Санкция қысымына ұшырап, соның салдарынан нарықтағы қызметін тоқтатуға мәжбүр болып жатқан үш ресейлік еншілес банк клиенттерінің дәл қазір көңілі күпті екені белгілі. Өйткені жекелеген шетелдік банктер үш банктің – «Сбербанк Қазақстан», «Альфа-Банк» және «ВТБ Қазақстанның» шетелдік валютадағы корреспонденттік шоттарын бұғаттаған. Шоттардағы қозғалыссыз жатқан қаржы көлемі 9,2 млрд теңге көлемінде.
Соның ішінде «Сбербанк Қазақстанның» – 2,7 млрд, «Альфа-Банктің» – 6,2 млрд және «ВТБ Қазақстанның» 0,3 млрд теңгесінің қозғалысына тыйым салынған. Сонымен қатар шетелдік қаржы ұйымдары «Сбербанк» АҚ жекелеген клиенттері бойынша 2,9 млрд теңге көлеміндегі шетелдік валютадағы төлемдерді бұғатқа салған. «Альфа-Банк» клиенттерінің шетелдік валютадағы төлемдер мен аударымдарына қатысты 3,9 млрд теңгесі де айналымға шыға алмайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазір «Альфаның» жаңа акционері – «Банк ЦентрКредит» банкті АҚШ және өзге де елдердің санкциялық тізімінен шығаруға тырысып жатыр.
«ВТБ Қазақстан» клиенттеріне қатысты төлем және аударым аясында қаражатты бұғаттау немесе қатырып қою фактілері жоқ. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Сбербанк» АҚ және «Альфа-Банк» АҚ шетелдік банктер қайтарған клиент қаражатының сомасы туралы ақпарат жоқ. Өйткені транзакциялар жүргізілген банктердің корреспонденттік шоттары бұғатталған. Тыйым салынған қаражатты қайтаруды клиенттер басқа банктер арқылы жүзеге асырады», деді М.Әбілқасымова.
Операцияларды бұғаттан шешу үшін банк клиенттері OFAC (АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы) ресми сайтына кіріп, интернет-ресурстағы арнайы форманы толтырса болады. Қазір банктер клиенттерге контрагент банктермен келіссөздер жүргізу және тиісті өтініштерді дайындау арқылы олардың қаражатын қайтаруға жәрдем көрсетіп жатыр. «Банк ЦентрКредит» қазақстандық «Альфа-Банкті» SDN (АҚШ азаматтарымен бірлесіп бизнес жасауға тыйым салынған тұлғалар тізімі – ред) тізімінен шығаруға өтініш қылып, OFAC-қа хат жолдаған. OFAC мақұлдаған соң барып «Альфа-Банк» клиенттерінің қаражаты мен корреспонденттік шоттары толықтай бұғаттан шешіледі.
«Шетелдік банктердің корреспонденттік шоттарында орналасқан «Сбербанк» АҚ және «Альфа-Банк» АҚ қаражатын бұғаттау және олардың клиенттерінің қаражатын бұғаттауға қатысты қазіргі жағдай Қазақстанның банк секторы бетпе-бет келіп отырған сыртқы геосаяси ахуалмен тікелей байланысты. Егер осыған байланысты клиенттер екі банкке залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыз түсірсе, сот органдарының шешімдеріне сәйкес бұл талаптарды банктер қанағаттандыруға тиіс», деп түсіндірді агенттік басшысы.
Еске салайық, осыған дейін «Альфа-Банк» АҚ-ты қазақстандық «Банк ЦентрКредит» толықтай сатып алып, оны Eco Center Bank деп қайта атағандарын жариялады. Ал «Сбербанк» АҚ қазақстандық Halyk Bank-ке 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін сатты. Екіжақты келісім аясында Қазақстан даму банкі арқылы берілген жеңілдетілген автонесие кредиттері, кепілсіз кредиттер және ипотекалық несие өткен. Сондай-ақ екі қаржы институты арасында шағын және орта бизнес секторындағы 7 500 кәсіпорынға займ беру туралы келісім жасалды. Соған сәйкес «Сбербанк Қазақстанның» 105 млрд теңге көлеміндегі коммерциялық портфелі және «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламасы аясында берілген 4,9 млрд теңге көлеміндегі несиелері Halyk Bank-ке ауысты.
Әзірге «Сбербанк Қазақстанды» қай инвестордың сатып алары белгісіз. Бұған дейін «Бәйтерек» холдингі сатып алуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда кейбір сарапшылар мемлекеттің банк секторына араласуы абырой әкелмейтін қадам дегенді айтады. Жақында Алматыда брифинг өткізген «Еуразиялық банк» басқарма төрағасы Валентин Морозов «Альфа-Банкті» сатып алуды ойластырғанын, бірақ кейін бұл шешімнен бас тартқандарын мәлімдеді.
«Біз «Альфа-Банкті» қарастырдық. Нәтижесінде, ақша мен энергияны одан да біздің банкті органикалық тұрғыдан дамытуға жұмсайық деп шештік. Тіпті оның несие портфеліне қатысты дисконт болса да солай шешім қабылдадық. «ВТБ Қазақстанды» мүлде қарастырған жоқпыз. Ал «Сбербанк Қазақстанды» сатып алуға ақшамыз жетпейді деп ойлаймын. Оны қалайда сатып алады – активтері жақсы, өте жақсы командасы бар», дейді В.Морозов.
Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ресейдің еншілес банктерінде қазақстандықтардың қаражатын бұғаттау туралы дәйексіз ақпараттың таратылып жатқанын хабарлады.
«Агенттік қаржылық реттеуші ретінде клиенттердің қаражатын және еншілес ресейлік банктердің активтерін оқшаулау бойынша ешқандай шаралар қабылдаған жоқ және қабылдауға құқылы емес. Агенттіктің Ресейдің еншілес банктерінен («Сбербанк Қазақстан», «Альфа-Банк Қазақстан» және «ВТБ Қазақстан») алған ақпараты бойынша, шетелдік банктер банктердің шетелдік корреспондент-банктердегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қаражаттарын бұғаттаған. Өз тарапынан агенттік банктермен бірлесіп, Ресейдің еншілес банктері клиенттерінің бұғатталған қаражатын қайтаруға байланысты жағдайды қадағалайтын болады», делінген Сыртқы коммуникациялар басқармасының хабарламасында.