• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Референдум-2022 07 Маусым, 2022

Жаңа дәуірдің бетбұрысты кезеңі

388 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің азаматтары ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын», деген еді. Сол сияқты, Президент өзі үшін ел амандығы мен жер тұтастығынан артық ештеңе жоқ екенін баса айтқан болатын.

Кешегі референдум ең алдымен, Ата Заңымызға өзгерістер енгізуді көздеді. Еліміз жаңа дәуірдің бетбұрысты кезеңіне қадам басты, айтулы күні біртұтас Қазақстан халқы өз болашағы үшін дауыс берді. Осы күні Қазақстан халқының толағай тұтастығы, Президентке деген сенімі, мызғымас бірлігі тағы да айқын көрінді.

Алда болатын конс­ти­туциялық реформалар – мем­лекетіміз үшін, ондағы әрбір азаматтың болашағы үшін аса маңызды. Кез келген дамыған елде адам құқығы бірінші орында тұратыны рас. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қанатты сөздің мағынасы тереңде жатса керек. Қоғамның іргесін берік қалайтын әрбір қазақстандық өз құқығы­ның нақты қорғалатынына сенімді болмайынша, жарқын болашаққа қарыштап қадам баса алмасымыз анық. Бұдан былай, Адам құқықтары жөнін­дегі уәкілдің мәртебесі артады, мұндай дәрежедегі уәкіл аза­мат­тардың құқықтары толық қорғалатынына кепілдік береді.

Ендігі жерде әкімдердің дербестігін арттыру да көзделіп отыр, халық әкімдерді де өздері сайлайтын болды. Бұл енді тұрақты үрдіске айна­лады. Қазірдің өзінде облыс, аудан, қала әкімдерін сайлау­ға да­йын­дық жүргізіліп жатыр. «Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті ор­ны­ғуы қажет. Бүкілхалық­тық ре­ферендум жаңа әділетті Қазақ­станды құрудың маңызды бастамасы болмақ» деген Мемлекет басшысының сөзінен Қазақстанды алға дамытуда түбегейлі пайымы бар, аса тәжірибелі көшбасшының табанды көзқарасы тайға таңба басқандай көрінеді. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық ойшыл ретінде үлкен реформаның бастамасын ұсынып, оны халқымыз бір ауыздан қолдады. Биылғы жылдың 12 маусымында Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет басшылығына келгеніне үш жыл толады. Референдум сол айтулы күннің қарсаңына тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде ол кісінің ел егемендігін құрмет тұтатыны, жоғары бағалайтыны және ел мүддесін жанын салып қорғайтыны көрінді. Қаңтар оқиғасы кезінде ел тәуелсіздігіне қаншалықты қауіп төнгеніне бәріміз куә болдық, сол кезде мемлекет мүддесі үшін нақты шешім қабылдай білген ел басшысының табандылығы мен қайсарлығын қазақстандықтар ұмытқан жоқ.

Саясатта шалт қимылға жол берілмейді, әсіресе қазіргідей күрделі геосаяси жағдайларда әр қадамымызды ақылмен, байыппен қарауымыз керек. Басқаша болғанда, оның арты орасан зор қатерге, зардапқа әкеліп соғуы мүмкін.

Кешегі референдум саяси трансформациясының бас­тамасы ғана. Бұдан былай суперпрезиденттік басқару үлгісі келмеске кетіп, ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика орнамақ.

Ел басшысы қоғамда орын алған ескірген стереотиптер мен жалған ғылыми идеяларға байланысты құбылыстарға сын айтып, дамудың шынайы заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан түсінетін қоғамда теріс көзқарастарға орын жоқ екенін айтқан болатын. «Елімізде білім мен даму үстемдік етуі керек. Жаңа идеяларды тудыратын еркіндік пен шығармашылық атмосферасы – қазіргі әлемдегі негізгі табысты фактордың бірі болуы тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзін әр Қазақстан азаматы қолдайтынына сенемін.

 

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,

запастағы генерал-полковник