта бес жыл жұмыс істеп, өз мамандығының қыр-сырын меңгерді. Тәжірибе жинады. Ел адамдарымен табысып, олармен жақын туыстай араласты. Одан соң Жезқазған облысы Приозерск аудандық ауыл шарушылығы басқармасының бас зоотехнигіне көтеріліп, содан кейін сол кездегі КОКП XXII партсъез атындағы совхоздың директоры болды. Бұл жерде де талапты жас басшы өз іскерлігін көрсетіп, шаруашылықты алға сүйреді. Совхоздың экономикалық көрсеткіші артып, аудандағы алдыңғы шаруашылықтардың біріне айналды. Білікті жас директордың қарым-қабілетін байқаған облыс басшылығы оны халық депутаттарының Приозерный аудандық кеңесінің атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарылығына тағайындады. Осылай ағамыздың қызметі сатылап өсе бастады. Алдымен Жезқазған облысы Приозерный аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігі кеңесінің төрағасы, одан соң облыстық агроөнеркәсіптік одағының төрағалығына сайланды. Еліміз егемендік алған жылдары Жезқазған облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары – ауыл шаруашылығы және нан ресурстары облыстық департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ал 1995-1996 жылдары Жезқазған облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
Жезқазған облысында онымен бірге қоян-қолтық қызмет істеген Қабдрахман Сәдуақасов сол күрделі жылдары Бөрібай ағамыздың шешімтал мінезін танытқан бір оқиғаны айтты.
«1995 жылы Жезқазған облысында екі айға жететін ұн қалды. Облыс әкімі Қажымұрат Нағманов үкімет басшысы Сергей Терещенкоға шықса, ол: «Әр облыс күндеріңді өздерің көріңдер, біз көмектесе алмаймыз» деп жауап берген. Содан облыс әкімінің орынбасары Бөрібай Биқожаұлы Қостанай және бұрынғы Көкшетау облысына барып, екі аймақтан 6 мың тонна бидай алып келді. Біз осы бидаймен нан мәселесін шештік. Одан кейін егін егу науқаны жақындап қалды. Егін егейін десе, шаруа қожалықтарында тұқым мен жанар-жағармай жоқ. Сондықтан 3 мың бидайды тұқымдыққа бөлді. Қызылордадағы «Құмкөл» мұнай-газ кен орны, негізінен Жезқазған облысының жері, сондықтан оны пайдаланып отырған инвесторлар жалға алу ақысы мен жер салығын төлеу керек. Олар оны 4-5 жылдан бері төлемеген. Облыс басшысы инвесторларға соны айтып еді, олар соның ақысына жанар-жағармай берді. Сөйтіп, 1996-1997 жылдары шаруа қожалықтары егін салып, бір қиындықтан шықты. Осы шаруаның басы-қасында Бөрібай Жексембин жүрді», деді ол.
Қабдрахман ағамыз Б.Биқожаұлымен аталған облыста ұзақ жыл бірге қызмет істеп, өмірдің ыстық-суығын бірге көрген. Сондықтан сыйлас әріптесінің азаматтығын, адамгершілігін, бірбеткейлігін, уәдеге беріктігін жоғары бағалайды.
* * *
Бөрібай Жексембин Жамбыл облысы әкімі қызметіне 2004 жылы келіп, оны 2009 жылға дейін атқарды. Осы бес жыл ішінде өңірде жаңаша жобалар қолға алынып, жүзеге асты. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша күш жұмсалды. Алдымен кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген Тараз, Шу және Қаратау қалаларының жылу жүйелері жаңғыртылды. Тараз шаһарының шағын аудандарындағы көпқабатты үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қаржы тапшылығына қарамастан Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларының жылу орталықтарындағы ескі су, бу қазандықтары ауыстырылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Ауыз суға айрықша көңіл бөлді. Тараз шаһары тұрғындарын ауыз сумен толық қамту үшін магистралды су жүйесін салу мен қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Сонымен қоса 2003 жылдан бастап, үкімет тарапынан да қаржы бөлініп, «Ауылдық аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасымен «Таза су» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы басталды. Сол кездегі тәртіп бойынша егер облыс қанша елді мекенге сумен қамтамасыз етуге жобалау сметалық құжаттарды дайындап және оны облыстық бюджеттен қаржыландырса, үкімет сонша жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлді. Осы бағытта Жамбыл облысында сол кезде жыл сайын 8-10 жоба іске асты. Ауыл шаруашылық саласы да жаңа өріс алды.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту − ешқашан назардан тыс қалған емес. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жанданды. Облыс орталығынан көпқабатты тұрғын үйлер салынып, әсем шағын аудандар бой көтерді. Өңірдегі барлық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Тараз қаласы мен аудан орталықтарында емхана, аурухана жобалау және салу жұмыстары басталып, олар толық іске асты. Мектеп салу жұмыстары облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Әсіресе кейбір ауылдардағы ескі, құлағалы тұрған мектептердің орнына жаңа білім ордасы бой көтерді. Үш ауысымдық мектептердің де мәселесі шешімін тапты.
2007 жылы облыс орталығынан «Һибатулла Тарази» мешіті ашылды. Қасиетті Алланың үйі шаһардың қай тұсынан қарасаңызда да көзге алыстан мен мұндалап тұрады. 1500 адам намаз оқи алатын, биік те, зәулім ғимарат. Мұнарасының биіктігі 35 метр, ал күмбезінің биіктігі 27,8 метр, шеңбері 7,8 метр. Ғибадат үйінің ені 32,4 метр, ұзындығы 40,1 метр, қабырғасының биіктігі 11 метр. Ғибадатханада 100 орындық, аумағы 108,6 шаршы метрлік ерлерге және әйел, қыздарға арналған сауат ашу курсының болуы да ескерілген. Дін ордасына Тараздан шыққан ғұлама, заманында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс медресесінде ұстаздық еткен, бірқатар аса бағалы еңбектердің авторы Һибатулла Тарази (1271-1330) есімі берілді.
Жол – қашанда экономиканың негізгі өзегі. Жамбыл облысындағы аудан аралық және елді мекендерге баратын тас жолдарды жөндеуге тек облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Соған қарамастан 2010 жылға дейін өңірдің 90 пайызға жуық жолы қайта жөнделді.
Бөрібай Биқожаұлының бастамасымен 2004-2009 жылдары облыс, қала бюджетіне сәйкес сол кезеңге арналған даму, өркендеу іс-шара жоспары жасалды. Соның негізінде Тараз қаласында бірінші Президент атындағы саябақ салынды, сонымен қоса, көне шаһардың ажарын ашып тұрған Шымкент қаласына шыға берістегі шағын ауданда мектеп, емхана салынып, оларды жылу, сумен қамтамасыз ету 2008-2009 жылдары жобаланып, құрылыс жұмыстары бастау алды.
Сонымен қатар облыс басшысы «Қазфосфат» компаниясы отандық инвестордың меншігіне ауысқаннан кейін, оның директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровпен бірлесіп, ел игілігіне біраз жобаларды қолға алды. 2007 жылы Тұңғыш Президенттің қатысуымен, тиісті салалық министрліктердің қатысуымен Қазақстанда химия өнеркәсібінің дамытуға арналған республикалық кеңес өтті. Сол кеңесте білікті басшы химия өнеркәсібінің еліміздегі қазіргі жағдайы, өркендеу жолы, химия өнімдерін экспорттау мәселеріне талдау жасады. Зауыттың технологиялық жабдық құралдарын жаңарту, жаңғырту мәселеріне арнайы тоқтап, зауыттың өз инвестициясымен күкірт қышқылын шығаратын зауыт салу мәселесін көтерді. Осы жобаның бәрі жүзеге асты. Облыс экономикасын көтеруге, халықты жұмыспен қамтуға оң ықпалын тигізді.
Қазақстан-Қытай магистралды газ құбырының Тараздан-Алматыға дейін өтетін газ құбырының тармағы, алғашқы жоба бойынша Тараз-Мерке-Қордай арқылы іске аспақ болды. Оған Б.Жексембин қарсылық білдіріп, газ құбырын Тараз-Луговой-Шу-Отар арқылы Алматыға жеткізуін қолдады. Оның ойынша, келешекте компрессорлық қондырғы стансалары салынып, Шу, Мойынқұм ауданы елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету еді. Бөрібай ағамыздың талабы орындалып, қазір газ құбыры осы бағытпен жобаланып, салынуда. Әрине, бұл үшін ол кісіге тиісті жоғары орган мамандарымен мәмілеге келу оңай болған жоқ. Біраз оған күш-жігерін жұмсады.
Аймаққа тартылған ірі инвестициялық жобалардың бірі ретінде Мойынқұм ауданындағы Мыңарал елді мекенінде Францияның инвестициялық қаржысымен ірі цемент зауыты салынды. 2006 жылы қазығы қағылған зауыттың алғашқы өнімі 2010 жылы шықты.
Әрине, тіршілік дамуы шексіз. Сондықтан экономиканың қай саласы болмасын өз кезеңі мен уақытына сай алға жылжиды. Оған сол кездегі ғылымның дамуы, технология, мемлекеттің қолдауы және инвестиция да әсер етеді. Сонымен бірге еңбек адамының біліктілігі, іскерлігі де керек. Ол облысқа басшылық жасаған жылдары шешімін тапқан мәселелер де, шешімін таппаған да мәселелер болды. Алайда Б.Биқожаұлы Жамбыл облысын бес жылдан аса жемісті басқарды деп айтуға толық негіз бар. Оны облыс тұрғындары да жылылықпен айтып жүреді.
Одан кейін қарымды қайраткер Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Мұнда да туысқан екі ел арасындағы экономикалық-әлеуметтік және мәдени-рухани байланыстарды нығайтуға күш салды. Ол қоғамдық қызметтен әлі қол үзген емес. «Ауыл» партиясының хатшысы ретінде де ел дамуына өз үлесін қосып келеді.
* * *
Қорыта айтқанда, Бөрібай ағамыздың жүріп өткен жолын бір мақалаға толық сиғызу мүмкін емес. Танымал тұлғаның отбасы да тамырын тереңге жіберген мәуелі бәйтерек, сол қара шаңырақтың төрінде Зәһәрә апай екеуі немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған ардақты ата мен әже. «Жақсы туған жігітке, бүкіл ел таласар» дейді бабаларымыз. Ол Тараз бен Арқаға ғана емес, жалпақ қазаққа ортақ азамат. Алақандай ауылдан қанат қаққан қайраткердің өнегелі өмір жолы кейінгі жастарға үлгі. «Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», деген даңықты тұлға Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі ел сенімін арқалаған Бөрібай Биқожаұлы Жексембин секілді атпал азаматқа арнап айтылғандай көрінеді.
Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты