• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Мамыр, 2022

«Қазақ вальсінің» шырайы

1120 рет
көрсетілді

Өзі де, өмірі де тұтатсымен биге айналып кеткен әсем әлем иесі Шара Жиенқұлованың туғанына биыл ғасыр толды. Көзі тірісінде-ақ ізінен аңыз ерген ерке қыздың ұлттық кәсіби би өнерінде тұңғыш та дара жолды салып қана қоймай, оның даму жолында да сіңірген еңбегі ерен. Бүгінде Шара десе ойымызға ең бірінші суретші Гүлфайруз Ысмайылова қылқалам тілінде кестелеген әйгілі «Қазақ вальсі» картинасындағы он саусағы майысып жүзінен нұр шаша күлімдеп тұрған көркем бейне орала кетері хақ.

Әйгілі картина салынып бол­ған сәтте суретшінің ерекше сезім­талдығы мен те­рең талғамына тәнті болған биші: «Мен ха­лықтың жүрегінде осы бейнеммен қа­латын болдым» деп ризашылығын біл­діріпті.

«Әйелдер портретінен тұратын гале­реямының тұңғыш жұмысы – Шара Жиенқұлова бейнеленген «Қазақ вальсін» салу кезінде қыс қатты болды. Біз бас­тап­қыда Шара апайың үйінде жұмыс істеп жүрдік. Бірақ үйде жұмыс істеу қо­лай­сыздық тудырды. Қа­жетті құрал-жаб­дықты үйге тасып әкелу мүмкін емес еді. Ал шеберхананың іші суық. Содан бір күні Шара апайға шеберханада жұмыс істеу туралы ұсынысымды қымсына жеткіздім. Биші бір­ден келісті. Онда барғанда: «Сол­түстік полюстегідей екен. Алай­да өнер құрбандықты талап етеді» деп күлді. Үс­тінде жұқа көй­лек. Суыққа шыдап, жанары жар­қырап, әдемі жымиып тұра бер­ді. Шара апайдың жүзі жылы бол­ғандықтан, оның суретін салу мен үшін үлкен ғанибет болды» деп еске алыпты сол сәтті картина авторы Гүлфайруз Ысмайылова.

«Қазақ вальсін» бейнелеуді қолға алғанда суретші Ленин­градтағы И.Е.Репин атындағы кес­кіндеме, мүсін және сәулет институтын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына бас суретші болып қызметке енді орналасқан беті екен. Ал ол кезде бишінің жасы бір­шамаға келіп, кексе тартып қалғанына қара­мастан, «сырлы аяқтың сыны кеткенмен, сыры кетпепті». Қырық бес жасын­да да қыздай құлпырып, мың бұрала билеп сахнадан түспеген таланттың нағыз толысқан шағын дөп ұстаған суретші осылайша, қазақ өнеріндегі қайталанбас кар­тинаның авторы атанады.

Қазақстанның Халық суретшісі Гүл­файруз Ысмайылова Шара бейнесіне кездейсоқ келген жоқ. Жастайынан биші сұлулығына сүйсініп, содан шабыт алға­нымен, осы бір күрделі бейнені кенепке түсіруге кәсіби маман атанғаннан кейін ғана тәуекел етеді.

«Қазақ вальсі» –  жас суретшінің әйел­дер портретінен тұратын ға­жайып гале­реясының алғашқы жо­лашар кесек туындысы. Сұлу­лыққа құштар бойжеткеннің мөл­дір әлеміне шұғыласын шашып, өшпес ізін қалдырған сол бейне туралы суретшінің өзі былайша еске алыпты: «Мен Шара апай­ды кішкентайымнан жақ­сы көруші едім. Ол кісі менің ше­шеммен дос болғандықтан, үйімізге жиі келетін. Мектепке бармаған 5-6 жас­тағы кезім. Балалар гүлге сүйсініп қа­рай­ды ғой. Сол сияқты мен де сұлу би­шіге қызыға қарайтынмын. Өзі жүзінен күл­кі кетпейтін ақкөңіл жан болатын. Маған: «Айналайын, сен маған неге қарай бересің?» деп еркелете сөйлесе, мен: «Апай, сіз сондай әдемісіз, сондықтан қа­рай бергім келеді» дейтінмін еркінсіп. Сондай-ақ бала күнімде театрдың алдында гүл сатып тұра­тынмын. Сонда Шара апайды жиі көретінмін. Сәнді көйлек киген сұлу биші жанымнан өткенде бо­йынан әдемі жұпар иіс таралатын. Үйге келе сала бірден бақ­қа барып, қол-аяғымды гүлмен үйке­лейтінмін. Ондағым – Шара апайға ұқсағым келетін».

Кербез де керім Жиенқұлованың бо­йын­дағы сұлулыққа сүйсіне жүріп араға жылдар салып өзі де сұлулық суреткері болып шыға келген Гүлфайруз Ысмайылова шығармашылығында небір шырайлы кес­кіндерді өмірге әкеліп, қазақ сурет өне­рін жаңа бір белеске көтеріп тастады. Со­ның ішіндегі алғашқысы һәм бірінші бол­са да шоқтығы биігі осы – «Қазақ вальсі».

Әдетте бидегі вальс жанры қос-қостан қолтықтасып биле­нетін би түрі екенін ескерсек, су­ретші бейнелеген «Қазақ валь­сінде» неге Шара жалғыз?» деген заңды сұрақтың да туындауы қалыпты жайт. Оның сыры мынада: 1940 жылы жазушы Сәбит Мұқановтың «Екі мереке» атты радио қойылымына арнап композитор Латиф Хамиди әйгілі «Қа­зақ вальсі» әнін жазады. Оны алғаш болып бұлбұл әнші Күләш Байсейітова нақышына келтіре орындап, радиосүйер қауымның құлақ құрышын қандырады. Жанға жағымды, жарқын да көңілді әуенді естіген тыңдарман бірден-ақ әнге құлай кетеді. Осыдан бастап «Қа­зақ вальсі» махаббат пен шаттықтың ән ұранына айналып шыға келеді.

Ойнақы әуен Шараның жанын да жадыратады. Бұған дейін, яғни 1934 жылы Шара Жиенқұлова «Келіншек» атты ал­ғаш­қы қазақ биін сахнаға алып шығады. Ол кезде сахнаға шыққан әрбір қазақ биін халық аса қызғушылықпен тамашалап, әр нөмірді асыға күтетін. Көрермен үшін қазақ би­лері үлкен жаңалық болатын. Ал орындаушы болса, би қи­мылына сәйкес ән мен күйлерді іріктеп алып, бидің көңіл күйі мен мазмұнынын белгілеп, соған лайық сахналық киім үлгісін жасап, басы аяғы бар, сығымдалған қойылым дең­гейіндегі шағын спектакль жасап шы­ғаратын. Би тілінде өрнектелген өнерге әсі­ресе қарапайым халықтың ықы­ласы зор болған. Шара шы­ғар­машылығына шабыт берген сондай өнер туындысының бірі – «Қазақ вальсі».

Композитор Латиф Хамидидің жеңіл де ойнақы әні бейнелі биге сұранып тұрғандай еді. Шара жаңа туындыға үлкен ықыласпен кіріседі. Ол әуелі Вена валь­сі­­нің қимылдарын үйренеді. Өйт­­кені вальс биі өз бастауын аус­трияның «лендлер» және чех­тың «матеник» атты халық би­лерінен алады. Еуропаның вальс билері екі адамның жұптасуы арқылы биленетін болса, Шара Жиенқұлова вальстің жеке дара биленетін үлгісін ойлап табады. Сөйтіп, алғаш рет қазақ вальсі пайда болған екен. Шараның мың бұрала би­леуін­дегі «Қазақ вальсі» халықтың ыс­тық ықыласына бөленіп, айдында қылқып жүзген аққудай әсер қалдырған еді. Осы бір сұлу көріністі сезім­тал да сұңғыла суретшінің қы­ра­ғы көзі қалт жібермейді. Осы­лай­ша, Гүлфайруз Ысмайы­ло­ваның толғанысынада Шара бей­несі кескінделген «Қазақ вальсі» картинасы өмірге келеді. Картина 1958 жылы Мәскеуде бүкілодақтық комсомолдардың көрмесіне қойылады. Іле-шала «Ого­нек», «Искусство» және тағы да басқа бірнеше журналға басылады.

Жарыққа шыққанынан-ақ жарқ ете қалған әсем картина әлі күнге дейін ха­­лық жүрегінде. Ал ондағы бейнеленген биші кескіні сұлулығымен жан бау­райды. Иә, күн сәулесімен шағы­лы­сып, ал­тын түске боялған суретте Шара мың бұрала билейді. Суретші би­дің жалқы сәтін ғана алып, қимылды кілт үзгенімен, бірақ бишінің қолы, үс­тіндегі жарасымды көйлегі қиымылын тоқат­пай, сырға толы әсем қозғалысын әрі қарай жалғасытырып жатқандай. Сөзсіз, бұл – өнердің құдіреті. Мәңгілік өнер­дің мәңгілік тынысы осындай болса керек. Қос таланттың тан­демінен туған тең­дессіз туындының бас­ты табы­сының сыры да, біздіңше, осы шынайы­лығында жатыр.