Елорда төрінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде отандық білім берудің белгілі қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Игібаевтың жеке қорында сақталған құнды қолжазбалары мен өткен ғасырлар куәсіндей тарихи құжаттардың тұпнұсқасы және жеке өмір жолынан мәлімет беретін фотосуреттер жиынтығынан көрме ұйымдастырылып, экскозицияға қойылған жәдігерлер түгелдей архив қорына тапсырылды.
- Мұндай мәдени үрдіс отандық архив ісінде бұрыннан бар тәжірибе, – деді шараны ашып, сөз сөйлеген мекеме басшысы Сағила Нұрланова.
Қазіргі таңда 50-ге жуық қазақстандық мәденит қайраткерінің жеке құжаттары мен олардың қорында сақталған құнды жәдігерлері архив қорына өткізілген. Атап айтар болсақ, қазақ археологиясының атасы ғұлама – оқымысты Марғұлан Әлкей, мемлекет және қоғам қайраткері түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков, арабтанушы Әбсаттар Дербісәлі, танымал жазушылар Әкім Тарази, Қойшығара Салғараұлы, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Жоғарыдағы үрдістің жалғасы ретінде бұл жолы – ұзақ жыл Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-де ұстаз болған тарихшы Советхан Қабдуәліұлының мұрасы архив қорын толықтырды.
Жиынға қатысушы және архивке тапсырылған жәдігерлердің төлиесі һәм ғалымның жары, педагогика ғылымдарының докторы Айнагүл Құрмашқызының айтуына қарағанда, 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келген, Советхан Игібаев 1970 жылдан бастап тарихы ғылымымен тұрақты айналысып, 1980 жылдары «Частная золотопромышленность дореволюционного Казахстана (1833-1917 гг.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, кейіннен 1991 жылы «Промышленные рабочие дореволюционного Казахстана: численность, состав положение (1861-1917 гг.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған екен.
Сонымен қатар, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Мәскеу, Барнаул, Омск қалаларының архив мекемелерінде болып, Алашорда тарихына қатысты тың құжаттар тауып келіпті. Атап айтқанда, 1917 жылдың қазан айында Томск қаласында жалпы Сібір съезінде Сібір автономиясын құру жайлы мәселе талқыланған жиында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөйлеген сөзі және Барнаул мұрағатынан жалынды жыршы Сәкен Сейфуллин жайлы деректер тауып әкелген. Сонымен қатар, ғалым ағамыз 1996 жылы АҚШ-тағы Стенфорд университетінде тағылымдамадан өту кезінде, аталмыш оқу орнының ғылыми қорынан қазақ тарихына қатысты тың құжаттар тауып әкелген. Бұл жәдігерлердің барлығы Ұлттық архив қорына тапсырылды. Атамыз қазақ «жақсының аты қалады, ғалымның хаты қалады» дегендей, өзі өмірден өтсе, қазақ ғалымының артында қалған мұрасы лайықты орынға жайғасты.