Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Тараз қаласына келіп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұжымымен және студенттерімен кездесті. Кездесуде сенатор референдумның мән-маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру идеясын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды конституциялық реформаларға бастама жасағанын білесіздер. Бұл Конституциялық реформалардың саяси мәні – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен ықпалды Парламенті бар президенттік басқару формасына көшу. Бұл қадам саяси жүйені сапалы трансформациялауды көздейді. Сондай-ақ Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы, Екінші Республикаға көшу туралы әңгіме қозғауға мүмкіндік береді», деді ол. Абдалы Нұралиев Конституциядағы әр баптың өзгерісіне жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, Президент туыстарының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте басшылыққа тағайындалмайтындығы жөніндегі өзгертулерге кеңінен түсініктеме берді. Жер және жер қойнауы халықтың меншігі екенін, өлім жазасына тыйым салу, Президент және судьялар, сайлау комиссиясының өкілдері ешқандай партияның мүшелігінде болмауға тиіс екенін айтты. Кездесуде Президенттің бастамасы елде тың саяси реформаларды жүзеге асырудың, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдірудің тиімді тәсілі екені айтылды. Депутат азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Жиын соңында көпшілік 5 маусым күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысатындарын жеткізді.
Бұдан кейін Сенат депутаты Абдалы Нұралиев Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен кездесіп, №88 референдум учаскесінің дайындығымен танысты.
Жамбыл облысы