• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Маусым, 2022

Абай мен Шәкәрімді оқығандар өз орнын табады

939 рет
көрсетілді

Балалар жылы аясында ұлылар туған Жидебай жерінде республикалық Абай оқуларының облыс­тық байқауы өтті. Іс-ша­раға Шығыс Қазақстан облысының барлық қалалары мен аудандарынан жиналған 70 оқушы қатысты.

Абай мен Шәкәрім шығар­маларын халықтың санасына сіңіре түсу, оқушылардың шы­ғармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілген са­йыс 6 аталымнан тұрды: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөз­дері» бөлімдерінде ақынның өлеңдерін, қарасөздерін мәнер­леп, жатқа оқыды. «Абай­дың ақын шәкірт­терінің шығар­ма­лары» аталымында Шә­­кәрім Құдай­берді­ұлының, Ақыл­бай, Мағауия Абай­ұлда­рының шығармаларын оқып сайыс­ты. Ал «Көңілім әнді ұғады» бөлімі сайыстың көрігін тіп­тен қыздырды. Оқушылар Абай мен Шәкәрімнің әндерін, күйлерін орындап көпшілікті таңдай қақтырды. «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» дей-тұғын бөлімде өнерлі оқушылар өз шығармашылықтарын ортаға салды. Ал «Ұлылар әлемі» бөлі­мінде Абай мен Шәкәрімнің шы­ғармашылығы, рухани болмысы туралы эссе жазысты.

Оқушылардың дайындығы жоғары болды ма, әлде Абай­дың топырағы тебірентті ме, өлеңді де, қарасөзді де сүрін­бей оқыды. Мәтін­нің маз­мұ­нына қарай дауыстарын бір­де көтеріп, бірде бәсеңдетіп, мың құбылтты. Кө­рер­мен де бе­ріле тыңдады. Ал Абай­дың әндері құлақтан кіріп, бой­ды алды. Эссе жазуда да оқу­­шылар ерекше көзге түсті. Жазу стилі өзгеше балалардың бола­­шағынан зор үміт күтуге болатын секілді.

– Өзім алғаш Абай оқулары бас­талғанда көрермені болдым, өзім қатыстым. Айтайын де­генім, Абайды, Шәкәрімді жаттап өскен балалар қазіргі таңда өмір­де өз орындарын тап­қан үл­гілі жастар. Яғни қазіргі оқу­шылардың да болашағы зор. Бұрын республикалық Абай оқу­лары ақынның туған жерінде өтіп келген. Ал облыстық кезе­ңі тұңғыш рет Абай ауда­нын­да ұйымдастырылды. Оқушы­лардың дайындықтары өте жақсы. Біз үшін жүлдегерлерді анықтау оңай болған жоқ, – дейді әділқазылар алқасының төр­ағасы Нұржан Байтөс.

Бұл жолғы Абай оқула­рының ерекшелігі, марапаттау рәсімі Абай-Шәкәрім ке­се­­несіндегі амфитеатрда ұйым­­дастырылды. Алты сыннан сүрінбей өткен Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Ше­мо­наи­ха аудандарының және Рид­дер қаласының оқушылары қа­зылардың жоғары бағасына ие болды. Ал Глубокое ауда­ны М.Ғабуллин атындағы орта мектебінің оқушысы Гүлім Даниярға Абай ауданы әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. 

Абай оқуларының қорытын­дысы бойынша 1-орынмен – 6 оқушы, 2-орынмен – 12 оқушы, 3-орынмен 21 оқушы марапат­талды. Бір оқушыға Абай ауда­нының әкімі алғыс хат пен сый­лық табыстады. Жалпы жүл­дегерлерге сыйлықтар мен дип­ломдар табыс етілді. Ал барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Салтанатты іс-шарадан соң оқушылар Жидебайдағы Абай музейін аралап, сол заманының рухын сезінгендей болды. Әде­биеттен, тарихтан оқыған жерге аяқ басып, көзбен көру – оқу­шылар үшін бақытты сәт. Тарихи мекенге жолдары түскен олар Еуразия кіндігінде естелік фотоға түсті. 

 

Шығыс Қазақстан облысы