• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Маусым, 2022

Аутизм: Ауыртпалық ата-анаға түседі

895 рет
көрсетілді

Біз бұған дейін аутизмге шалдыққан балалар қатары көбейіп келе жатқанын және мұны заманауи факторлармен, диагностиканың жақсаруымен байланыстырған едік. Кез келген елді алаңдатып отырған бұл дерттің алдын алудың, асқындырмай емдеудің, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес берудің жолдары қандай?

Осы мәселеге қатысты Ал­ма­ты дәрі­герлері балалардағы аутизм бел­гілері мен себептері туралы баяндай отырып, ұсыныс­та­рын алға тартты. Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауру­хананың балалар аурулары бөлімінің меңгерушісі, жоға­ры санатты дәрігер Хадиша Сұл­тан­­құлова аутизм белгілері үш жасқа дейін пайда болатынын, же­ңілірек белгілері байқа­ла­тын ұқсас жағдайлар аутизм спек­трі­нің бұзылыстарына (ASD) жататынын атады. Дәрігер аутизмге жүктілік пен босану ба­ры­­сындағы денсаулықтағы кінә­рат­тар, бас-ми жарақаттары мен инфекциялардың салдары, ми­дың туабітті дисфункциясы, а­қ­па­ратты өңдеуге қажетті ней­рон­дық құрылымдарының дамымай қал­уы себеп болатынын еске сал­ды.

Аутизмнің де түрлері бар. Лора Уингтің әдісіне сүйенсек, аутизмді анықтаудың үш белгісі: әлеу­меттік өзара әрекеттестіктің бол­мауы, қызығушылықтың шек­­телуі мен мінездегі қылық­та­рының қайталануы. Ма­мандар нәресте шақта балада кез келген қимыл мен дыбысқа шамадан тыс үрейлену мен жылау реакциялары, тілдің кеш шығуы, оғаш әрекеттер, қарым-қатынас жасауға құлықсыздық, сөздік қорының жасына сай бол­мауы, сөйлеген кезде дауыс­сыз дыбыстардың аз болатыны сияқты белгілерді атайды. Қысқасы, бұл балалар өзімен жастыларға қарағанда сөздерді араластырып, ым-ишарамен сөй­лей­ді, қажетін сұрауға, көр­генін ай­туға, өзі сияқты балалармен ой­науға қызығушылық танытпайды.

Спикер аутизмге шалдыққан балалардың вербалды және вербалды емес қарым-қа­тынасының бұзылуына тоқталды. Мысалы, бала қолға алғаннан қашады, көтергенде немесе құшақтағанда қатып қалады, ол адам­ға қара­май­ды, көпшілікпен аралас­қан­да күлмейді, әке-шешесімен, қо­­нақ­тармен амандаспайды, бас­қалармен әңгімелескенде бір нүк­те­ге қадалып отырады.

«Аутизмі бар балаларда мақ­сат­сыз қоз­ғалыстар, біркелкі­лік­ке мұқтаждық, өзге­рістерге қарсылық, күнделікті әрекеттерді сол тәртіп, яғни өзгермейтін диета немесе бір киімді тастамау байқалады. Мұндай пациенттің өзін тіс­тейтін, жарақаттайтын авто­аг­рессиялық ерекшелігін атап өткен жөн. АСБ бар бала­лар­дың 30%-ға жуығы өмір бойы өзін зақымдап отырған», дейді Х.Сұлтанқұлова.

Алайда пациенттердің бір бөлігі жас­өспірім кезінде түзелсе, керісінше 40%-ында жасөспірім шағында жағдайы нашарлап ке­те­ді. Емдеу және коррекциялық кө­мек болмаған жағдайда аутизмге шалдыққан балалардың 70%-ға дейіні ауыр мүгедек болып, үнемі айналасындағылардың көмегіне мұқтаж болатыны белгілі.

Х.Сұлтанқұлова осы кеселдің салыстырмалы түрде осыдан 10 жыл бұрын анықталған жаңа вир­туалды түрін атап өтті. Бұл мульти­медиялық плазма­лар­­дың, планшеттердің және теле­фон­­дардың дамуымен сәйкес келе­ді. Басқаша айтқанда, бұл қа­лып­ты дамып келе жатқан балаларды неврологиялық ауытқуға ұшы­рат­уы мүмкін.

Дәрігер виртуалды аутизмнің алдын алу үшін тамағын ішіп отырған кезде балаға гаджет бер­меу­ге, көп сөйлесуге, оған бәрін түсіндіріп отыруға, үнемі атын атап шақыруға кеңес береді. Бал­дыр­ғандарға түсініксіз мульт­филь­мдер көрудің орнына көбі­рек сөйлескен жөн.

Туабітті аутизмнің алдын алу­ға келетін болсақ, әйел балалы бо­лар алдында және жүктілік кезін­де гинекологпен кеңесуі керек. Егер әйел жүктілікке дейін және жүк­тілік кезінде фолий қыш­қы­лын қабылдаса, онда балада аутизм­нің даму ықтималдығы төрт есе азаяды.

Өз кезегінде Алматыдағы «Пси­хо­ло­гиялық-медициналық-педа­гогикалық консультация» КММ директоры міндетін атқа­ру­шы Эльмира Ақшолақова аутизмі бар балаларға психо­ло­гия­лық-педагогикалық тексеру және кеңес беру бағдарламасын әзірлеу неге қажет екенін баян­дады. Мұндай құжатты әзір­леу­дің өзектілігі осы санат­та­ғы балалар санының үнемі арт­уы­­мен және аутизмді психо­ло­гиялық-педагогикалық диаг­ностикалаудың отандық бағдар­ла­маларының болмауымен бай­ла­ныстыруға болады. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мен ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды тексеру және оларға кеңес беруде ПМПК қызметін реформалау қажеттілігі айқын болып отыр.

«Білім беруді дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арнал­ған мемлекет­тік бағдар­ла­­ма­­сы­на сәйкес, «психоло­гия­­­лық-медициналық-педаго­ги­калық консультациялар» «медици­на­лық­тан» «педаго­ги­калық модельге» көшеді. ПМПК қызметіндегі әлеуметтік-пе­дагогикалық модель келесі тетіктер ар­қылы жү­зеге асырылады. Бұлар – ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау мен бала үшін оқытудың арнайы жағдайларын анықтау сияқты жаңа бағыттарды енгізу, баланың даму проблемаларында, оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтік бейімделу қиын­дықтарын баға­лауда психологиялық-педа­го­ги­калық үлесті арттыру, ПМПК қоры­тындысында медициналық диагноздарды қоюға жеткізбейтін және білім беру, пси­хологиялық-педагогикалық көмектің көлемі мен сипатын анықтайтын бала­лар­дың әлеуметтік-педаго­ги­ка­лық сыныптамасын енгі­зу, балаларды дамыту және тәрбиелеуде ата-аналарға консультациялық көмек көлемін ұлғайту», дейді Э.Ақшолақова.

Маман ПМПК-да аутизмі бар балалар­ды тексеру бағдар­ла­маларын қолдану төмен­дегідей бірқатар мәселені шешуге жол ашатынын атады. Нақты айт­қан­да, бұл аутизм және АСБ бар балаларға психологиялық-педагогикалық тексеру жүргізуге қойылатын талаптар мен көлемді белгілеуге, тексеру және кеңес беру тәртібін стандарттауға, тексеру барысында әртүрлі әдістерді, әдіс­темелерді, тестілерді қол­да­ну­ды оңтайландыруға, тексеру нәтижелерін объективті, дәл талдау және баланың дамуын бағалаудың дәлдігі үшін жағдай жасауға, балаларды тексеру және ата-аналарға кеңес беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Мамандар ПМПК-да кешенді тексеру жүргізу тәртібі туралы де егжей-тегжейлі түсіндірді. Біріншіден, ата-аналардың ша­ғым­­дары мен сұраныстарын ПМПК тіркеушісі нақтылайды, ол дәрігерлердің кеңесіне жүгінудің басты себебі неде екенін, өз бас­та­масы әлде дәрігерлердің, педа­гогтердің, психологтердің, тәр­бие­шілердің жолдамасымен келді ме, баланың дамуына не кедергі (ата-аналардың шағым­да­ры), нәтижесінде консуль­тациядан не күтетінін сұрайды.

Екіншіден, медициналық және әлеуметтік-психологиялық анамнезді жинауды және бала дамуының әлеуметтік жағдайын анықтауды кез келген консультация маманы ПМПК қызметінің үлгілік қағидаларының белгілен­ген нысанына сәйкес жасайды. Егер ата-аналар сұрауымен болса (баладағы аутизмді тексеру, растау немесе алып тастау) немесе баланың дамуы мен мінез-құлқына шағымдар аутис­тикалық тәуекелділікке кү­дік­тенуге мүмкіндік берсе, оны психиатр-дәрігер атқарады.

Жоғарыда атап өткендей, баламен қарым-қатынас жасауда қиындықтар туындап, ауру белгілері анық болса, бұдан әрі ата-аналарына сауалдама мен психологиялық-медициналық-педа­гогикалық тексеру жүр­гі­зіледі. Осыдан кейін ғана зерт­теу нәтижелерін алқалы түрде талқылау және отбасында, білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеудің арнайы жағ­дай­ла­рын жасау жөніндегі ерекше білім беру қажеттіліктері мен тиісті ұсынымдарды айқындау жүзеге асырылады. Содан кейін ғана ПМПК-ның жалпы қоры­тын­дысы немесе қосымша тексеру жүргізу қажеттігі туралы шешім жасалады (бастапқы тексеру бір-төрт қабылдау ішінде жүр­гізілуі мүмкін), сондай-ақ ба­л­аның даму мәселесі бойынша әке-шешесіне кеңес беру, оны жеңу жолдары мен шарттары туралы ұсынымдар беріледі.

Қажет болған жағдайда ПМПК мамандарымен жеке отба­сы­­лық кеңестер өткізіледі, меди­ци­налық, психологиялық-әлеу­меттік-педагогикалық сипат­та­ғы нақты жеке ұсы­ныстар жасалады.

Не десек те, барлық ауыртпа­лық алдымен ата-ананың мойнына түседі. Балада аутизм бел­гі­лері барын бірінші болып бай­қайтын да және оның бүкіл ауыртпалығын көтеріп отырған да сол баланың әке-шешесі. Ата анасы сәбиінің бойындағы кінә­рат­ты дер кезінде байқап, дабыл қағуының нәтижесінде аутизм кеселінен құтылған балалар да бар.

 

АЛМАТЫ