• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Маусым, 2022

Тәрбиеге негізделген білім балабақшадан басталады

978 рет
көрсетілді

Үйдің берік болмағы – іргетасынан. Ал барлық білім беру жүйесінің іргетасы – балабақша. Мемлекеттік рәміздерді қорлағандардың тым құрығанда орта деңгейлі білімі бары анық. «Олар мемлекеттің байлығын, тәуелсіздіктің нышанын қызғыштай қору керегін білмей ме? Оқу бағдарламасына енген ғой...» деген ойға қаласыз. Сондай сәтте тәрбие еске түседі.

Иә, қазіргідей білім мен ғы­лымның заманында әріп таны­майтын жанды жолықтыру қиын-ақ. Дегенмен қоғамда қызу талқыланатын тәртіпсіздіктер әлем­нің екінші ұстазы Әл-Фа­раби айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дей­тін қанатты сөздің әлі де өзек­тілігі жойылмағанын көрсетеді. Осы орайда «Оқу ошақтары білімді қандай тәрбиеге негіздейді?», деген сауал туады.

Елордадағы «Қарлығаш» ба­ла­­­бақшасының директоры Бей­­біт­гүл Зейнәділқызы мек­тепке де­йінгі ұйымдарға арнал­ған стан­дарт пен оқу бағ­дар­ламасы­­ның талап­тарына сай жұмыс істеп отыр­­­ған тәрбие мен білім­нің ұясы бала­ларға ұлттық құнды­лық­­­тарды сіңіре алатынын айтады.

«Еліміздегі барлық бала­бақшаға ортақ Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекет­тік жалпыға міндетті стандарты және осыған негізделген үлгілік оқу бағдарламасы бар. Енді осы бағдарламаның мақсатында бала­лардың жас және жеке мүм­кіндік­теріне сәйкес білім, білік және дағдыларды, рухани-адам­гершілік құндылықтарды қалып­тастыру, ұлттық салт-дәстүр­лер­ге және жалпы адамзаттық құндылық­тарға негізделген патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеудің көзделетіні анық көрсетілген. Демек жас ұрпақтың бойына балабақшадан бастап рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, ұлттық салт-дәстүрге негізделген отан­сүйгіштік сезімін ояту бағытында тәрбие мен білім берілуі қажет. Бұған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісінде мемлекеттік құжаттың өзі бағыт беріп тұр», дейді Б.Зейнәділқызы.

Балабақша басшысының айтуын­ша, аталған ұйым тәрбие­ленушілерінің өзге елдердегі қатарластарынан білім-білік, дағ­дысымен қалыс қалмау үшін ха­лық­аралық тәжірибені, шетел­дік оқыту технологияларын зер­делейді, дегенмен өз оқу-тәрбие үдерісіне енгізуде ұлт­тық тәрбиеге ыңғайлайды. Соны­мен қатар салт-дәстүрлерге негізделген тәрбие мен білім жыл бойына жүргізіледі.

«Ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге негізделген тәр­бие мен білім жоспардағы сабақ­тар­дың, қосымша танымдық-шы­­ғар­машылық жұмыстардың бар­лығын қамтиды. Мәселен, ба­лабақшамызда Наурыз мере­кесі бір ай бойы тойланды. «Нау­­рыз – ізгіліктің бастауы» атты бір айлық мерекеде тәрбиеленушілер ата-аналарымен бірге «Атқа мін­гізу, «Бүркіт қондыруға» куә болып, ұлттық ойындарды өздері ойнап, ағаш егіп, Қыдыратадан бата ­алды. Осы арқылы ойын-сауыққа ­емес, балаларға ата-бабамыздың салт-дәстүр, таным-түсінігінен тәр­бие мен білім беруге тырыстық. ­Бір күндік іс-ша­радан баланың ойын­да көп нәрсе сақталмауы мүм­кін. Ал бірнеше күнге, тіпті апта­лар­ға созылған салтанатты сәттен ­ойына тоқып қалатыны анық. Тағы бір мысал, Мемлекеттік рәміз­дер күніне арналған тәрбиелік, таным­дық бағыттағы жұмыстар да бір күннің шаруасы емес. Бұл тақырыптық сабақтардан бастап танымдық, музыкалық, тәрбиелік жұмыстарға дейін барлық топты, әрбір сабақты қамтиды», дейді «Қарлығаш» балабақшасының директоры.

Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі ұйымдарға қо­йы­­­­латын талаптардың күшей­­­ті­летінін хабарлады. Оған бала­­бақшалардағы бейбере­кетсіз­дік пен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 80 пайызы, яғни басым бөлігінің мемлекеттік аттестаттаудан өте алмағаны себеп болған. Біз 3-6 жастағы бала­ларды балабақшамен 100 пайыз­ға қамтыдық деп қуандық. Сөйт­сек, нәтиже басқаша. Бұл саннан сапаға көшетін кездің келгенін көрсетеді.