• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Маусым, 2022

Елордада атақты рок әндері шырқалды

357 рет
көрсетілді

Елордада рок пен симфониялық музыканың тамаша үйлесімін көрсеткен ерекше концерт өтті деп хабарлайды Egemen.kz

Көрермен қауымның зор ықыласына бөленген «Рок музыкасының алтын хиттері» концерті «Астана кештері» ХІ халықаралық фестивалін қорытындылады. 

Симфониялық музыкамен көмкерілген рок әндері залдағы көрермендерді бірден баурап, тамаша атмосфера сыйлады. Queen, Beatles, Kiss, Pink Floyd, Metallica, Scorpions, Led Zeppelin, Europе топтарының атақты әндерін италиялық дирижер Роберто Молинеллидің жетекшілігімен «Астана балет» театрының оркестрі орындады. Заманауи музыканың аңыз тұлғаларына арналған үлкен концерттік жобалардың авторы, композитор, дирижер Роберто Молинелли «Астана кештері» фестиваліне бұдан бұрын да бірнеше рет қатысқан.

Жоба аясында оның «Queen» (2018 ж.) және «АВВА» (2021 ж.) топтарына арналған концерттері жоғары деңгейде өтті. Маэстроның айтуынша, «Астана кештері» әлемнің үздік орындаушыларын тоғыстырған ерекше фестивальге айналды. «Биылғы фестивальдің мен үшін басты ерекшелігі – әр түрлі музыкалық жанрлардың үйлесім табуы. Рок хиттері, симфониялық музыка мен балет сахнасының қосындысы жаңа эмоция сыйлады. «Астана кештері» фестиваліне алғысым зор», деп жеткізді Роберто Молинелли.  

Сахнада Йоган Бодинг (Швеция), Симоне Романато (Италия), гитарист Риккардо Бертоццини (Италия) сынды белгілі еуропалық әртістер өнер көрсетті. Әлемдік өнер жұлдыздары нағыз музыкалық шоу жасады. «Бұл менің Қазақстан еліне алғаш рет келуім. Алған әсерім тамаша. Еуразия төрінде орналасқан мемлекетте музыканың жаңа форматтарын зор ықыласпен қабылдайтын тыңдармандардың көп болуы мені таңғалдырды», деп бөлісті концерттен кейін швециялық әнші Йоган Бодинг. Аншлагпен өткен концерт «The Show Must Go On» әнімен аяқталды.

Еске салсақ, «Дегдар» гуманитарлық қоры ұйымдастырған «Астана кештері» фестивалі биыл өнер сүйер қауымға 4 жаңа концерт ұсынды. Белгілі композитор Пьер Тиллуаның шығармашылық кеші, Берлин концерттік оркестрінің сүйемелдеуімен өткен атақты виолончелист Нарек Ахназарян мен танымал пианист Вадим Холоденконың концерттері елорда көрермендерін тамсандырды.

Жалпы, «Астана кештері» музыкалық өнердің сан түрлі жанрларын біріктіретін ерекше концепцияның арқасында еліміздің мәдени өміріндегі игі дәстүрге айналды.  Жоба аясында көрермендер классика, халық, эстрада музыкасын Қазақстанға және барша әлемге танытып жүрген үздік орындаушылардың өнерін тегін тамашалай алады. Фестивальдің қонақтары әлемдік сахналарды бағындырған өнер жұлдыздары болғанына қарамастан, концерттерге барлық билеттер тегін таратылды. «Астана кештері» - әлемде теңдесі жоқ  фестиваль, себебі бұл жобаның арқасында әлемдік өнердің озық үлгілері кең ауқымды аудиторияға жақын бола түседі.