1995 жылғы алғашқы референдумға мен тек дауыс беруші ретінде ғана емес, тікелей ұйымдастырушы болып штабта жұмыс істедім. Ол кезде мемлекеттік қызметте едім, Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің бірінші орынбасары болғанмын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың көңіл күйі жоғары болғандығы белгілі. 1995 жылғы референдумда саяси өрлеу үстінде өтті десек ешқандай артық айтқандық емес. Бірінші референдум Мемлекет басшысының өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде болды. Халық ол ұсынысты қолдады. Өйткені ол кезде қайта-қайта сайлау жасап шаршаудың қажеті шамалы еді, екі тізгін, бір шылбырды бір қолға беріп, президенттік билікті күшейту қажет болатын. Екінші референдум Қазақстанның жаңа Конституциясын талқылауға байланысты. Осы бағытта да үлкен жұмыс жүргізілді. Әлі есімде, 90 пайыз халық референдумды қолдады, 10 пайызы қарсы дауыс берді. 7 млн-нан астам адам қолдап, 800 мыңнан астамы қарсы дауыс берген болатын.
Қай мемлекеттің тұрпатын да, табиғатын да, тағдырын да, тыныс-тіршілігін де бәрінен бұрын Конституциясы айқындайды. Жаңа Қазақстанды құрудың Конституцияны жаңартудан басталып отырғаны сондықтан.
Бұл жаңарту – түбегейлі жаңарту. Конституцияның 33 бабына түзету енгізілмекші. Ал мұның өзі бүкіл Конституциядағы баптардың үштен бірі.
Реформаның кей бағыттарын санамалап шықсақ та өзгеріс көп болатынын аңғарта аламыз. Биліктің әсіре суперпрезиденттік моделінен президенттік республика моделіне ауысу жүзеге асырылмақшы. Билік тармақтарының өзара қарым-қатынасының тиімді, теңгерімді үлгісі жасалмақшы. Мемлекет пен қоғамның үнқатысуының жаңа сипаты орнықтырылмақшы. Парламенттің рөлі арттырылмақшы. Мәжіліске заңды қабылдау құқы берілмекші. Мәжіліс депутаттарын сайлау бұрынғыдай бір жолмен емес, екі жолмен, яғни партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты округтер бойынша жүргізілмекші. Жұртшылықтың елді басқаруға қатысуы кеңейтілмекші. Адам құқын қорғау күшейтілмекші. Конституциялық Сот құрылмақшы. Жоғары аудиторлық палата енгізілмекші.
Өмірімізге енетін өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттіктерін едәуір ықшамдайды. Бірақ Мемлекет басшысы осы қадамға өзі бастамашылық жасап отыр. Бұл өзгерістерді Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың өкілеттіктерін барынша кеңейту үшін ұсынып отыр. Қазақстанда демократияның дамуы, адам құқының қазіргіден жақсырақ қорғалуы, жұртшылықтың өз елінің тағдырына жауапкершілігі арта түсуі үшін ұсынып отыр.
Референдум – бәріміз үшін тағдыршешті мәселе. Еліміздің қандай ел болатыны, Қазақстандағы демократияның қалай дамитыны азаматтарымыздың референдумдағы ұстанымына, ел тағдыры үшін жауапкершілігіне тікелей қатысты.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты