Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді жан-жақты түсіндіру үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Омарбекова және Ирина Унжакова арнайы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келіп, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерімен кездесті.
Референдумның ел ертеңі үшін маңызды екенін түсінген кітапхана ұжымы депутаттармен кездесуге бір кісідей қатысты. Өз кезектерінде сұрақ қойып, пікір алмасты.
– Өңір тұрғындары референдумнан оң өзгерістер күтеді. Көбі келіп, өз дауыстарын беруге ниетті. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да қажетті ақпараттар ұсынылып жатыр. Осы ретте аудан, қаланы аралап түсіндіруіміз қаншалықты қажет деп екі ойлы болдық. Алайда жұртшылықпен жүздесіп, әр норманы түсіндіргенімізде, олардың көкейлерінде жүрген сауалдарын тыңдадық. Құр сынай бергеннен гөрі, өзгеріс үшін өз дауыстарын берсе дұрыс. Сайып келгенде, демократиялық қоғамды бірлесе құруымыз керек, – дейді Жанат Омарбекова.
Депутаттың айтуынша, егер Конституцияға енгізілетін өзгерістер қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының жаңа деңгейіне өтеді. Өйткені реформа құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принциптерін өзгертеді.
– Еліміздің өзгергенін қаласақ, 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумға қатысуымыз керек, – деді Жанат Омарбекова.
Сонымен қатар Ирина Унжакова айтып өткендей, Конституцияның жаңарған нұсқасында құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылды. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.
– Біз азаматтармен кездесіп Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, туындаған сұрақтарына жауап берген кезде адамдардың референдумға деген көзқарасы өзгеріп, қолдайтындықтарын айтып жатады. Кез келген ақпаратты халыққа түсінікті тілде дұрыстап жеткізу маңызды, – дейді И.Унжакова.
Кездесуге қатысқан кітапхана қызметкерлері Республикалық штабтың мүшелеріне өз сұрақтарын қойып, ұсыныс пікірлерін де білдірді. Әрине, 5 маусым күні өз таңдауларын жасайтындарын жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы