Балалар жылына орай Қызылордада өткізіліп жатқан іс-шараларға «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы көп үлес қосып отыр. Орталық мамандары соңғы аптаның өзінде атаулы жыл аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында «Бақытты балалық шақ» тақырыбында облыстық бейнеролик байқауын, «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық сайысын, «Жұлдызай-2022» Ұлттық инклюзивті ойындарының облыстық кезеңі мен «Qabilet балалар көзімен» тақырыбында өткізілген республикалық байқауды сәтті өткізді.
«Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы бейнеролик байқауы онлайн форматта өткізіліп, оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру арқылы бос уақытын тиімді пайдалануға бейімдеуді мақсат еткен сайысқа 18 балдырған қатысты. Бала бойына эстетикалық қабілет дарытуды көздеген байқау қорытындысы бойынша 10 бөбекжай-бақша тәрбиеленушілері жеңімпаз атанып, облыстық білім басқармасының алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
– Ұлт әдебиетін байытқан Мағжан Жұмабаев шығармашылығы қазақтың сарқылмас қазынасы. Жылдағы дәстүрге облыстық білім басқармасының қолдауымен оқушылар арасында өткізілген сайыста ақынның өлеңдері оқылып, солақай саясат құрбаны болған қаламгердің рухына құрмет көрсетілді, – дейді облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Күлжахан Сағындыққызы.
Жалпы, білім беру ұйымдарындағы 7-11-сынып оқушылары арасында өткен «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауына қала мен аудандардан 30-дан астам оқушы қатысып, аз ғұмырында ұлты үшін ұлан-ғайыр іс бітіріп кеткен сөз зергерінің шығармашылығын насихаттауға үлес қосты. Сайыс қорытындысымен жеңімпаз атанған 14 оқушы марапатталды.
Осы іс-шаралармен қатар орталық облыстық білім басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Нұрсәт» теннис орталығында ерекше қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктері бар балалар арасында «Жұлдызай-2022» ұлттық инклюзивті ойындардың облыстық кезеңін ұйымдастырды. Балалар жылына орай өткен сайыста оқушылар голбол, үстел теннисі, асық ату, бестас, мини-футбол, пара-каратэ және жеңіл атлетика спорт түрлерінен сайысты.
Дәстүрлі спартакиаданың облыстық кезеңіне қала мен аудандардан және арнаулы мектеп-интернаттардан 67 оқушы қатысып, жеңімпаз атанған 36 қатысушы жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпы, ұлттық инклюзивті ойындардың даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды спортқа тарту мен оларды әлеуметтендірудегі маңызы ерекше. Осы сайыс жеңімпаздары алда өтетін республикалық кезеңге жолдама алып, аймақ абыройын қорғайды.
Облыста «Qabilet балалар көзімен» тақырыбына өткізілген республикалық байқау да сәтті ұйымдастырылды. Оған «Qabilet» жобасының 10-11 жастағы 18 оқушысы қатысып, бақтарын сынады.
Шығармашыл, өнерлі де талантты жастарды анықтап, қолдауға арналған сайыста Қазалы ауданы №92 мектептің 4-сынып оқушысы Әлинұр Толыбай, Қызылорда қаласы, №136 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Айдана Дүйсенбаева, Қармақшы ауданы, №274 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Алуа Калмырзаева жеңімпаз атанды.
Оларға «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының сертификаттары, арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар оқушылар салған үздік суреттер қыркүйек айында Нұр-Сұлтандағы I халықаралық психологиялық форум қонақтарының назарына ұсынылады.
Атаулы жылдағы осындай шаралар өнерлі өрендерге өріс ашып отыр.
Қызылорда