• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2010

САПА БИІГІНЕ КӨТЕРІЛУ ЕЛ ҰСТАНЫМЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС

479 рет
көрсетілді

Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасына арналған дөңгелек үстел өтті. Оған билік партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдар өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Отырыс барысында аталған бағдарлама жобасы қызу талқыланды. Дөңгелек үстелде білім сала­сы­ның “қазанында” жатқан сан қырлы мәселе күн тәртібіне қойылды. Олар: орта, кәсіби және жоғары білім беру сала­ла­рындағы басқару және қаржы­лан­дыру жүйесін жандандыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­ту жүйесін дамыту, 12 жыл­дық білім беру, білім беру сапа­сын өңірлік тұрғыдан теңестіру. Нұрлан Нығматулин “Білім беру жүйесін дамыту – Мемлекет басшысының, партия Төрағасының үнемі назарында тұрады. Себебі, өз ісіне шебер на­ғыз кәсіби мамандарды даяр­лау­дың ұлттық жүйесі болмай, адам капиталының сапасын көтермей, экономикада белгілі бір жетістікке қол жеткізу екіталай”, дей келе партияның қоғам мен билік арасында оң байланыс орнату, сол арқылы елде адам капиталының тұрақты дамуына жағдай жасау бағыттарын басшы­лыққа алғандығын атап өтті. Жиынға қатысушылардың сөз ауанына үңілсек, аталған бағ­дар­ла­ма жобасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының, индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасының басым бағыттарымен өзектес. Бұл ретте елімізде айтарлықтай ұтымды ұмтылыстар байқалып келеді. Мәселен, қазіргі таңда білім-ғылым көкжиегін кеңейту төңірегінде игі шаралар атқарылуда. Жаңа бала- бақшалардың, кәсіби лицейлер мен колледждердің және тұғыры Ас­та­нада орнығатын Жаңа универ­си­тет­тің бой көтеруі мен жұмыс жа­сауына мемлекеттік деңгейде мән берілген. Елбасының бастамасы негізінде қол­ға алынған “100 мектеп” бағ­дар­ламасы білім мекемелері құры­лысының жандануына жол ашуда. Бүгінде аталған бағдарлама шең­бе­рінде 84 мектептің негізі қаланып үлгерді. 22 мектептің құрылысы аяқталуға шақ қалған. Білім сала­сын­да қажырлы еңбек үлгісін көр­сетіп жүрген мамандарға әлеуметтік қолдау-көмек көрсету мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Дөңгелек үстел басында бас қосқан азаматтар білім саласында ауыз толтырып айтарлық іс-шаралармен қатар назарға айрықша алатын жәйттердің бар екендігін де жасырған жоқ. Солардың бірі – еліміздегі балабақшалар санының әлі де жетіспеушілігі. Бұл орайда, халықтың Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатқан “Балапан” арнайы бағдарламасынан үміті мол. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының тұсаукесер жобасын ұсын­ды. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін жаңаша жандандыру, бұл салаға құйылатын инвестиция кө­лемін ұлғайту мен тұрақтандыру, білім сапасын жоғарылату және оның еуропалық деңгейге көте­рі­луіне жол ашу сынды міндеттерді көздейді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.