Қарқаралы ауданындағы Ақтерек дейтін ауылда тарихы тылсым деуге болатын бір қабатты ағаш үй бар. Неге десеңіз, ғимараттың қай жылы салынғанын, кім салдыртқанын осы уақытқа дейін тап басып ешкім айта алмай келеді.
Ал енді, осы үйге қатысты тарихтың бір парасы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен тығыз байланысты. Атақты ғалым Ақжан Машанидің жазуы бойынша, бұл аядай ғана ғимаратта 1904-1909 жылдар аралығында Ахаң бала оқытқан екен.
Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Дана Әлиева бұл үйдің әбден ескіргенін айтады.
– Бір кездері бұл үй мектеп болған, ал өткен ғасырдың 90-жылдары ғимаратта байланыс бөлімшесі мен тау-кен байыту комбинатының шаруашылық кеңсесі орналасты. Содан кейін біраз уақыт бос тұрды, – дейді ол.
Ағаш үйді қираудан аман алып қалған ауыл ақсақалдары екен. Ғимарат 2002 жылы «Жібек жолы» бағдарламасының аясында қалпына келтіріліпті және оның сырты шарбақпен қоршалыпты. Ал 2008 жылы облыстық мәдениет басқармасы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта ауылдың кітапханасы мен шағын орталық орналасқан бұл үй Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекеттің қорғауына алынған көрінеді.
Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынның айтуынша, 2021 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясы 5,3 млн теңгеге ғимараттың сыртқы-ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, жылу жүйесін ауыстырған екен.
– Қазіргі уақытта мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өзінің балансына алып, 1,5 млн теңге қаражатқа ғимараттың бір бөлмесін арнайы жабдықтап жатыр. Жұмыс барысында тақырыптық стендтер әзірленеді. Ахмет Байтұрсынұлына қатысты құжаттық жәдігерлер қойылатын сөрелер орнатылды, – дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек Ахаңның дәріс берген кезеңін суреттейтін үлкен пано дайындалу үстінде екен. Кітапхананың кітап сөрелері де жаңартылған.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Ақтерек ауылы