• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 26 Мамыр, 2022

Головкин-Альварес: Трилогия қыркүйекте өтеді

246 рет
көрсетілді

Орта салмақтағы IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен супер орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-2-2, 39 КО) қыркүйек айында үшінші жекпе-жектерін өткізетін болды. Бұл туралы алыптар айқасын тікелей эфирде көрсететін DAZN стриминг платформасы мен боксшылардың өздері әлеуметтік желідегі парақшаларында ресми түрде мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жекпе-жек­тің нақты қай елде және қай қалада өтетіні белгісіз, деген­мен бірінші және екінші жекпе-жектер АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында ұйымдастырылған болатын. Бокс мамандарының болжамынша, үшінші айқас та дәл осы Невада штатында өткізілуі мүмкін. Әзірге барша әлем жанкүйері көз тіккен бокс кеші АҚШ пен Канадада DAZN PPV жүйесі арқылы ақылы түрде көрсетілетіні бел­­гілі болды. Сонымен қатар әлем­нің басқа мемлекеттері DAZN платформасы арқылы тамашалай алады.

«Мен жылдың екінші жартысында да жанкүйерлеріме өзімнің ең үздік жекпе-же­гімді көрсететініме өте қуаныш­тымын. Бұл айқаста алдыңғы екі жекпе-жектегідей ешқандай ерекшелік болмайды», деді Канело әлеуметтік желідегі парақшасында. Ал отандасымыз жанкүйерлерін 17 қыркүйектегі айқасқа шақырды. «Мен бар­шаңызды 17 қыркүйектегі жекпе-жекте күтемін», деді Го­лов­кин.

Еске сала кетейік, 2017 жыл­­­дың қыркүйегінде өткен ал­ғашқы бәсекеде Альварес пен Головкиннің күштері тең түссе, 2018 жылдың ма­мы­­­рын­дағы қарымта жекпе-жекте мексикалық бокс­шы төре­ші­лердің шешімімен же­ңіске жеткен болатын.

2022 жылдың жартыжыл­дығында екі боксшы да бір-бір жекпе-жек өткізді: Отан­дасымыз Геннадий Голов­кин сәуір айында Жапонияда Рио­та Муратаны жеңсе, «Ка­нело» мамыр айында Дмитрий Биволдан ұпай саны бойынша жеңіліп қалған-ды. Дегенмен мексикалық боксшы супер орта санаттағы абсолютті чемпион атағын сақтап қалды (76,2 кг-ға дейін), себебі бұл жекпе-жекте ол бір салмақ жоғары кө­терілген болатын.

Айта кетейік, Альварес пен Головкиннің үшінші жекпе-жегі супер орта салмақта, яғни 76,2 килоға дейінгі салмақ дәре­же­сінде өтеді. Бұған дейін­гі екі кездесуде боксшылар орта сал­мақта (72,6 кг) жұ­дырық­тасқан болатын.