• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2022

Дамудың кілті

802 рет
көрсетілді

Азаматтық қоғамның өркендеуі, ықпал­ды болуы – елімізді уақыт талабы­на сай ілге­рі жылжытуда негізгі алғы­шарттардың бірі.

Азаматтық қоғам – тәуелсіз қызмет ететін, үкіметке түрлі бағыттар бойынша ықпал етуге қабілетті құрылымдар жиынтығы, жеке тұлғалар мен әлеуметтік бірлестіктер қоғамдастығы. Атқарушы орындар ескере бермейтін немесе хабарсыз жағдаяттар азаматтық қоғам арқылы күн тәртібіне қойыл­са, қай мәселенің де мән-маңызы анық көріне­ді. Азаматтық қоғамның бүгінгі заманауи айшықты формасы АҚШ, Ұлыбритания, Батыс Еуропа елдерінде жарқын көрініс беруде. Олардағы азаматтық қоғам саласындағы кейбір құрылымдар тіпті ел аумағынан шығып, әлемдік ауқымдағы мәселелерге дейін араласуда. Осы елдерде атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасында тиімді үнқа­ты­су қалыптасқаны, сол арқылы көптеген ортақ міндеттері еңсеріліп отырғаны кісі қызық­ты­рады.

«Мемлекеттің қос қанаты деп нені айта­сың?», деген сауал қойылар болса, мен ойланбастан «атқарушы билік пен азаматтық қоғам» деп жауап берер едім. Бұлар бірлесе іс-қимыл жасамай ілгерілеу болмайды. Алайда аталған екі тарапқа да теңдей мүмкіндік берілуі керек. Онсыз, бұлар мемлекеттің қос қанаты бола алмайды. Өйткені дамыған елдер оларға теңдей мүмкіндік беру арқылы өркендеп отыр. Азаматтық қоғамның негізгі күші – саяси партиялар, қозғалыстар, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары және басқалар. Бұлардың жағдайы біздің қоғамда сын көтермейді. Қайсысы болсын саяси жүйеге жалтақтаулы. Десек те, оларға тізгіндерін өздері еркін ұстауларына мүмкіндік беретін кез әлдеқашан келді.

Еліміздегі ҮЕҰ-лардың қаржы көздері – халықаралық ұйымдар мен елшіліктер, Үкімет, ірі компаниялар және өз бизнесін ашқан ҮЕҰ-лар. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдарға ұсынылатын қаржының басым бөлігі Үкімет пен шетелдік елшіліктерге тиесілі. Міне, осыдан келіп ҮЕҰ-лардың қоғамдағы рөлі күшеймей отырғанының себептері айқындала түседі. Елімізде ірі компаниялар, бизнес-қауымдастық ҮЕҰ-лардың əлеуметтiк мәні зор бастамаларын қаржылық қолдауы төмен. Компаниялар, бизнес саласы бір реттік көмектен аса алмау­да. Ал маңызды жобалар мемлекеттік тапсырыс­тар мен конкурстар арқылы берілген қаржыға жүзеге асырылуда. Яғни үкіметтік емес ұйым мемлекеттің гранттарына, дәлірегі тендерге телміруге мәжбүр. Бұл жағдай тапсырыс берушілер емеурінімен уақытша құрылатын ҮЕҰ-лардың пайда болуына әкеледі де, қоғам өміріне белсене араласқысы келетін құрылымдардың жолы кесіледі. Ал тапсырыс­ты ретін тауып жеңіп алған ұйымдар өзіне алған міндетін орындайды да тарқап кетеді. Ал негізінде үкіметтік емес ұйымдардың жылдам тарап кетпей қоғамда тұрақты түрде жұмысын жалғастыруы маңызды. Өйткені ол ұзақ жылдар үзіліссіз жұмыс істесе тәжірибе жинақтап, тегеурінді құрылымға айналады. Жалпы, ҮЕҰ-лар үкіметтің қаржысынан гөрі бизнестің қолдауына көбірек ие болғанда ғана қанатын кеңге жаяды. Сонда ҮЕҰ-лар мемлекетке жалтақтаудан арылып, өз беделімен қоса қоғамдағы өткір мәселелерді де батыл көтерер еді. Ал олай болмаса ҮЕҰ-лар мемлекеттік тапсырысты ұсынатын, тендерін жариялайтын тиісті мекемелердің қолындағы ойыншық болып қала береді. Сондықтан ҮЕҰ-ларды үкіметке тәуелді етпеудің нақты тетіктерін қарастыру аса қажет. Дамыған елдерде үкіметтің өзі ҮЕҰ-ларға кіріптар. Өздері ҮЕҰ-лардан көмек сұрап, қаржысын ұсынып жатады. Өйткені әбден қалыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдарға үкіметтің өзі жүгінетіндей, тірлігін атқарту үшін жалынатындай ахуал қалыптастырылған.

Біздегі тағы бір мәселе – еліміздегі ҮЕҰ-лар­дың көпшілігінің мүшелері өте аз. Мүшесі аз ұйымдардың ықпалы да, беделі де бола қоймайды. АҚШ-та 6-7 мың, тіпті 10 мыңнан астам мүшесі бар ҮЕҰ-лар бар. Оларда денсаулық сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, мүгедектерге және басқа да белгілі бір салаларға арналған ҮЕҰ-ға кез келген адам мүше бола береді. Ал бізде қоршаған ортаны қорғау ұйымына тек экологтер, мүгедектер ұйымына тек науқастар мен жарымжандар, денсаулық сақтау ұйымдарына тек дәрігерлер, мейірбикелер, ауыл шаруашылығына қатысты ұйымдарға фермерлер ғана мүше болып жатады. Әрине, бұл азаматтық қоғамға деген көзқарасымыздың жоқтығын білдіреді.

Бір жағдай анық – мемлекеттің негізгі міндеттерді өзі ғана еңсеруге әлеуеті жетпейді. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту қажет әрі оны атқаруға үкіметтік емес ұйымдарды тартуда ашықтық пен тазалықты қамтамасыз ету жағын қолға алған жөн. Қорыта айтқанда, үкіметтің алақанына телмірген, салықтың қаржысымен күнелтетін ҮЕҰ-лардан қайран жоқ. Олардың орнын тиімді, ықпалды ҮЕҰ-лар басуы тиіс. Сонда ғана азаматтық қоғам мемлекеттің сенімді қанатына айналады.