• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2022

Диқандардың техникасы сақадай сай

346 рет
көрсетілді

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Биыл облыс диқандары 4,3 млн гектар алқапқа дән отырғызбақ. Өңір дақылдарды әртараптандыруға жіті көңіл бөліп жатыр. Майлы дақылдар бойынша қазір облыс диқандары республика бойынша бірінші орынға шығып, биыл оның көлемін 1 млн гектарға жеткізіп отыр.

Диқандар биылғы көктемнің ылғалы аз болуына ғана алаң­даулы. Оның үстіне талмай соға­тын қара жел алқаптың ыл­­ғалын жылдам ұшырып жі­бе­реді. Жауын-шашын облыс орталығында күнде болып тұрғанымен кейбір тамшы там­баған аудандар да бар. Мы­салы, Тимирязев, Ақжар, Уәли­ханов аудандарында жаңбыр мүлде жоқ. Петропавл қаласының тө­ңірегіндегі Қызылжар, Мам­лют, Аққайың, Есіл аудандарын­да ылғал баршылық. Ал қал­ған аудан­дарда сирек. Ылғал аз болғандықтан дәннің көктеуі төмен болып, былтырғыдай қуаң­шылық болып қалмас па екен деген қауіп те жоқ емес.

Ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы Мейрам Мең­дібаевтың айтуына қарағанда, бүгінге дейін барлық егілуге тиісті дәннің 50 пайыздан астамы жерге сіңірілді. Диқандар минералды тыңайтқыштар қолдану жөнінен де республикада алдыңғы орында. Жаңа техникамен жарақтану жағы да жеткілікті деңгейде. Тек аспан­нан нұр жауса болды, адам қо­лынан келгенін жасайтыны анық.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мем­лекет басшысының тапсырмасымен осы күндері аудандарды аралап, тұр­ғындармен кездесуін жалғастыруда. Ол соңғы күндері жауын-шашын мүлде болмай тұр­ған Уәлиханов ауданының тұр­­ғындарымен кездесті. Бұл аудан – облыс орталығынан 340 ша­­қырым жерде орналасқан ең шалғайдағы мекен. Жер көлемі – 13 мың шаршы шақырым, Ақ­мола, Павлодар облыстарымен және Ресей Федера­циясының Омбы облысымен шек­теседі. Хал­қының саны 16 мыңнан асады, тұрғындардың 90 пайыздан астамы – қазақтар.

Аудан халқының проблемасы өте көп. Бірінші кезекте жол, ауыз су, медицинамен қамтылуы өте төмен. Облыс әкімімен кездесулерде нақ осы мәселелер айтылды. Кішкенекөлден Дауыт стансасына дейінгі көп жылдан бері сын тезінен түспей келе жатқан жол биыл қолға алынатын болды. 57 шақырым болатын бұл жолға 50 млн теңге қарастырылған. Соңғы бес жылда бұл ауданның жолдарына жалпы көлемі 1 млрд теңге бөлінген. Оның біраз бөлігі аудан орталығының ішкі жолдарын жөндеуге жұмсалған. Биыл осы жолдардың жөндеу жұмыстарын аяқтауға тағы да 169 млн теңге бағытталған. Жоспарда Өндіріс, Жұмысшы, Мырзағұл, Көктерек, Жайқайрат, Қайрат ауылдарының жолдарын жөндеу тұр.

Ауыз су мәселесі де ептеп ше­шіліп келеді. Былтыр Кіш­кене­­көл, Қаратал, Қулыкөл ауыл­да­рына жеткізілді. Биыл Ақ­түйе­сай, Бидайық, Телжан, Жас­ұлан, Ақбұлақ, Көбенсайға су жет­кізіледі деп жоспарланған.

Облыс әкіміне тұрғындар аудандық медицина саласының сапасы төмен екенін де жеткізді. Кішкенекөл ауы­лының тұрғыны Мұхаммедқанапия Мұсайбеков былтыр Қайрат ауылының жас келіншегі толғатып, басқа мүмкін­дік болмағандықтан өз аяғымен Петро­павлдағы перзентханаға әзер жеткенін айтты. Ондағылар бала туғаннан кейін екінші күні келіншекті қыс ішіне қарамай шақалағын қолына ұстатып, шы­ғарып жіберген. Сонда бұл аурухана халыққа болмаса, басқа кімге қызмет ететінін білмейсің...

Кішкенекөлге қолындағы сә­биі­мен жеткен келін­шекті учаскелік полицей үйіне «Нива» көлігімен жет­кізген. Осы оқиғаны айта келіп ақса­қал аудан орталығында әйелдер босанатын үйдің жоқтығына әкім назарын аударды. «Ең бірінші ана мен балаға жағдай жасалуы керек, бізде осы мәселе қашан ше­шіледі?» деді ол. Оған аудан әкімі Қайрат Пішенбаев жауап беріп, ауданда әйелдер босанатын орын болғанымен маман жоқ екенін айтты. «Биыл меди­циналық ЖОО-лармен келі­сіп, мамандар жіберу туралы ке­ліссөздер жүргізіп жатырмыз», деді ол. Со­нымен қатар биыл аудан­ға төрт жедел жәрдем кө­лігі берілетінін және облысты дамы­тудың кешенді жос­пары шең­берінде жаңа аурухана салынатынын айтты.

Өз кезегінде Құмар Ақсақалов кел­тін мамандар тұрақтауы үшін бар­лық мүм­кіндік қарастырылуы керегін ес­кертті.

Осы ауданның Ақбұлақ ауы­лында «Орда Солтүстік» атты ЖШС жұмыс істеуде. Осы­дан екі жылдай бұрын 5 мың қара мал әкелеміз деген олар әзірге өз­де­рінің уәдесін толық орын­даған жоқ. Өте үлкен көлемде субсидия алып, әлі күнге оның негізгі бөлігін игере алмай жатқаны жө­­нінде тұрғындар осында келген Мәжіліс депутатарына да айт­қан. Кәсіпорынның директоры Ай­дын Ақылбай облыс әкімімен болған кездесуде: «Қораларды қараша айына дейін салып біті­реміз, әзірге қатты желден ме­талл конструкцияларға тент тарта алмай отырмыз. Содан кейін қал­ған малды жет­кізбекпіз», деді. Айтуына қарағанда, әзірге 1,5 мың бас етті ірі қара жеткізіпті.

Шынында, облыста биылғы көк­тем­дегі қара желдің екпіні қат­ты. Екі күннің бірінде «желдің ұйыт­қу қатері бар» деген хабарлама келеді. Бірақ соған қарамай көк­темгі егіс науқаны жалғасып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы