• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Үкімет 31 Мамыр, 2022

Әр фермер бөлінетін қаражаттың игілігін көруге тиіс

216 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, агроөнеркәсіптік кешеннің, денсаулық сақтау саласының даму барысымен және инвестициялар тарту жұмыстарының жай-күйімен танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы алдымен органи­калық және минералды тыңайтқыштарды пайдалана отырып, астық өндірудің жаңа технологияларына көшкен «Namys Group» ЖШС шаруа қожалығына барды.

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев­тың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы баяндамасын тыңдаған Ә.Смайылов бүгінгі таңда Ақмола об­лы­сының алдында тұрған басым мін­дет­­тердің бірі егіс науқанын сапалы жүр­гізіп, уақтылы аяқтау екенін атап өтті. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірі­не арзандатылған дизель отыны жеткі­зіліп жатыр. Тұқым және минералды тыңайтқыштармен 100%-ке қамтылған.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген несие берілді, оның көлемі 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-тың форвардтық сатып алу бағдарламасы 2 есеге ұлғайтылып, 80 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Сонымен қатар мал азығы қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді.

«Ең бірінші міндет – бөлінген қаражаттың әрбір фермерге дейін жетуін қадағалап, көктемгі егіс жұмыстары кезінде туындайтын проблемаларды дереу шешіп отыру», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр облыстағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, олардың ішінде «Агрофирма TНK» ЖШС, «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Приишимье» ЖШС, «Заречное» ЖШС, «Еңбек» ЖШС, «Сандықтау» ЖШС және т.б. бар.

Премьер-Министр шаруалар көтер­ген мәселелерді мұқият тыңдап, уәкі­лет­ті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдегі «Қазақстандық агроинновациялық корпорация» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын Ресей және Беларусь өндірушілерімен бірге сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканы құрас­тырумен айналысады.

Ә.Смайылов бүгінде қазақстандық ком­паниялардың жаппай ауыл шаруа­шылығы техникасын шығаруды игер­генін атап өтті. Мәселен, нарықтағы отан­дық тракторлар мен комбайндардың үлесі – 90%. Сонымен қатар ауыл шаруа­шылығы машинасын жасау бойынша жергілікті қамту жалпы алғанда шамамен 40%-ке құрайды. Осы орайда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы техникасы өнімдерімен жергілікті қамту үлесін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысының жұмыс сапа­рын­дағы келесі нысан John Deere агро­тех­никасына қызмет көрсететін ТМД-дағы ірі орталық «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС болды. Ол жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану еңбек өнімділігін арттыруда маңызды элемент екенін еске салды. Бұл мақсатта Үкімет машина-трактор паркін инвестициялық субсидиялау, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жаңартып жатыр. Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы инсти­туттары арқылы жеңілдікпен несие беру (6-7% жылдық мөлшерлеме) бағдарламасы іске асырылуда.

«Аталған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы пар­кін жаңарту деңгейі қарқын алып келе­ді. Мұндағы маңызды мәселе өндірісті локализациялау болып отыр», деді Ә.Смайылов.

Бұдан кейін Премьер-Министр ет, шұжық өнімдері, консервілер мен жартылай фабрикаттар өндіретін «Бижан» ет өңдеу кешеніне барды.

Ә.Смайылов мемлекеттің кешенді қолдау шараларын іске асыра отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өң­деу­ге ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Импортты азайтып, ішкі сұранысты толығымен жабу үшін отандық өнімдердің өндірісін ұлғайту керек. Әкімдік фермерлермен жұмыс жүргізіп, субсидиялау кезінде қарсы міндеттемелер қойып, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз етуге жағдай жасауы керек», деді Ә.Смайылов.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы Ақмола облысы еліміздің маңызды аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнда молибден өндірісі, химия өнеркәсібі, машина жасау және басқа да салалар қарқынды дамып келеді.

Кеңес барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова, Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсенбаев баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр 2022 жылы Ақмола облы­сын дамытуға 118 млрд теңге қарас­ты­рылғанын айтты. Сонымен қатар респуб­ликалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 52,2 млрд теңге бөлінді.

Бұл шығыстар автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеуге, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй-­коммуналдық шаруашылығына, тұрғын үй құрылысына, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға, білім беруді дамытуға, Жібек жолы ауылындағы қосалқы стансаны реконструкциялауға және т.б. бағытталып отыр.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, Есіл өзенінің арнасын тереңдетуге, кәсіпкерлікті несиелеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға қосымша қаражат бөлінді.

Сондай-ақ Ә.Смайылов облыстың бірқатар өзекті мәселесіне назар аударды.

Премьер-Министр облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шамамен 14%-ке өскенін айтты.

«Азық-түлік тапшылығы мен қым­бат­шылықтың негізсіз орын алуына жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жүргізу керек. Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жиналыстар өткізіліп, барлық қажетті құралдар мен механизмдер қабылданып отыр. Облыс әкімдігі оларды іс жүзінде қолдануы керек», деді Үкімет басшысы.

Бұған қоса Премьер-Министр әкім­дікке үстеме бағаларды бақылауды күшей­туді (15%-тен аспауға тиіс), еліміз­дің оңтүстіктегі өңірлері мен таяу шетел фермерлерімен ерте пісетін көкөніс­терді жеткізуге тікелей шарттар жасасуды, сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасы» тетігін пайдаланудың тиімділігін арттыруды және форвардтық механизм арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ өңірдің экономикасын әртараптандыру – өте өзекті мәселе екенін атап өтті. Бұл үшін биыл өңірде жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 273 млрд теңгені құрайтын 169 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, алтын шығару фабрикасы, жел электр стансасы, бройлер құс фабрикасы және кірпіш зауыты іске қосылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар әкімдік Көкшетауда ЖЭО және көпсалалы аурухана салу, Бурабай ауданында курорттық аймақ, Аршалы ауданында жел электр стансасын, сондай-ақ Зеренді ауданында құс фабрикасын және құрама жем зауытын салу секілді 1 трлн теңгеге 135 жобаны пысықтап жатыр.

«Жоспарланған жобалардың бәрін уақтылы іске қосып, жаңа жобаларды сапалы түрде пысықтау қажет. Әкімдік бұл мәселелерді ерекше бақылауда ұстағаны жөн», деді Ә.Смайылов.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне тағы да бірқатар тапсырма берді: атап айтқанда, республикалық деңгейдегі жолдардың нор­мативтік жай-күйін кемінде 88%, ал, жер­гілікті жолдарды кемінде 87%-ке жет­кізуді қамтамасыз ету, Кенжебай және Ра­хымжансай жерасты сулары кен орын­дарынан су құбырын тарту жоб­асын пысықтау, Степногорск қала­­сы­ның магистрал­дық жылу желі­лерін реконструк­­циялау жұмыс­тарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Сондай-ақ «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер салу, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Ақмола көпбейінді ауруханасын және Көкшетау қаласындағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасын қайта жаңарту және заманауи жабдықтармен жарақтандыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

«Біз күш-жігерімізді біріктіріп, жұды­рықтай жұмылып, Ақмола облысы­ның дамуына тың серпін беруіміз керек. Халықтың әл-ауқатының өсуі, өмір сүру сапасының жақсаруы осыған тіке­лей байланысты», деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдің денсаулық сақтау саласының даму барысымен танысты.