• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Маусым, 2022

Тұрғындар талабы ескеріле ме?

520 рет
көрсетілді

Әкімдік 25 қабаттан тұратын «Эгалите» тұрғын үй кешенінің жанындағы сүрілген жатақхана орнына, тағы да көпқабатты үй салмақшы. Бұған тұрғындар түбегейлі қарсы. Себебі бұл маңға балалар алаңқайы жетіспейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үйлердің қасына балабақша, мектеп немесе балалар алаңын салу керектігін шегелеп айтқанын ескерсек, тұрғындардың талабы орынды.

Астанадағы Абай және Адольф Янушкевич көше­ле­рінің қиылысында «Эгалите» деген тұрғын үй кешені орналасқан. Өкінішке қарай, әрқайсысы 25 қабаттан тұратын үй дау-дамайдан арылар емес. Бұл жолы тұр­ғын­дар балалар ойнайтын алаң мен автотұрақтың жоқтығына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Тұрғын үй кешеніндегі мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) басшысы Бүркітбай Қоңыратовтың айтуынша, үш үйге іргелес орналасқан жатақхана былтыр сүрілген екен. Оның орнына балалар ойнайтын алаң мен автотұрақ немесе мектеп салынады деп уәде берілген. Бұл хабарды тұрғындар қуанышпен қабылдады. Алайда жуырда көпшіліктің сол қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені бұл жерге тағы да көпқабатты тұрғын үй салынбақ екен. Бұған тұрғындар түбегейлі қарсы.

– 600 пәтерлік (әр үйде 200 пәтерден) тұрғын үй кешенінде балаларға арналған қуықтай ғана алаңқай бар. Әр үйде кем дегенде 100-300 бала тұратынын ескерсек, ойын алаңқайы аздық етеді. Оның үстіне мұнда жас отбасылар тұрады. Демек алдағы уақытта балалар саны тағы да көбейеді. Әрине, бұл жақсы. Бірақ соларға лайықты жағдай да жасауымыз керек. Дәл қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің балаларына ешқандай жағдай жасалмаған. Жақын маңда футбол ойнайтын алаң бар. Бірақ ересек балалар кішкентай ұл-қыздарды бұл жерге жолатпайды, – дейді Б.Қоңыратов.

Райхан Макина есімді тұрғын тағы бір мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, тұрғын үй кешенінде көлік қоятын орын жетіспейді.

– Қазір екінің бірінде көлік бар. Техниканың болғаны жақсы-ақ. Бірақ біздің үйдің ауласында көлік қоятын орын жетіспейді. Сондықтан тұрғындар балалар ойнайтын шағын алаңқайдың айналасына көліктерін қалдырып кетеді. Ауламыз тар. Кішкентай бүлдіршіндерді аулаға шығару қауіпті. Міндетті түрде ере­­сектердің біреуі бас-көз болып жүру керек. Сон­дық­­тан автотұрақ мәселесін де шешкен дұрыс, – дейді Р.Макина.

Күні кеше тұрғындарға Байқоңыр аудандық әкім­ді­гінен арнайы хабарлама келіпті. Онда былтыр сүріл­ген жатақхананың орнына көпшілік күтіп жүргендей балалар алаңы мен автотұрақ емес, көпқабатты тұрғын үй салынады екен. Құрылыс жұмыстары алдағы қыркүйекте басталады деп күтілуде.

– Біз бұған мүлдем қарсымыз. Бұл жерге әуелде уәде етілгендей балалар алаңы немесе автотұрақ салынуы керек. Егер көпқабатты тұрғын үй салынатын болса, дәл қазіргі уақытта біз бетпе-бет келіп отырған проблема одан әрі ушыға түседі. Сондықтан тым болмаса балалар ой­найтын алаң салып берсе екен, – дейді тұрғындар.

Р.Макинаның айтуынша, тұрғын үй кешенінің аула­сы тар болғандықтан, үйлердің арасымен жүру де қауіпті. Әсіресе қыста қар шығарғанда қиындық туды­­рады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай біздің өтінішіміз ескеріліп, балалар алаңының салынатынына сенімді болған едік. Алайда уәде сөз күйінде қалып отыр. Сондықтан ел Президентінен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімінен көмек сұраймыз. Жоғары жақтағылар біздің үні­мізге құлақ түрсе екен. Оның үстіне Мемлекет бас­шы­сының ендігі жерде көпқабатты тұрғын үйлердің айналасына саябақ, балалар алаңы, мектеп секілді нысандарды көптеп салу керек деген тапсырмасы бар. Осыны да естен шығармаған абзал, – дейді Райхан Макина.

Қысқасы, «Эгалите» тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз талаптарының толықтай орындалғанын қалайды. Бұл мәсе­леге жергілікті әкімдік те назар аударады деген ойда­мыз.

 

Балжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

 

НҰР-СҰЛТАН