• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Мамыр, 2022

«Джиро д’Италия» мәресіне таяп қалды

168 рет
көрсетілді

Италия тас жолдарында өтіп жатқан ве­лоспорттан «Джиро д’Италия» ве­ло­көпкүндігінің 17-кезеңі аяқталды. 168 шақырымға созылған таулы ке­зеңде Сантьяго Буйтраго топ жарды.

Bahrain Victorious клубының колум­биялық велошабандозы аталған қашықтықты 4 сағат 27 минут 41 секундта бағындырды. Бұл – оның биылғы «Джиродағы» алғашқы жеңісі. Екінші орынды Буйтрагодан 35 секундқа қалып қойған нидерландтық Гийс Лемрейзе (Jumbo-Visma) иеленсе, үштікті чехиялық Ян Хирт (Intermarché-Wanty-Gobert Matériaux) түйіндеді. Ол мәре сызығын көшбасшыдан 2 минут 28 секундтан кейін қиды. Бұл кезеңде «Астана» өкілі Винценчо Нибали 17-орынға (5 минут 1 секунд) қол жеткізді.

Жалпы есепте әдеттегідей эквадорлық Ричард Карапас (INEOS Grenadiers) көш бас­тап тұр. Екінші және үшінші орынға аус­тра­лиялық Джей Хиндли (BORA-hansgrohe) мен «Астананың» экс-велоша­бандозы испаниялық Микель Ланда (Bahrain Victorious) жайғасқан. Винченцо Нибали бе­сінші сатыда.