Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті автокөліктердің VIP нөмір иелері бюджетке 31,5 млн теңге шығын келтіргенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Департамент қызметкерлері көлік жүргізушілері арасында жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беруге мониторинг жүргізген. Мониторинг кезінде мемлекеттік баж қаржысының толық көлемде төленбегені анықталып отыр.
«Департамент қызметкерлері жүргізген мониторинг нәтижесінде көлігіне VIP нөмір алушылардың арасында мемлекеттік бажды төлеуден жалтару деректері анықталды. Мәселен, 2019-2021 жылдары берілген нөмірлерді тексеру қорытындысымен 59 адамнан мемлекеттік баж үшін төленетін 14 млн теңгеден астам қаржы бюджетке түспегені белгілі болды. Ал, 78 адам мемлекеттік баж қаржысын толық төлемеген. Соның салдары - бюджетке 2,7 млн теңгеге жуық қаржы түспей қалған. Сондай-ақ,52 қызмет алушы 14,4 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік баж төлеуден негізсіз босатылған», деп хабарлады өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.
Аталған мониторинг нәтижесінде 2019-2021 жылдары мемлекетке 31,5 млн теңгеден астам қаржының залалы келтірілгені анықталды.
Аяна Тоғанбек