«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы ұйымдастырған медиамектептің алғашқы кезеңі аяқталып, тұңғыш түлектерге сертификат табысталды. Салтанатты рәсімге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай қатысты.
Отандық ақпарат кеңістігінде телерадиоарналар жанынан құрылған тұңғыш республикалық медиамектеп 2021 жылғы қараша айында жұмысын бастады. Жеті ай мерзім аралығында медиамектепте қазақстандық жоғары оқу орындарының журналистика, кино және телевизия, режиссура факультетінің 30 студенті ақысыз негізде практикалық курстардан өтті.
Іс-шарада «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның құрылымдарына қызметке және кадрлық резервіне қабылданған медиамектеп түлектерінің есімдері аталады. Медиа мектептің 7 үздік түлегі еңбек жолын корпорацияға қарасты Qazaqstan Ұлттық телеарнасы және Abai TV телеарнасынан бастайды.
«Отандық басқа да мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары салаға қосылатын жас мамандарды практикалық тұрғыдан шыңдап, тәжірибеден өткізу және кадрлық резервке енгізу тәжірибесін қолға ала бастауға тиіс. Бұл – күнде өзгеріске ұшырап жатқан медиа саласы үшін маңызды. Осы ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тағы бір жобасы – Balapan арнасының жанынан құрылған ерекше балаларға арналған анимация мектебі де үздік мысал», деді министр А.Омаров.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері Гүлзада Абылқайырова, Сандуғаш Маралбай, Әлия Түгелбай, Мадина Қамзина, Ажар Әлімхан, Айна Алпысбай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Айбота Ерболат жұмысқа қабылданса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері Аймереке Айтбай мен Аңсаған Ермек, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Қуаныш Өмірбек, Астана IT университетінің студенті Бекзат Бердібек кадрлық резервке енгізілді.
«Мақсатымыз – тәжірибемен, біліммен бөлісу, қара шаңырақтағы кадрлар сабақтастығын жалғастыру. Осы ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизия мамандарына арналған медиамектебінің жұмысы тұрақты түрде жалғасатынын хабарлаймыз. Ірі медиақұрылым ретінде еңбекке енді араласатын жас мамандарға қолдау көрсетуге дайынбыз», деді басқарма төрағасы Л.Танысбай.