Қалың шеңгел бетімізді осқылап, алға басқан қадамымыз өнбей келеді. Соқпақ ну жынысқа келіп тірелгенде жолбасшымыз, жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы «Жігіттер, әрі қарай жол жоқ, кері қайттық» деп дауыстады. Тарау жолдың біріне түсіп, діттеген жерімізге жақындап қалғанда жайылған су жолымызды кесті. Тәуекел деп тарта бермек едік, батпаққа тобықтан батып, кері бұрылдық. Бұл – кезінде қалың елге билік айтып, Сырдың белгілі азаматтарының бірі болған қайраткер Мұңайтпас Лапиннің басына зиярат етуге барғанда көргеніміз еді.
«Қызыл террордың» алғашқы құрбаны
Бұл сапардың ұйымдастырушысы – облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы. Облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау мен Ақмешіт филиалының ғылыми қызметкері Гүлзира Әубәкір, осы өлкенің өткені мен тарихи тұлғаларын түгендеп жүрген жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақтың бастауымен елін өнер-білімге сүйреп, құм арасынан еуропалық үлгідегі мектеп ашқан Лапы баласы Мұңайтпастың есімін жаңғырту мақсатында жолға шыққанбыз. «Қызыл террордың» алғашқы құрбаны болған Мұңайтпас Лапин 1918 жылы Қызылорда ревкомының төрағасы Гержодтың қолынан қаза табады. Қанішерлігіне қарай қазақтар Кәріжұт деп атаған әпербақан төраға қайраткердің Сейдалы, Әлиасқар, Әлиәкпар атты ұлдарын да оққа байлайды. Тарихшылар Лапиндер әулетінің қазақ қоғамына ықпалы туралы әлі де толыққанды зерттеп, қайраткердің шын бағасын беруіміз керек деген пікірді айтады.
Лапының әулиеге ат атап, Қорасанға қой атап жүріп тілеп алған жалғыз ұлы Мұңайтпас өжет әрі өз заманының алғыр ойлы азаматы болып өседі. Ұзақ жыл осы өңірде болыс болған оның 19 баласы болған деседі. Революцияға дейін қазақ даласындағы санаулы ғана болған еуропалық мектептің бірін ашқан осы Мұңайтпас Лапин. Балаларының материалдық байлықты місе тұтып, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз ауқаттылар қатарында қалып қоймауын қадағалаған болыс оларды Алмания, Ресейде оқытты. Уақытында ештеңеден кемдік көрмеген, төрт құбыласы тең болған қайраткердің ұл-қыздары да алғыр болып жетіледі.
Лапиндер мен Қожықовтар
Балаларының үлкені Сейдалысы қасында қалып, әке шаруашылығына ие болса, 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ауылында дүниеге келген Серәлісі әуелі ауыл молдасынан білім алып, кейін Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, 1891 жылы Санк-Петербург университетінің заң факультетін бітіреді. Түркістан өлкесінде түрлі әкімшілік орындарда қызмет ете жүріп, сәулет өнері мен оның сырын зерттеумен жүйелі түрде айналысуға ден қояды. Араб, парсы тілдеріне жетік ол – Гөр Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі мен басқа да архитектуралық ескерткіштердегі араб жазуларын оқып, орысшаға аударған тұңғыш ғалым. Осы арқылы талай ғасырдың жүзін көрген ғимараттардың тұрғызылған уақытын анықтады. Регистан ансамбліндегі Шер-Дор, Тілла-Қари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын алғаш тапқан да осы Серәлі Лапин еді. Самарқанда қайтыс болған Серәлі бай-бағландар мен қайраткерлер ғана жерленетін Шаһи-Зинда қорымында жатыр. Қызылорда қаласында Серәлі атын иеленген көше мен орта мектеп бар.
«Хан мектебі» деп аталатын Мұңайтпас ашқан еуропалық үлгіде білім беретін оқу орнының алғашқы мұғалімдерінің қатарында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ұлт зиялысының бірі, Алаш қозғалысының мүшесі, көрнекті ұлт қайраткері Қоңырқожа Қожықов болды. Оның мұғалімдер мен шәкірттер үшін араб-парсы әліпбиі негізіндегі «Әліппесі» Түркістан генерал-губернаторлығы оқу бөлімінің рұқсатымен жарыққа шығып, оқу құралы өлкедегі ағарту ісін ілгерілетуге септігін тигізген. Мұңайтпастың үлкен қызы Ләтипа осы Қоңырқұлжамен отбасы құрады. Екеуінің төрт ұлы қазақтың өнері мен мәдениет өрістеткен азаматтар болып ержетті.
Түркістан Орталық атқару комитетінің құрамына кірген Қоңырқожа Қожықов Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешовтермен қатар аштыққа ұшырағандарды құтқару, қоныстандырумен айналысады. Осы қабағат тірліктен қолы қалт еткенде уақыт тауып, «Қазақстан тарихының» І-ІІІ бөлімін жазып бітіреді. Отыз сегіздің оқпанына жұтылған ол 58 жасында айдауда жүріп көз жұмады.
Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова сахнаның әрлеуші-декораторы, ұлттық киім үлгілерін тігуші маман ретінде белгілі болды. Ләтипаның Үкімет тапсырмасымен Рузвельтке сый ретінде арнап тіккен ұлттық киімдері АҚШ-тың 32-президенті музейіндегі құнды экспонаттың біріне айналыпты.
Үлкен ұлы Қожахмет Қожықовтың есімі ұлттық графика өнерінің тұма бастауында тұр. Одан кейінгі Құлахмет қазақтың тұңғыш театр суретшісі, график, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Соғыстан алған жарақаты жанына батса да өнерін тастамаған Нұрахмет ғажайып мүсіндер сомдап, артына мол мұра қалдырды. Ал 1923 жылы дүниеге келген Сұлтанахмет Қожықов – Мәскеудегі ВГИК түлегі. Басқа еңбегін былай қойғанда ұлттық кинотуындылар қатарына «Қыз Жібектей» шын мәніндегі көркем фильмді қосқан режиссер.
Мұңайтпастың тағы бір қызы Күләндәм белгілі қайраткер Сұлтанбек Қожановтың жары, лагерь азабын арқалаған аяулы жан. Бір перзенті Жағыппар Мұңайтпасұлы Қызылордадан ашылған театр өнерінің еңсе тіктеуіне өлшеусіз үлес қосқан меценат.
Гержодтың қолынан ажал құшқан Сейдалы Мұңайтпасұлының бір ұлы Ғанидың әйелі сахна саңлағы, әйгілі актриса Сәбира Майқанова. Серәлі Лапиннің Смольныйдағы қыздар институтында оқыған Рабиғасы 1913 жылы белгілі қоғам қайраткері Санжар Аспандияровпен тұрмыс құрады.
Қазақтың мәдениеті мен өнері осы екі әулеттің алдында қарыздар десек, ақиқаттың ауылынан аса алыс қона қоймаспыз. Ал біз осы ардақтылар алдындағы парыз-міндетіміздің бір ширегін орындасақ, қазіргідей қайраткер басына жете алмай жігеріміз құм болар ма еді...
– Ағайындары қолдан келген қарекетін жасап-ақ жатыр. Қоғалыкөл ауылында Мұңайтпас атамыздың ықпалымен салынған Бәлдік мешітін қайта жаңғыртуды да ойластырып отыр, – дейді Жұмабай Байзақ. – Жергілікті биліктегі азаматтар соның құжаттарын реттеуге қолқабыс тигізсе деген тілегіміз бар. Мүмкін оны музейге айналдырып, осы маңайда кезінде сән-салтанаты жарасқан мекен болған Баршынкент, Қорғанша, Мыңшоқы секілді шаһарлардан табылған жәдігерлерді топтастырсақ құба-құп болар еді.
Енді кешігуге болмайды
Қол созым жердегі зиратқа жете алмай ошарылып бір топ адам тұрмыз. Бізге жолбасшылық жасап жүрген өлкетанушы Жұмабай Байзақ шыдамады білем, осы маңда қой бағып жүрген қойшының атын сұрап мініп, қалың шеңгелдің арасына сүңгіп кетті.
Қайраткердің басына белгі өткен ғасырдың 60-жылдары қойылыпты. Бұл жерде Мұңайтпаспен қатар інісі Сейітқан, балалары Әлиәкпар, Жағыппар жатыр екен. Мың құбылған саясаттан үріккен ел әуелгіде келіні Хадиша қойған көктасқа жақындауға қорыққан секілді. Тек ел ақсақалдары ғана осы маңда белгілі адамның қабірі барын кейінгілерге ескертіп айтып жүрген екен. Туысы Ишанбек Оңғарбаев осыдан 4 жыл бұрын облыста «Қожықовтар қолтаңбасы» атты іс-шара өткенде оған келгендердің біразы осы қабір басына жиналғанын айтады. Трактормен тегістелген жолдың ол кездегі қалпы «әлһам шүкір» дейтіндей болған екен. Содан кейін баба басына ешкім ат ізін салмаған секілді.
– Осыдан 2 жыл бұрын ағайындар қаржы жиып, басына белгі қоюға талап қылып едік. Пандемияның кесірінен тыпыр ете алмай қалдық қой. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Мына жерді заңдастыру да аз жұмыс болмайтын сияқты. Соған қолында билігі бар азаматтар көмек көрсетер деген ойдамыз, – дейді Ишанбек ақсақал.
Облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында осы атырапта Лапы баласы Мұңайтпастың алдына түсер тұлға аз болған. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясындағы бұл сапардың мақсаты – кезінде сотсыз, тергеусіз атылып кеткен қайраткерді саяси-қуғын сүргін құрбандары қатарына қосу.
– Біз Мұңайтпастың, оның әулетінің тарихын әлі де жете зерттеуіміз керек. Жаңағы біз жете алмаған қорымда Мұңайтпасқа қарасты 20 шақты адамның сүйегі жатыр. Осы жерге үлкен белгі қойып, ұлтын өнер-білімге сүйреген тұлғаның атын жаңғыртатын кез әлдеқашан жетті. «Қызыл террордың» қарауына алғаш ілінген оның есімін қуғын-сүргін құрбандары қатарында атап, басына белгі орнатқанымыз жөн. Облыс орталығының іргесіндегі қайраткер зиратының дәл қазіргі қалпы біздің елдігімізге сын, – дейді тарихшы.
Қос әулеттен шыққан азаматтардың еңбегін санамалаған тарихшы 1913 жылы Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына байланысты Санкт-Петербургте ашылған мешіт Бұқар әмірлігі делегациясы құрамында патша қабылдауында болған Серәлі Лапиннің ұсынысымен салынғанын айтады.
Сүт пісірім уақыттан кейін өлкетанушы Жұмабай Байзақ оралды. Ұялы телефонға Мұңайтпас Лапиннің құлпытасын түсіріп алыпты. 1966 жылы қойылған белгі ортасынан қақ жарылып, су шайып бір жағына жантая бастаған екен. «Енді кешігуге болмайды. Тез арада қолға алмасақ, ертең сан соғып қалуымыз мүмкін. Дәл осы тұрған жеріміз Мұңайтпастың үлкен ұлы Сейдалының қыстауы болған. Ең қиыны, осындай әулеттің іздеусіз, сұраусыз кетіп бара жатқандығы», дейді өлкетанушы.
Қайтар жолда Бесарық ауылына соғып, осындағы қоғамдық музей жұмысын көрдік. Өлкетанушы Жұмабай Байзақ қызметте жүргенде жинастырған жәдігерлерін осында қойыпты. Музейде Лапиндер мен Қожықовтарға арналған бұрыш та бар екен.
Туған жер тарихын түгелдеп жүрген осындай азаматтар ұйытқы болған бастама қолдау тауып, құмда қалған қайраткердің әзіз есімі елге қайта оралып, рухына лайықты құрмет көрсетілеріне сенгің келеді.
Қызылорда облысы