• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Мүгедектерге мүмкіндіктер жасау заңнамалық қолдауды талап етіп отыр

455 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен кеше «Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға етене араластыру» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Депутаттарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша шағын көрме ұйымдастырылды. Бұл жолы депутаттар алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде 600 мыңнан астам мүгедек өмір сүреді немесе халықтың жалпы санының 3,5-тен астам пайызын құрайды. Министр қолданыстағы мүгедектерді қолдау мен қорғауға арналған заңдық құжаттарды санамалай келіп, еліміздің Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және оған Факультативтік хаттамаға қол қоя отырып, халықаралық стандарттарды имплементациялау жөнінде міндеттеме алғандығын атап өтті. Мүгедектердің әлеуметтік және экономикалық құқықтарының кепілдіктері Конвенция ережелеріне сәйкес келетінін де хабарлады. Және де Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған жоспар қабылданғанын айтты. Министрдің айтуынша, жұмыс берушіде арнаулы жұмыс орындары болған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, мүгедектердің тауар өндіретін, қызмет көрсететін қоғамдық бірлестіктері оларды жұмысқа орналастырудың негізгі тетіктері болып отыр. Министр жаңа туған нәрес­телерді скринингпен қамту деңгейі 2013 жылы шамамен 85 пайызға жеткендігін де алға тартты. Бұл өз кезегінде әртүрлі есту кемістігі бар 1,9 мыңнан астам баланы анықтауға және оларға медициналық шараны ерте жастан қолдануға мүмкіндік берген. Мүгедектікке әкеліп соғатын патологиялардың арасында жүрек-қан тамырлары аурулары әлі де бірінші орында екендігі ерекше аталды. Тағы бір белгілі болғаны, еңбек жағдайы зиянды және ерекше зиянды салаларда еңбек ететіндер саны 300 мыңнан астам адам болса, оның 74 мыңы әйел көрінеді. Қазіргі уақытта 126 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жұмысын жүргізсе, жыл сайын шамамен 200 мың адам олардың мүгедектікті белгілеу қызметімен қамтылуда екені алға тартылды. Байланыс және ақпарат агент­тігімен бірлесіп электронды ком­позиттік қызметтерді енгізуге дайын­дық жүргізіліп, мемлекеттік қызметтің 9 түрін біріктіру жоспар­лануда. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Халық­аралық тіршілік-тынысы мен денсаулықтың қызмет етуі жә­не шектелуі жіктеуішін енгізу мәселесін қарастыру көзде­ліп отырғандығы да аталмай қалмады. Мүгедектердің құқы­ғын қамтамасыз етудегі тағы да маңызды аспектілердің бірі – мүге­дектерді әлеуметтік қолдаудың барабар жүйесін қалыптастыру. Бірінші – әлеуметтік қамсыздандырудың көпдеңгейлі жүйесі аясында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, сондай-ақ, сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер беріледі. Екінші – мемлекеттік бюджеттен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар төлемі нысанында әлеуметтік көмек және жергілікті деңгейде қолдау түрлері көрсетіледі. Үшіншіден, деді министр, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне реформа жүргізу басталып кетті. Арнаулы әлеуметтік қызметпен жыл сайын көмекке мұқтаж 80 мыңнан астам адам қамтылады. Мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтер азаматтарға тегін, ал қосымша қызметтер ішінара және толық төлем шартымен көрсетіледі. 2013 жылы 20 мыңнан астам адамға: қарттар мен мүгедектерге, психоневрологиялық ауру адамдарға, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған 104 интернат- үйлерде тұратын адамдарға арнаулы әлеуметтік көмек берілді. Мемлекеттік тапсырыс негізінде 2013 жылы 55 үкіметтік емес ұйымдарда орналастырылған 3 мыңнан астам адам да қызметпен қамтылған. 2008 жылы осының біреуі де болмағандығын алға тартқан Т.Дүйсенова бұл тәжірибе Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында кеңірек таралғандығын жеткізді. Төртінші – реформа аясында қалпына келтіре отырып медициналық оңалту жүйесін одан әрі дамыту. Оны жүзеге асыру үшін протездік-ортопедиялық көмек көрсететін кәсіпорындар таратылып, «Алматы, Петропавл және Семей протездік-ортопедиялық орталықтарын» АҚ-қа біріктіру арқылы жарғылық капиталында 100 пайыздық мемлекеттің қатысуымен «Республикалық протездік-ортопедиялық орта­лық» АҚ құрылатыны белгілі болды. Министр соңғы үш жылда жоғары оқу орындарына квота арқылы 680-нен астам мүгедек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тағы да 1146 мүгедек қабылданғанын, жыл сайын еліміздің ЖОО-лары мен колледждерінде 2800-дей мүгедек оқитынын жеткізді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020»-ны  іске асыру кезеңінде кәсіптік оқу мен қайта даярлауға жіберілген 478 мүгедектің жартысынан көбі тұрақты жұмыс тауып, тағы 117 мүгедек кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өткені аталды. Және де 2015 жылға қарай елімізде шамамен мектептердің 20 пайызында кедергісіз мектеп ортасын қалыптастыру жоспарланыпты. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алғаш рет мемлекеттік бюджеттен үйде оқитын мүмкіндіктері шектеулі 9 мың балаға арналған оқу орнын жабдықтау үшін қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда елімізде 33 зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны және 18 саңыраулар қоғамында шамамен төрт мыңдай мүгедек жұмыс істеп жатыр екен. Биылғы жылы мүгедектерді жұмысқа орналастырудың өңірлік карталары дайындалды, соларға сәйкес 6600-дей мүгедекті жұмысқа тұрғызу жоспарлануда көрінеді. Палатаның Әлеу­меттік-мәдени даму комите­тінің төрайымы Гүлнар Иқса­нова аталған тақырыпқа қосым­ша баяндама жасады. Ко­митет төрайымы қазіргі мүгедек­терді қорғауға арналған стандарттар ескіргендігін, ал ведомствоаралық қатынастардың жолға қойылмағандығын сынға алды. Әсіресе, жергілікті жерлерде орындаушылық тәртіп тіпті құлдыраған. Ота сәтті жасалғанымен, емдеу-сауықтыру жайы назардан тыс қалып келе жатқандығына депутат ерекше екпін түсірді. Бұдан кейін министрге депутаттар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Депутат Еркін Шпановтың сұрағына орай жауабында министр қазіргі кезде 626 мың мүгедектің 404 мыңы жұмыс жасындағы азаматтар екенін, алайда олардың 189 мыңы ғана жұмысқа жарайтынын алға тартты. Өкінішке қарай, солардың тек 82 мыңы ғана жұмыс таба алыпты. Т.Дүйсенова заңға сәйкес жұмыс берушілер мүгедектерге арналған жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін 3 пайыздық квота бөлуі керек болса, оның орындалмай отырғандығына назар аудартты. Енді министрлік тиісті заңдарға жұмыс беруші мүгедекке орын әзірлегені үшін субсидия беру, мүгедектер қоғамы мемлекеттік сатып алуларға шығаратын тауарлар номенклатурасын кеңейту, биылғы жылдан бастап жағдайға мониторинг жүргізу сияқты бірқатар өзгерістер енгізілерінен де хабардар ете кетті. Үкімет сағатын Д.На­зар­баева қорытты. Отырыс қоры­тындысы нәтижесі бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалатын болып шешілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».