• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Мамыр, 2022

Жазба ескерткіштерді жаңаша зерделеген

805 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері, айтулы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің 85 жыл­дық мерейтойына арналған «Түркі жазба ескерткіштері: тілі, тарихы және мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және еліміздегі дипломатиялық корпус пен зия­лы қауым өкілдері қатысты.

Жиын тізгінін ұстаған белгілі қа­ламгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов тұлғаларды тану, оның қадір-қасиетін білу, асылдарды ардақтау деген тақырыпта сөз бастап, бір оқиғаны мысалға келтірді.

«1970 жылы желтоқсан айында Бау­кең­нің – Бауыржан Момышұлының 60 жылдығы өтті. Біз онда 1 курс сту­дентіміз. Барып көрдік. Халқымыз ардақтаған асылымыздың сол мерейто­йына Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінен ешқандай өкіл қатысқан жоқ. Батырды Қазақстан Жазушылар одағы және т.б. шығармашылық одақ өкілдері ғана құттықтады. Сосын Жуалы аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінен құттықтау келіпті. Қалғанының барлығы – Баукеңнің си­рағынан да келмейді. Сонда біз бірінші курс студенті болсақ та, сол кештен көңіліміз қоңылтақсып, аңызға айналған есіл ердің тойы «жетім қыздың то­йындай» өткенін көріп, аң-таң қалып, қайттық. Одан бері заман өзгерді. Азат­тығымызды алдық. Егемендік сыйла­ған ризықтарының бірі – өз асылы­мызды ардақтай білу. Қазір біз тұлға­ларымызды өз биігіне көтеретін елге айналып келеміз. Осыдан бес жыл бұрын Мырзакеңнің 80 жылдығы дүркіреп өтті. Енді, міне, халқымыздың сыйлы ақсақалдарының бірі Мырзатай ағамыз өзі мен сөзі бабында, жұртының алдында 85 жасқа толып отыр» деп, осы іс-шараны өткізудің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Одан кейін Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мерейтой иесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: «Халқымыз өзіңізді мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қарымды қаламгер ретінде жақсы біле­ді және құрметтейді. Ұстаздықтан басталған еңбек жолыңызда министр, Премьер-Министрдің орынбасары, Елші, университет ректоры, Президенттік орталықтың басшысы сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, еліміздің мәртебесі мен беделінің арта түсуіне атсалыстыңыз. Әдеби қазы­намыздың қайнар бұлағы болған ақын-жыраулардың шығармашылығын жаңа қырынан көрсетіп, қазақ үшін айтыс өнерінің айрықша рөл атқаратынын дәлелдеп бердіңіз. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін терең зерделедіңіз. Сіздің қаламыңыздан шыққан «Ежелгі әдебиет нұсқалары», «Күлтегін», «Асыл сөздің атасы», «Кісілік кітабы», «Таң­ғаламын өмірдің ғажабына» жә­не басқа да кітаптарыңыз – ұлттық құн­­дылықтарымызды дәріптеу мен жаң­­ғыртудың жарқын үлгісі. Алдағы уа­қытта да қоғамдық-саяси істерге бел­сенді атсалысып, ел-жұрттың шынайы құрметіне бөленіп, мерейіңіздің үстем бола беруіне тілектестік білдіре­мін» деп жазылған.

Сондай-ақ Ералы Лұқпанұлы тәуел­­сіздік алған жылдары Мырзатай Жол­дасбековтің әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымыздың тарихи отанына оралуына үлкен еңбек сіңіріп, соның нәтижесінде елге бір миллионнан аса бауырларымыз келгендігін атап өтті.

Мырзатай Жолдасбеков еліміздің білім саласының дамуына да зор үле­сін қосты. Талдықорған педагогика институтының ректоры, Қазақстанның оқу министрі секілді жауапты қызмет­терді атқарды. Осы еңбегін тілге тиек еткен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрлік атынан жылы лебізін жеткізді.

«Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын атап өтеміз. Ұлы Әуезовтің шәкірті болу бақытына ие болған, сіз де бақытты тұлғасыз. Тари­хымызды, руханиятымызды дамытуға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы бастамашыларының бірісіз. Сонымен бірге астанамыздың рухани ортасын қалыптастырып, бас қалаға ақын-жазушыларды, зиялы қауым өкілдерін тартып, ұйытқы болдыңыз. Бүгінгі кешіңіз өтіп отырған университеттің алғашқы ректорларының бірі ретінде оның биік деңгейге жетуіне де үлкен септігіңіз тиді», деді Асхат Қанатұлы.

Сонымен қатар ардақты азаматты 85 жасқа толуымен Иран Ислам респуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтады. Түркия республикасындағы Түрік тілі қоғамының төрағасы, профессоры Гүрер Гүлсевин онлайн арқылы ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ кеш модераторы Сауытбек Абдрахманов мерейтой иесіне Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын табыс етті. Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов те құттықтау хатын жолдапты. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы арнау өлең оқыды.

Құттықтаудан кейін конференцияны баяндамашылар жалғады. Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов «Қайраткерлік пен ғалымдық жол тоғысында» атты баяндамасында Мыр­затай Жолдасбековтің сан қырлы қырын ашып сөйледі.

«Мырзатай ағамыздың бізден ар­тықшылығы – ұлылардың алдын көріп, олардан дәріс алды. «Асыл­дарым» атты эссесінде: «Біз кешегі ұлы ағаларымыздың алдын көрген ба­қытты ұрпақпыз» деп, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Зейнолла Қаб­долов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұха­меджан Қаратаев, Темірғали Нұрта­зин секілді ұстаздары туралы шежіре толғады. Мырзакең қандай лауазымды қызмет атқарса да, сол қызметтің беделін көтерді. Тәуелсіздік аларда ана тіліміздің мәртебесін көтерген екі тұлғаның бірі – Өзбекәлі Жәнібеков болса, екіншісі – Мырзатай Жолдасбеков болды. Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің идеология бөлімін басқарғанда Алаш арыстарын ақтау мен оларды тарих сахнасына шығаруға үлес қосты. Егемендік алғасын бірінші қазақ құрылтайын өткізудің басы-қасында жүрді» дей келіп, ғалымның ғылыми еңбектеріндегі іргелі ізденістерін саралады.

Қаламгер Сауытбек Абдрахманов «Мырзакең мектебі» деген баяндамасында М.Жолдасбековтің ғылыми кандидаттық диссертациясын қорғаған­да «Вопросы литературы» атты беделді журналда «Қазақ әдебиетінің тарихы 12 ғасырға әрі шегерілді» деп жазыл­ғандығын жеткізіп, оның қайрат­керлік қызметі Қазақстан Орталық коми­тетінде ерекше көрініп, партиялық қалыптасқан стандарттарға бағынбай жұмыс істеп, ел игілігі жолында көптеген шаруаларды атқарғандығына тоқталды. Түркітанушы ғалым, про­фес­сор Шәкір Ыбыраев «Руникалық жаз­ба ескерткіштері – әдеби мұра» атты баяндамасында ғалымның Түрк қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып, жаңаша зерделегендігін сөз етті. Айтыскер ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазин ғалымның Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры кезінде жас айтыскер ақындарды ғылым жолына әкеліп, қолдау көрсеткендігін айтты. Сондай-ақ Түркиядағы Хаджы Байрам университетінің профессоры Неджие Йылдыз онлайн баяндама жасады. Екі секцияға бөлінген конференция соңында қарар қабылданды.

Мазмұнды жиын соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласты. Опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай «Дудар-айды» шырқаса, жыршы Елмұра Жаңаберген Нұртуғанның термесін төгілтіп, күйші Жанғали Жүзбай мерейтой иесінің «Толғау» күйін тартты. Сонымен бірге талантты дәстүрлі әншілер Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Гүлзира Бөкейхан, Жазгүл Даңылбаева Мырзатай Жолдасбековтің елге танымал туындыларын орындап, жиналған қауымның көңілін серпілтті.