Өзбекстандық PODROBNO.UZ порталы осындай тақырыппен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің зерттеуін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
2001 жылдан бері БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті әлемнің түрлі елдерінің электрондық үкіметінің (EGDI – E-Government Development Index) зерттеулерін ұсынып келеді. Бұл – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің электрондық үкіметінің даму деңгейіне баға беретін жалғыз жаһандық рейтинг.
Бағалаудың көрсеткіштері адамдарға онлайн-қызметтер мен ақпараттан пайда табуға мүмкіндік беретін үш негізгі аспектке негізделген: онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейі, телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму дәрежесі, сондай-ақ адами ресурстардың (кадрлардың) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ілгерілету және пайдалану қабілеті.
2020 жылғы соңғы зерттеу көрсеткендей, бүкіл әлемде цифрлық мемлекеттік қызметтерді ұсыну айтарлықтай жақсарған.
Осылайша, рейтингке сәйкес, елдердің 84%-дан астамы кемінде бір онлайн-транзакцияны ұсынады, ал олардың орташа әлемдік көрсеткіші – 14. Бүкіл әлемде ұсынылатын ең көп таралған сандық қызметтер – жаңа бизнесті тіркеу, бизнесті жүргізуге лицензия алуға өтініш беру, туу туралы куәлік алу және коммуналдық төлемдерді төлеу.
2020 жылғы рейтинг көшбасшыларына келетін болсақ, олардың қатарында Дания, Оңтүстік Корея, Эстония, Финляндия, Австралия, Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, АҚШ және Нидерланды бар.
ТМД елдерінің арасында жалпы есепте 29 позицияға ие болған және оның ішінде Ресей Федерациясы сияқты Достастықтың ең ірі мемлекетінен (36-орын) озып шыққан Қазақстан Республикасы көшбасшы болды. Бұл жерде естеріңізге сала кетейік, егер Қазақстан мен Ресейде электрондық мемлекеттік қызметтердің даму кезеңін салыстыратын болсақ, онда Қазақстанда іс жүзінде енгізу одан бұрын басталған: электрондық үкімет порталы бізде 2006 жылы іске қосылса, Ресейде процесс іс жүзінде 2009-2010 жылдары басталған.
Бұдан басқа Қазақстанда ТМД-дан басқа да көптеген мемлекеттерден айтарлықтай айырмашылық байқалады: ТМД елдері арасындағы рейтингтің алғашқы жүздігіне Беларусь (40), Армения (68), Украина (69), Әзербайжан (70), Молдова (79), Қырғызстан (83) кіреді.
Өзбекстанға келетін болсақ, ол ел 87 позицияға орналасты, өкінішке қарай, 2018 жылғы деректермен салыстырғанда 6 санатқа төмендеді. Сонымен қатар Қазақстан, керісінше, есепті кезеңде бірден 10 позицияға немесе 10,2%-ға айтарлықтай өсім көрсетті. 2008 жылы Қазақстан рейтингте тек 81-орында тұрғандығын ескерсек, әжептәуір серпіліс бар.
Сонымен қатар теңізге шыға алмайтын елдер арасында Қазақстан EGDI ең жоғары көрсеткішімен бірінші орынды иеленді. Ал Азия елдері арасында Қазақстан Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және БАӘ-ден ұтылып, 6-орынға табан тірейді. Бұл ретте рейтингтің үш көрсеткішінің алғашқысын, онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейін дамыту бойынша Қазақстан бірден ең жоғары 0,92 балл алды.
Сондай-ақ қазақстандық Алматы қаласы жергілікті онлайн-қызметтер индексі деңгейі бойынша әлемнің 100 ірі қалаларының арасында 29-орында орналасқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде Ташкент те 56 орынға ие болып, осы топқа кіреді.
Қазақстанға осындай елеулі өсімді көрсетуге және көшбасшылыққа шығуға не мүмкіндік берді? Мемлекет пен eGov жобасының операторлары елімізде цифрлық жаңғыртуды дамыту үшін көп жылдық күш-жігердің негізгі себебі екені анық. Қазақстандағы электрондық үкімет қызметтерінің тікелей интеграторы қазіргі заманғы инфокоммуникациялық технологияларды дамыту үшін құрылған мемлекеттік компания – «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі.
«Зерде» холдингінің Басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов атап өткендей, бұл компанияның жұмыс моделі Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде Қазақстанға бейімделген және ТМД елдерінде баламасы жоқ. 1987 жылы Корея Республикасында ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (National Information Society Agency, NIA) құрылды, бұл – жоғары жылдамдықты телекоммуникациялық жүйелерді құруды және электрондық үкіметті дамытуды қоса алғанда, елдегі барлық ақпараттандыру процестеріне стратегия мен техникалық қолдауды әзірлейтін және іске асыратын жоғары ведомство. Қазақстанда осындай қызметті «Зерде» холдингі жүзеге асыруға тиіс. Электрондық үкіметті дамыту тұрғысынан қазіргі уақытта ҚР-да өте табысты нәтижелерге қол жеткізілді, оны БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің цифрлық үкімет жөніндегі басшысы Винченцо Акуаро атап өткендей, әлемнің басқа елдеріне тарату қажет.
Егер 2006-2010 жылдары электрондық үкімет жобасы қарапайым ақпараттық ресурс болса, бүгінгі күні бұл толыққанды платформа, оның көмегімен мемлекет жыл сайын миллиондаған мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындау процесінде халықпен өзара іс-қимыл жасайды. Жоғары нәтижелі сандар электрондық үкімет көрсететін қызметтер санының өсуін көрсетеді. Егер 2012 жылы онлайн-режимде мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 11%-дан астамы (77 түрі) қолжетімді болса, бүгінгі таңда қамту 90%-ға жақындады – қазақстандықтар Электрондық портал арқылы 700-ден астам мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. Салыстыру үшін қарасақ, Өзбекстанда электронды форматта 300-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі ұсынылған.
БҰҰ зерттеуінің өзінде атап өтілгендей, 2018 жылы Қазақстан жоғары топтан өте жоғары EGDI тобына өтті және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде электрондық үкіметтің даму қарқынын жеделдетуді жалғастырды, онлайн көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен санын жақсартты, АКТ-инфрақұрылымын кеңейтті және жалпы халықтың білім деңгейі мен цифрлық сауаттылығын арттырды.
«Осыған байланысты біздің еліміздің есебінде тағы бір маңызды сан бар екенін атап өткім келеді. Рейтингке сәйкес, Қазақстан барлық Азия елдері арасында 9-орында және электрондық қатысу көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында 1-орында. Бұл ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен азаматтарды саясатқа нақты тарту көрсеткішін айғақтайды», деді Арман Әбдірасылов.
БҰҰ бағалауына сәйкес, электрондық қатысу мемлекеттік шешімдерді қалыптастыру мен қабылдауға, мемлекеттік қызметтер мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге ықпал ету мүмкіндігінде көрініс табады. Осы мақсатта Қазақстанда Электрондық үкімет шеңберінде «Ашық деректер», «Ашық диалог», «Ашық НҚА», «Ашық бюджеттер» және «МО қызметінің тиімділігін бағалау» қосалқы порталдары ұсынған «Ашық үкімет» жобасы құрылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Электрондық қызметтер аудиториясын қамтудың өсу қарқыны бойынша да айтарлықтай алға шықты. Ал Өзбекстанда, қолда бар мәліметтерге сәйкес, өткен жылы бірыңғай порталда тіркелген пайдаланушылар саны миллионнан аз болды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2009 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде ғана 1000 есеге ұлғайды: егер 2009 жылы eGov-та небәрі 10 960 пайдаланушы болса, 2019 жылдың соңына қарай порталда 10 000 000 пайдаланушы тіркелді. Бұл елдің ересек халқының 70%-дан астамын қамтуға мүмкіндік береді, олардың саны Өзбекстанның жартысына жуығын құрайды.
Бүкіл әлемді қамтыған коронавирустық пандемия өз кезегінде онлайн режимінде мемлекеттік қызметтерді ұсынуға сұранысты арттырды. Күн сайын қазақстандықтар электрондық мемлекеттік қызметтерді пандемияға дейінгі кезеңнен 3 есе көп ала бастады. Қазақстанда төтенше жағдай кезінде ғана азаматтарға онлайн түрде 13,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
«Бүгінде электронды Үкімет бір портал аясында 700-ден астам ақпараттық жүйені қамтиды. Алайда біздің холдингтің командасы тек электрондық үкімет сервисінің экожүйесіне ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндігі іске асырылатын барлық серіктес экожүйелерге – оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларына да қызмет көрсететіні баршаға мәлім.
Пандемия кезеңінде eGov пайдаланушылары мен қызметкерлері серверлерге жүктеменің мол өсуінен бастап хакерлік шабуылдарға дейін бірқатар қиындыққа тап болды. Бұл барлық тәжірибе жаңа мемлекеттік қызметтерді онлайн-режимге ауыстыру және сервисті одан әрі дамыту стратегиясын құру процесінде ескерілді. Таяудағы 1,5 жылда біз электрондық үкімет жұмысының барлық техникалық инфрақұрылымына елеулі өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз, іс жүзінде оны қайта «көшіріп» алдық. Ауқымды жаңғырту нәтижесінде eGov порталы 10 есе жылдам жұмыс істеуге қабілетті болады. Осы міндетті шешу үшін Біз Холдингтің айналым қаражатына шамамен 2,5 млрд теңге инвестиция салуға ниеттіміз», деп уәде берді А. Әбдірасылов.
Сонымен қатар жақын арада әлемнің электрондық үкіметтерінің жаңа рейтингі жарияланады, оны БҰҰ сарапшылары әр екі жыл сайын жұртшылыққа ұсынады. Онда жүйенің қалай өзгергені, жасалу технологиясы, жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру көрсеткіштері ескеріледі.
Осындай сын-қатерлердің бірі ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдері болып саналады, олар әлемде цифрландыру процестерінің жеделдеуіне қарай экспоненциалды түрде өсуде. Бұл мәселе өз кезегінде БҰҰ Халықаралық электрбайланыс одағы шығаратын Киберқауіпсіздіктің жаһандық индексін (Global Cybersecurity Index) зерттейді. Рейтинг әлемнің 193 елінің киберқауіпсіздік саласындағы құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық шараларын, сондай-ақ даму әлеуеті мен басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын назарға алады. Егер 2015 жылы Қазақстан онда 118-орынды иеленсе, қазіргі уақытта ел 31-орынға жайғасып, өз позициясын күшейтті. Бұл жетістікте елдің ақпараттық жүйелерін сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға бағытталған «Қазақстанның Киберқалқаны» атты стратегиялық маңызды жобасы айрықша рөл атқарды. «Қазақстанның Киберқалқаны» бағдарламасы нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – елдің жаһандық киберқауіпсіздік индексіндегі позициясы, Арман Әбдірасылов кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығында өз жұмысы кезеңінде жоба тұжырымдамасын жасауға қатысушы ретінде енгізді.
Қазіргі уақытта «Киберқалқан» аясында сенімді электрондық өнеркәсіп өнімдері мен бағдарламалық қамтамасыз ету тізілімі құрылуда, 19 кибермониторинг орталығы ашылды, мемлекеттік органдарға қарсы хакерлік шабуылдармен күресетін ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Тиісті озық тәжірибе бүгінде жоғарыда көрсетілген киберқауіпсіздік индексінің жалпы есебінде 70 позицияға ұсынылған Өзбекстанның ұқсас жергілікті тұжырымдамалары мен жобалары шеңберінде ескерілуі және интеграциялануы мүмкін.