• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2022

«Ленині бар» Қызбелдің мектебі

657 рет
көрсетілді

Ғасырмен құрдас мектебімнің тойына ойша жиналғалы, жүрек тулап, ойлар орамданып, көңіл көк теңізше дөңбекшиді. «Барам, барам!» деген іңкәрлік сезім індетіп, сол құмардан шығарар аласұрған ынтықтық өн бойымды балбыратып, тағатсыздандырады. Сонадайдан Қызбелдің сағымданған алапес шыңдары көзіме шалынғанда қайтер едім? Қыземшектің көтеріңкі сыңар төсі көз қиығыма іліккенде, «әттеген-ай»- дан бетті басқандай болып түңілермін.

Несін жасырамын, баяғыда кеңшар құрылысы басталғанда, осы Қыземшек төсінің бірінің тастарын тасып әкеліп, іргетасқа қалағанын көзі­міз көрді. Содан ғой сұлулық сим­­во­лының сыңары сыпырылып қалғаны... Бәрібір-бәрібір, сол Қыз­емшек менің есіме қаз қалпы күйінде елестейтіні несі екен?.. Әне, сағым қоюлана түсті... Кіндік қаным тамған қасиетті жердің па­но­рамалық ғажап көріністері сиқыр­ша арбап, арқаландырып жіберді.

Есіме не түсуші еді мұндайда? Әрине, алтын ұя мектебіңнің алғаш шаңырақ көтеріп, білім нәрін әр балауса жүрегіне сыздықтата та­мыз­ғандай жанкешті күйі жа­ныңды маздатады. Тіпті жас журналист кезімдегі тыпыршып ізденуімнің нәтижесінде, мек­тептің жарты ғасырлық тарихын өзім істейтін облыстық газетке «Алтын ұя» деген тақырыппен шығарғаным ой белесінен қиялай көтеріле қалғаны. Әлі жадымда, ол мақаланың астында «Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Ақсуат орта мектебінің құрылғанына биыл жарты ғасыр толады» деген тақырыпшасы болатын. СССР-дің құрылуымен құрдас деп мақтанатынбыз. За­ман сөзі болғасын несіне қысы­ласың. Тарих міндеттегесін, айт­па­сымызға болмайтын еді. Сол кеңестік кезеңнің қарасын ба­ты­­ратынын ойлау үш ұйықтасақ түсімізге кіретін бе еді? Жо-жоқ! Сол мақаламнан бір үзінді сұра­нып тұрғанын қарашы: «...Са­рықопаны сағалап, түтін түте­тіп отырған санаулы ауыл дүр­лігіп-ақ қалды.Тосын хабар ел ішін аралап кетті. «Мектеп ашылатын болыпты, балаларды орысша-қазақша оқытады екен» деген сөз әркімнің аузынан түспеді. Осы бір хабар кейбіреулерге майдай жақса, екінші біреулерге түрпідей тиді. Садуақас Жақанин осы жайларды жиі ойлап, соңғы кездері әлдебір қым-қуыт ой сонарына түсетін болды... Оның тағдырына мектеп ашу міндеті жүктелген болатын...». Тарих осы. Сол мектеп қазір Міржақып Дулатұлы есімін иеленеді. Осыдан елу жыл бұрын бұған кім сенер еді? Алаш арысын кім тайраңдатар еді? Уақыт тезі бәрін өз орнына қояды екен. Шынның жүзі қылпуынан танбайды екен!

Мынаң қара, Қызбелге де кіріп қалдық. Әрине, ой жүйріктің арқасында. Елес қуып, әрине. Ешкім мұны жазғырмас. Арман-мақсаттың алқынысын кім тежеген. Қажет болса қиялмен секөнтіне Жер шарын миллион орап алмаймыз ба? Ал мектебіміздің тойына келмек болып айылымызды жия алмай жүргеніміздегі ой ұшқырлығын кім тежей алмақ. Ешкімнің қолынан келмес!

Қоңыраулының аспалы көпірінен өтіп, Қызбел шыңдарына сүйсіне көз тастап, ауылға сұғына кіре бергенімізде баяғы сурет жанарымызды тағы қарып жіберсін. Қолын шығысқа шабыттана созып «күн көсем» Ленин сол тегеурінді қалпында, тас тұғырда басы жалтырап, талтайып тұр! Сол баяғы жасыл желекті саябаққа орналасқан жерінде. Өкініштісі, маңайында бұрын жайқалып тұратын тал-терек емге көрінбейді. Состиып өзі тайраңдайды. Табаны тиген жер кейін ақ тақырға айналатын сүйкімсіздер туралы талай ертегі естігеніміз бар еді. Құдды, сол ма дерсің. Тіпті қапталына шөп өсуден қалғанын айтсақ, біреу сенер, біреу сенбес. Демек, табынған теңдессіз тұлғаның идеясы да қурап бітіп, тақырланған-ау , шамасы. Тап солай!

Ал қызықтың көкесін қа­раңыз! Мектеп алдында Мір­жақып Дулатұлының кеуде мүсіні «кел, кел» деп шақырады. Түр-тұрпатына қарап, амалсыздан мүсіркейсің. Бәкене ғана, әлдебір әуесқой өнерпаздың қолтаңбасы аңғарылады. Ленин сияқты аса зор талғаммен тұлғаланбайды. Қарапайым, тіпті көзге қораш-ақ! Міржақып кім? Ленин кім? Тарих екеуін де өз орындарына әлдеқашан қоймап па еді? Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізінде Алаш арыстарының жан беріп, жан алысуларының жанқиярлығы жатыр емес пе? Лениннің қорлығы өңменімізден өтпеп пе еді! Ендеше Ленин қарасын неге өшірмейді? Ауыл, аудан, облыс әкім-қаралары қайда қарап отыр?

Бұл ауылда кезінде Ленин зобалаңдарынан – қызыл боль­шевиктердің қолынан да, жолынан да зорлық, қиянат, саяси қуғын-сүргін көрген, жандарын қиған Алаш арыстарының күрескер буыны өсіп жетіліп, өз мұраттарына адалдықпен кейінгі ұрпақ жадында жатталып қалған тұлғалар жеткілікті. Міржақып Дулатұлынан бастап, оның туған ағасы Асқар Дулатұлы, «минюстің» бас заңгері Сейдәзім Қадырбаев, ҚазМУ ректоры Асқар Закарин, мұғалім-аудармашы Әлмағамбет Қасымов, облыс басқарған Мұқа­тай Жұрмұхамедов, т.б. күллі ел мақтанышына айналған.

Ал Ақсуат мектебінің та­бал­­дырығын аттап, сапалы бі­лім арқасында әлемдік ғалым атан­ған Фазылхан Бәйімбетовті, ағайынды академиктер Сайлау, Сәбит Байзақовтарды, министр дәрежесіне көтерілген Нари­ман Қыпшақбаевты, белгілі ақын, жазушыларды әрдайым үлгі-өнеге тұтамыз.

«Күн көсемнің» кесірі тимеген бұл өңірде не қалыпты? Ештеңе! Маңайын жыландай улап, қазақ ұлтының келешегіне балта шапқаны уақыт өткен са­йын айқын біліне бастады. Отарлық бұғауындағы жылдардың есесі оңайлықпен қайтарылмай жүргені де баршаға аян. Осы мектепке қатысты жантүршігерлік бір ға­на мысал айтайық. Мектеп ұйым­дастырушылардың бірі, атақты мұғалім Дархан Кеншімбаевты халық жауы атандырып, түрмеге жабу үшін оның өз киіз үйінде малдас құрып отырған текеметінің астына Сталиннің суретін әдейі тығып қойып, тінту барысында тауып алған болып аярлық жаса­ғаны қалай ұмытылады?! Қандай қиындықтарға қарамастан бала оқытуларын жалғастыра берген Қызбел мұғалімдерінің символ­дық бейнесіне ескерткіш соғып, әлгі Лениннің орнына қойса, ғанибет болар еді-ау!

Мына сорақы мысал есіме ен­телеп отырғаны. Осы ауыл ұр­пақ­тарының бірі, білікті су ин­женері өзінің атасы туралы жазған өмірбаяндық кітабында төл руының жер картасын жасап жариялап, масқара қылғаны бар. Күлкіге қалды. Бір ауылдың жерін негізсіз бөлшектеп, алауыздық туғызатын мұндай кісәпір қадамға не итермеледі деп дағдардық. Ол айылын жимастан: «Не әділ­дік іздейсіңдер, Лениннің мына ескерткіші әлі тұрғанда», деп қалмасын ба. Амалсыздан бетті бас­тық. Бұл Лениннен дереу құ­тылмаса болмайды, сірә... Мектеп шәкірттерінің алдында ұяттан қызармас үшін, батыл қадамға бару керек! Мектеп тойына дейін табанын жалтыратсын!

Қызбел кезінде С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының оқиғасы өткен ауыл ретінде де атағы айға біленген еді. Осы ауылдың келіні Роза Жаманова иіліп сәлем жасап кеп, ән салған-ды. Ата-бабасы осы жерден өнген Абай Байтоғаевтың ғажап тембрі таңғалдыратын. Несін айтасыз, Ленинсіз де бұл ауылдың атағы жер жарады!

...Мектебімнің ғасырлық тойына осылайша ойша сапарлап, барып-келіп отырған жайым бар. Кешікпей, Ленинсіз ауылда, Міржақып алаңсыз салтанат құрған өңірде ыстық қауышуға жазсын!

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы