• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 03 Маусым, 2022

Бас прокуратура: Референдумға дайындық кезінде бұзушылықтар анықталған жоқ

383 рет
көрсетілді

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев Орталық референдум комиссиясының отырысында бұзушылықтар тіркелмегенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Барлығы референдум туралы Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес өтеді. Қандай да бір бұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдум тағайындау туралы жарияланған күннен бастап прокуратура органдарына осы мәселе бойынша барлығы 18 өтініш түсті. Бірақ олардың ешқайсысы референдум туралы заңнаманы бұзуға қатысты емес», деді Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, референдум туралы Заңнаманы бұзу туралы қандай да бір шағымдардың болмауы ағымдағы процестің заңдылығын куәландырады.

Ол «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 7-бабына сәйкес референдумның алдындағы күні және өткізілетін күні, яғни 4-5 маусымда кез келген үгіттеуге, оның ішінде қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялауға ұштасқан кез келген үгіттеуге тыйым салынатынын еске салды.

«Үгіт жүргізілген жағдайда бұл күндері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 102-бабы бойынша жауапкершілік туындайды, онда жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де жауапкершілік көзделген. Осы бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау прокурорлардың айрықша құзыретіне жатады, істерді сот қарайды. Үнсіздік және дауыс беру күндері орын алуы мүмкін бұзушылықтардың алдын алу мақсатында біз бүгін БАҚ арқылы халыққа тиісті түсіндірмелермен жүгінуді жоспарлап отырмыз», деп қосты Болат Дембаев.

Оның айтуынша, алдағы екі күн прокуратура органдары үшін жұмыс күні болып табылады. Орталық деңгейде де, сол сияқты жергілікті жерлерде де референдум комиссияларымен және мүдделі мемлекеттік органдармен тұрақты байланыс орнатылған, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Отырыс барысында Орталық референдум комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров әріптестерінің айтуынша, учаскелік комиссиялар дауыс беру күніне дайын, бюллетеньдер учаскелерге жеткізіліп, олардың сақталуы қамтамасыз етілген.