Қазақ КСР-нің Халық әртісі, ақын Шахан Мусиннің елеусіз қалғаны жайлы ел газеті – «Egemen Qazaqstan» аз жазған жоқ. Бұған дейін сериялы мақалалар жарық көріп, облыс билігіне ұрпақтары мен жоқтаушыларының базынасын жеткізген еді. Еңбек еш кетпеген секілді. 31 мамыр күні ақынның туған жері Май ауданы Ақжар ауылындағы мектеп алдында Шахан Мусиннің бюсті бой көтерді.
Бюст – туған жерінде Шахан Мусин рухына тағзым етудің алғашқы қадамы. Алдағы уақытта мектепке, аудандық мәдениет үйіне, тіпті көшеге есімі де берілер. Ол шаруа уақыт еншісінде.
Бізге дейін Шахан Мусинді «тұғырына қондыру» жөнінде Май ауданындағы белсенді азаматтар бастама көтерген. Жергілікті журналист Мейрамбек Қызыр алғашқылардың бірі болып шаң басқан архивтерді қопарып, көп еңбек сіңіргені белгілі. Кейін өлкетанушы Берік Ескендіров те қатарға қосылып, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы бірнеше жыл бұрын қолға алған Павлодар облысының 100 тарихи тұлғасы жобасына Шахан Мусинді енгізуге үлес қосқан да солар. Десе де, бұл мәселе бір сөніп, бір жанған жарық шамы сияқты шешімін таппай келген-ді. «Электрші» ретінде іске кіріскен «Egemen Qazaqstan» газеті сеңді қозғалтуға септігін тигізді. Осы жылдың қаңтар айында басылым бетінде журналист Фархат Қайратұлының «Төрт тұлғаға перзент болу – тағдырдың сыйы» атты Шахан Мусиннің қызы Мақпал Мусинамен сұхбаты жарық көрді. Мамыр айында «Шаханға шаһардан көше бұйыра ма?» деген мақала жарияланды.
Бюст ашылады деген хабарды естігенде қатты қуанғанымыз рас. Аудан басшылығы сүйінші сұрап, салтанатты іс-шара 31 мамырға белгіленгенін жеткізді. Ол тегін емес. Шахан Мусин «Наркомға хат» деген өлеңі үшін сотталып, 10 жыл Колымаға, 8 жыл Сібірге айдалып, өмірінің 18 жылын тар қапаста өткізгені белгілі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде бюсттің ашылуы жиналғандарға айтулы датаның аурасын сезіндіре түсті. Бір минут үнсіздік кезінде ғана емес, іс-шара бойы қыршын кеткен боздақтардың ауыр халін жүрекпен сезіндік.
Ақжар ауылы аудан орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан. Шахан Мусин тар қапастан шыққан соң бірден туған ауылына жол тартып, бір аптадай мауқын басқан екен. Оны іс-шараға қатысқан үлкендердің аузынан естідік. Нұрбибі Жанақова – Шаханды көзбен көргендердің бірі.
– Шахан ағамыз ауылына келген уақытта ең әуелі үлкендерге сәлем беріп шығатын. Сондай өнегелі әдеті бар еді. Сосын ғана жеке шаруаларына кірісетін. Мен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ботай Жанақовтың келінімін. Біздің шаңыраққа да талай келіп, үйдегілермен әңгімесі жарасып, тіпті, қонған кездері де есімде. Бір жылдары Аққулы ауданына ақын Қалижан Бекхожинмен келгенін естідік. Оны айтып отырғаным, айналасына өзі сияқты оқымысты, талантты жандар топтасатын.
Шахан Мусиннің елеусіз қалғаны бізді де алаңдататын. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ешқандай айтулы іс-шара ұйымдастырылмады. Май ауданының тұрғындары өздері бірінші болып бастама көтермесе, басқа кімге керек? Биыл тоң жібіп, тарихи тұлғаны насихаттау жұмыстары қолға алына бастағаны қуантады. Бюсттің ашылғанына ерекше қуанып отырмын. Игі іске атсалысқан аудан басшылығына, ауыл әкімі Темірболат Саринге, өзге де белсенді азаматтарға алғысымды білдіремін, – деп Нұрбибі әже ағынан жарылды.
Өз кезегінде аудан әкімі Ағыбай Әмірин Май ауданының тарихи тұлғаларын әспеттеу ісі жалғаса беретінін, бұл ретте ауыл мектебіне Шахан Мусиннің есімін беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Шахан Мусин – Май ауданының мақтанышы ғана емес, мұқым қазаққа ортақ тұлға. Қасіретті кезең – ашаршылық жылдары туған ауылына келіп, қынадай қырылған халықты көріп, әділетті іздеп шығарған жалынды жыры тағдырын түбегейлі өзгертті. Ол 18 жыл өмірін туған топырағынан жырақта, азап пен бейнеттің ортасында өткерді. Текті ұлдың қайсар рухы сынбай, қиындыққа төтеп берді. Кейінгі жылдарда ел құрметіне бөленді. Қызметін Қазақ драма театрынан бастап, осы театрдың іргетасын қалаушыларының бірі болып тарихта із қалдырды. Қазақ киносының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 1957 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа шақыртылды. Сол жерде табан аудармастан 43 жыл еңбек етті. Шахан Әлімханұлы кино саласында да табысты болды. Саналы ғұмырында бас-аяғы отызға жуық киноға түсіпті. Алғашқы түскен киносы – Мәжит Бегалиннің «Бұл Шұғылада болған еді» деген фильмі. Шахан Мусиннің ғибратты ғұмырын насихаттау шаралары бюсттің ашылуымен тоқтап қалмайды. Бұл бағытта өз жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта ауыл мектебіне есімін беру жұмыстары жалғасуда, – деді аудан басшысы.
Ағыбай Қойшыбайұлының бұл ауданға әкім болып тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. «Шыны керек, Шахан Мусиндей тұлғаның өміріне деген қызығушылық «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан «Төрт тұлғаға перзент болу – тағдырдың сыйы» атты мақаладан кейін басталды. Шахан Мусинді ұлықтау жөніндегі еліміздің бас басылымы көтерген мәселелер орынды», – деп газет ұжымына алғысын жаудырды.
Салтанатты іс-шараға Шахан Мусиннің Аққулы ауданында тұратын жиендері келді. Ермек Мусин бұл оқиғаны көптен күткендіктен бе екен, толқып тұрғаны сезіліп тұрды.
– Нағашымызға бюст орнатылады деген хабарды естігенде төбеміз көкке бір елі жетпегені рас. Бұған дейін батыл бастамалар қолға алынса да орта жолда тоқтап қалатын. Келесі жылы Шахан Мусиннің туғанына – 110 жыл. Осы орайда аудан көлемінде ғана емес, облыс бойынша ауқымды шаралар ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Шаханға жасалған құрмет – әулеттің абыройы үшін ғана емес, жастардың жарқын болашағына деген қадам. Себебі оның өмірбаянымен танысқан жас қиын кезеңде де өмірден түңілмей, баянды ғұмыр кешуге болатынын түсінер еді. Тар қапастан кейін де өнегелі өмір сүруге болатынын ұғынар еді. Бүгінгі іс-шараға Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұратын қызы Мақпал келе алмады. Онымен тығыз байланыстамыз. Үйімізде Рәбиға Сыздықованың Шахан Мусин туралы жазған кітаптары өз қолтаңбасымен сақтаулы. Ақжар ауылдық мектебіндегі музейге жәдігер ретінде Шаханның суретін тапсырдық. Игі іс-шараға атсалысқан азаматтарға әулетіміздің атынан алғысымды білдіремін, – деді Ермек Мусин.
Біз де Ақжар ауылынан көтеріңкі көңіл күймен қайттық. Келесіде мектепке есімі берілгенде баратын шығармыз...
Павлодар облысы,
Май ауданы