Осы жылдың сәуірінде Қазақстанда 29 жасқа дейінгі кәсіпкерлердің саны 211,9 мыңды құрады. Олар – нақты жұмыс істеп тұрған нарық ойыншылары. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 36,4 пайызға жоғары. Демек ел жастары бизнеске қарай ойыса бастады деген сөз.
Finprom.kz-тің есебінше, бір жыл ішінде жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілері 8,3 пайызға көбейіп, 1,2 млн-ға жетті. Ондағы жас кәсіпкерлердің үлесі 14,5 пайыздан 18,2 пайызға артты.
Жеке кәсіпкерлігі бар жастардың 109,1 мыңы – ерлер, 102,8 мыңы – әйелдер. Ерлердің саны бір жыл ішінде 24,7 пайызға ұлғайса, әйелдер саны бірден бір жарым есе өсті. Осылайша, жұмыс істеп тұрған жас кәсіпкерлердің жалпы санындағы әйелдердің үлесін 43,7 пайыздан 48,5 пайызға дейін арттырды.
Сонымен қатар ауыл мен қала кәсіпкерлерінің арасында да айырмашылық көп. Мәселен, қалалық жерде жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 158,4 мыңды құрады. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 38,3 пайызға жоғары. Ал ауылдың үлесіне сектордағы барлық жеке кәсіпкерліктің төрттен бір бөлігі ғана тиесілі. Десе де, олардың саны 30,9 пайызға немесе 53,4 мыңға дейін өскенін атап өткен дұрыс.
Жас кәсіпкерлер негізінен көтерме және бөлшек саудада, сондай-ақ автожөндеу саласында шоғырланған. Аталған бағыттарда 73,6 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Ондағы әйелдердің үлесі – 49,9 пайыз немесе 36,7 мың жеке кәсіпкерлік. Одан кейінгі орында ауыл, орман және балық шаруашылықтары тұр. Мұнда 15,4 мың жеке кәсіпкерлік бар. Оның үштен бірі әйелдерге тиесілі. Жастар көп шоғырланған салалардың үштігін өңдеу өнеркәсібі құрап отыр. Мұндағы жас кәсіпкерлердің саны 12,4 мыңға жуықтайды. Оның 61,7 пайызы – әйелдер.
Бизнестен бақ іздеген қыз-жігіттердің негізгі бөлігі Алматы (33 мың) және Нұр-Сұлтан (24,7 мың) қалаларында шоғырланған. Ал жас кәсіпкерлердің үлесі аз өңірлердің үштігі келесідей: Солтүстік Қазақстан (2,6 мың), Павлодар (5 мың) және Ақмола (5,5 мың).
Елдегі 17 өңірдің алтауындағы жас кәсіпкерлердің басым бөлігін әйелдер құрап отыр. Айталық, Маңғыстау облысындағы жастар ашқан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 63,2 пайызы әйелдерге тиесілі. Бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында 62,3 пайызға тең. Қарағандының көрсеткіші – 51,9 пайыз. Керісінше, әйелдердің үлесі төмен өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан (39,2 пайыз) мен Түркістан (40,5 пайыз) облыстары бар.