Бүкіл адамзат мойындаған, шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ғылымы күшті елдің болашағы кемел» деген қанатты сөзі мыңдаған жыл бұрын айтылса да, өзектілігі әр ғасырда жойылған емес. Қазіргі жаһандану заманында да ғылымның дамуы – әр мемлекеттің рухани және экономикалық күш-қуатының еселенуін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ғылым – білімнің жоғарғы сатысы. Бұлар бір-бірімен астасып, тұтасып жатқан бірегей сала.
Биыл 2 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толғанына орай өткен жалпы жиналысының сессиясына қатысып, отандық ғылымның дамуына қатысты тың бастамалардың қолға алынатынын жариялағаны жаңа технологиялар дәуірінің басталғанын білдіреді. Бұл шешім ғылымға деген бар күш-жігерін аямай келе жатқан 22 мыңдай ғалым-әріптесіміздің бойына жаңа серпін, қуат бергенін ризашылықпен атап өтуге болады. Мысалы, Қазақстанның ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленіп, 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржының ІЖӨ үлесіндегі көрсеткішін 1 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы алдағы көп нәрсенің бастауы деп білеміз.
Президенттің сөзінен туындайтын басты тұжырым: ХХІ ғасырдағы дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Мемлекеттің инновациялық ғылыми-техникалық жетістіктері де, халықаралық аренадағы орны мен ықпалы да ғылыммен бағаланады. Ол үшін еліміздегі осы саланы уақыт сұранысына бейімдейтін Ғылым академиясы – Жаңа Қазақстанның интеллектуалды тірегі. Ал білімді, ғылымды дамытатын, қол жеткізген нәтижелерді өндіріске енгізетін озық ойлы, халықаралық ғылыми ортада танылған ғалымдар шоғыры бізде жетерлік. Осы салада көшбасшы болып жүрген тұлғаның бірегейі, ғылымдағы менің әріптес інім, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Аграрлық бөлімнің меңгерушісі, академик Тілектес Есполов.
Бүгінгі таңда жоғары білім беру мен ғылымды басқару жүйесі әлемдік тәжірибеге сай жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздегі университеттердің ғылыми әлеуеті нығайып, олардың ғылыми-зерттеу орталықтарымен және өндіріспен интерациялануда алға шыққанын көріп отырмыз. Осы ретте академик Тілектес Исабайұлы басқаратын, Жаңа Қазақстанның аграрлық білімнің көшбасшысы, 90 жылдан астам тағылымды тарихы бар – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің орны ерекше. Ресей ғылым академиясының академигі, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Владимир Трухачевтың осы оқу орны туралы: «ҚазҰАЗУ Қазақстанда ғана емес, ТМД және Орталық Азия елдерінде аграрлық білім берудің, ғылым мен практиканы интеграциялаудың флагманы саналады және агроөнеркәсіптік сектордағы көрнекті ғалымдардың буыны қалыптастырған үздік дәстүрлерді сақтай отырып, халықаралық қауымдастықта жаңа білім мен озық даму бағдарламаларын жасайтын, заманауи халықаралық тәжірибеге негізделген оқыту модельдері мен инновациялық технологияларды пайдаланатын зияткерлік орталық» дегені әділ де, жоғары баға деп білеміз. Айта кетейік, Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – МАША мен ҚазҰАЗУ екеуі де QS әлемнің үздік университеттерінің рейтингісіне кіреді.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өз тарихында ел экономикасының аграрлық секторы үшін қаншама атақты ғалымдар мен жоғары білікті мамандар тобын тәрбиелеп шығарды, әрі үздіксіз даярлап келеді. Университет түлектері шын мәнісінде еліміздің ғылыми, білім беру, саяси, экономикалық және мәдени элитасын құрайды. Сол сияқты, аға буын ғалымдардың қалыптастырған үздік дәстүрлерін берік сақтау, жалғастыру, үлкенді сыйлау, өткенді ұмытпау – парасаттылықтың белгісі. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Тілектес Исабайұлы әрдайым өзінен бұрынғы осы университетте басшы болған Хайдар Арыстанбеков, Зейнолла Қожабеков, Қалдыбек Сабденов, Тілепбай Тазабеков, Борис Шах, Кенжеғали Сағадиев сынды ректорлардың жасаған ізгі істерін жалғастырып, олардың есімдерін құрметтеп, ізетті, ілтипатшыл азаматтық биік болмысын байқатып келеді. Тілектес Исабайұлы көпті көрген, университетке еңбегі сіңген ұстаз-ғалымдарға да сый-құрмет көрсетуден жаңылған емес. Солардың арасында өзіне ұстаздық жол көрсеткен Зұлқарнай Сейітов, Қилыбай Медеубеков, Мұхтар Алшынбаев, Рашид Куватов, Рахым Оразалиев, Петр Иванов т.б. көптеген ғалым тұлға жеткілікті.
Сәл шегініс жасайын. Мен білетін Тілектес Исабайұлы ғылымға деген ынта-жігерімен, бойындағы табиғи талантымен, ұйымдастырушылық іскерлігімен ел-жұртқа ерте танылды. 1977 жылы Мәскеу қаласындағы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық Гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, 1984 жылы докторантурасын бітіріп, үлкен мектептен өтті. Халықаралық ортада беделді оқымыстылар – техника ғылымдарының докторлары, профессорлар Давид Меламут, Леонид Бадаев, сондай-ақ Қазақстан тарапынан ғылыми кеңесші ретінде Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Лашкар Тәжібаев сынды тұлғалардан тәлім алып, ғылымдағы тұғыры беки түсті. Техника ғылымдарының кандидаты атанып, өзінің білім алған Қазақ ауыл шаруашылығы институтында «Сумен қамтамасыз ету және суландыру» кафедрасының аға оқытушысы, доцент, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Салалық ғылыми-өндірістік зертханасының меңгерушісі қызметтерінде шыңдалды.
Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңдерінде де өзінің сара жолынан жаңылған жоқ, нарықтық реформалар жүзеге аспай жатқан қиын уақыттарда да ғылымнан қол үзген жоқ. Өрелі істер көрсетті. Өте байыпты, алдына айқын мақсаттар қойып, соған жетуде ұйымдастырушылық қабілетімен әр кезде өз әріптестерінің арасында шоқтығы биік көрінетін Т.Есполов 1993 жылы Индустриалды колледжінің директоры, кейінірек Алматы индустриалды-педагогикалық академиясының тұңғыш ректоры атанды.
Басшылық қызметпен қатар, қиындығы мол ғылымнан да қол үзбей, өзінің таңдаған тақырыбын тереңдете зерттеумен айналысты. Бірнеше жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1997 жылы «Қазақстанның шөлді-шөлейтті аумағының ресурстық әлеуетін бағалау және өсімін молайтуды басқару мәселелері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Оның ғылыми жұмысы нарықтық қатынастарды дамыту жағдайында елдің табиғи ресурстарын экономикалық бағалау және басқаруға арналған алғашқы тың зерттеулердің бірі. Осылайша, отандық ғылымдағы өз орнын берік айқындаған Т.Есполов 2001 жылы профессор ғылыми атағына ие болып, дәл осы жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне ректор болып тағайындалды.
Қазіргі уақыт – білектің емес, білімнің заманы. Ұлттық зерттеу университетіне, соның ішінде бұрынғы Қазақ ауыл шаруашылығы мен Алматы зоотехникалық малдәрігерлік сияқты екі ірі институттың базасында пайда болған заманауи ЖОО-ға жетекшілік жасау оңай шаруа емес. Тілектес Исабайұлы жетекшілік жасаған жылдары білім мен ғылымды басқарудың халықаралық стандарттарына негізделген ұлттық жоғары оқу орнына трансформациялану үдерісі өз нәтижесін беріп, білім берудің әлемдік деңгейдегі ЖОО қатарына көтерілгеніне куәміз. Университеттің цифрлы трансформациясын нығайту нәтижесінде оқытудың білім беру бағдарламалары жаңартылып, жаңғыртылды, корпоративтік басқарудың ашық жүйесі құрылды, ЖОО-ның қызметіне бизнес-қоғамдастық тартылды. Тек соңғы жылдары ғана дамыған шетелдерде білім алған 200-ден астам жас ғалымдар ЖОО оқытушыларының қатарын толықтырды. Кафедра меңгерушілерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының 57%-ы жас ғалымдар.
Т.Есполовтың басшылығымен университет Еуропалық білім беру кеңістігіне кірді, Болон декларациясына қосылды және университеттердің Еуропалық қауымдастығына мүше болды. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары басшылыққа алатын зерттеу университетінің қазақстандық моделі әзірленді. Әзірленген модель ТМД-ның жетекші аграрлық университеттері үшін де ұсынылды, олардың көпшілігі бүгінде ұлттық зерттеу университетіне айналу тәжірибесін қабылдады. Трансформацияны тиімді жүргізу үшін университеттің дамуының 5 басым бағыттары анықталып, Жол картасы жасалды.
2015 жылы университеттің Білім және ғылым министрлігі қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілуі жоғары оқу орны дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды және академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге, мемлекет-жекеменшік серіктестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік берді.
Ұжымдық қажырлы еңбектің нәтижесінде алынған ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру тетіктері белсенді түрде әзірленуде, биоресурстар және табиғатты пайдалану саласында аграрлық нарық талап ететін бизнес-жобалар портфелі қалыптастырылды. Осы жобаларды іске асыру үшін «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, бизнес-құрылымдармен тұрақты байланыстар орнатылды, өндірістік жағдайларда инновациялық жобаларды орындауға шарттар жасалды. Университетте ректордың бастамасымен түлектер Қауымдастығы, үздіксіз аграрлық білім беру жүйесін жүзеге асыратын мектеп (лицей) – колледж – университет «Агробілім», «Кіші академиясы» ашылып, табысты жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне консультациялық, ақпараттық, заңгерлік және маркетингтік қызмет көрсету үшін ҚазҰАЗУ республиканың 9 облысындағы 88 ауданды қамтитын «Экстеншн» білім тарату жүйесін енгізді, Қазақстандағы фермерлердің жалғыз жоғары мектебін ұйымдастырды. Осылайша, университет ғалымдары ғылыми әзірлемелері мен ұсынымдарын ауыл еңбеккерлерімен бірлесе іске асыруда.
Қазіргі таңда ҚазҰАЗУ әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орнымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келеді. Жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі. Университет ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесінде, Алматы аймақтық ректорлар Кеңесінде төрағалық етеді. Осындай әлемдік ғылыми орта қадір тұтып, санасатын биіктерге әр жылдардағы қалыптасу, даму кезеңдеріндегі қажырлы, ұжымдық еңбектің нәтижесінде қол жеткізгені даусыз.
Осындай ауқымды істердің нәтижесінде жоғары оқу орны 2020 жылғы 23 қазанда Үкімет қаулысымен «зерттеу университеті» мәртебесіне ие болды. Оқу орнының ғаламдық қауымдастық орбитасындағы жаңа дәуірі басталды. Ғылымның басты миссиясы – өмір сүру сапасын арттыру. Академияның басшысы ретінде мені Президенттің ауыл шаруашылығына қатысты ұсыныстары ойландырғанын жасыра алмаймын. Таяуда өткен Ұлттық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «...агроөнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қолдау көрсетіп, қымбатшылықты болдырмау үшін ауылшаруашылық тауарларын мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағада сатып алу мәселесін қарастыру қажет», деп, бүгінгі қиындықты еңсерудің жолдарын атап көрсетті. Өз кезегінде бұл тапсырма бүкіл агрокешен саласындағы құрылымдарға, әсіресе ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Халықты азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етудегі инновациялық ғылымның алар орны мен рөлінің айрықша бөлек екенін Т.Есполов сияқты ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарынан артық ешкім білмейді.
Университеттегі ең үлкен жетістіктің бірі осы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал жасау үшін үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу мақсатында Халықаралық агротехнологиялық Хабтың құрылуы. Агрохаб аграрлық ғылым, білім және өндірістің өзара іс-қимылын үйлестіретін кешенді алаңға айналды, әрі Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға байланысты Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі орындауға ықпал етуде.
Агрохабтың құрамында: АҚШ, Нидерланд, Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Зертханалар халықаралық агенттіктермен аккредиттелген және өзге де жоғары оқу орындары, ҒЗИ мен агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық. Университетте ТМД-дағы көптеген жоғары оқу орындарына үлгі боларлық бірегей зерттеу орталықтары мен зертханалар бар. Соңғы үш жылда 2 инновациялық орталық, 2 заманауи зертхана ашылды. Соның бірегейі – 2020 жылы университеттің Халықаралық вакцинология ғылыми-зерттеу орталығында «Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығымен» бірлесе отырып, шетелдік серіктестер – Огайо штатының Университеті (АҚШ) және Vaxine биотехнологиялық компаниясының (Аустралия) қолдауымен COVID-19-ға қарсы 2 вакцина жасалды: олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне COVID-19-ға қарсы вакциналық үміткерлер ретінде енгізілген. Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында жануарларды генотиптеу, биоматериалға метагеномдық талдау, электрондық-микроскопиялық және басқа да зерттеулер жүргізіледі.
Тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын зерттеу инновациялық орталығында өсімдік және жануар тектес шикізаттарды қайта өңдеу бойынша тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологиялары жетілдірілуде және жаңа технологиялары әзірленуде. Тұрақты егіншілікті зерттеу орталығында ғалымдар Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығымен бірлесіп ауыл шаруашылығы жерінің құнарлығы мен сапасына мониторинг жүргізуде.
Ғылымның қозғаушы күші – бәсеке, қоғамдағы сұраныс. Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасын меңгерген агроинженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлауды күшейту, азық-түлік өнімдерінің тұқымдық сапасын арттыру үшін Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы құрылды, ол 75 бірлік трактормен, комбайнмен және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды. Бұл дегеніміз ауылшаруашылық ЖОО-да бұрын-сонды болмаған жаңалық. Біз соңғы жылдары университетте халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз, соның нәтижесінде Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесе отырып, Қазақстан-Нидерланд «Интенсивті бақ» зерттеу орталығы, Корея Республикасының қорымен бірлесе «Ақылды жылыжай» Қазақстан-Корея зерттеу орталығы, Корнель университетімен (АҚШ) бірге микроклональды көбею зертханасы, Мичиган штатының университетімен (АҚШ) бірге 14 заманауи зерттеу зертханасы бар Су хабы құрылды.
Университет инфрақұрылымындағы тағы бір инновациялық нысан – Агротехнопарк, онда ЖОО ғалымдары инновациялық технологияларды, техниканы Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайларына бейімдеу әдістерін жүргізеді. Ғалымдар Дүниежүзілік көкөніс өсіру орталығымен (WVC) ынтымақтаса отырып, қызанақ, картоп, бұрыш, салаттың 5 ерекше сортын шығарды. Алматы қаласының символы «Алматы алмасын» қалпына келтіру және «Павловния» ағашын отырғызу бойынша жоба іске асырылуда.
Осындай инфрақұрылымды құру – университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді. Мысалы, Монпелье (Франция) университетімен бірлесіп ашылған референттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысады, онда ауыл кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің сапасы бойынша сертификат ала алады. Т.Есполовтың университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылы бойынша жүйелі жұмыстарды құруға көп көңіл бөлетіні құптарлық іс. Осы мақсатта түлектердің болашағына, олардың еңбек нарығындағы сұранысына әсер ететін кері байланыс тетігі жасалды.
Университеттің келесі бір жетістігі – ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа моделін енгізу. Сөз магистрлер мен PhD докторларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп даярлау туралы болып отыр. Диссертация жетекшілері де ҒЗИ мен университет ғалымдары. ҚазҰАЗУ-де 17 мамандық бойынша докторлық диссертацияларды (PhD) қорғауға арналған 9 диссертациялық кеңес бар. Тілектес Исабайұлының ұсынысымен 3 ғылыми-зерттеу институты және 1 ғылыми-өндірістік орталығы университет басқаруына берілді. Қазір магистранттар мен докторанттар білім беру бағдарламаларының бағытына қарай университетте теориялық курстарды, ал тәжірибелік, зертханалық сабақтарын ҒЗИ базасында өтеді.
Ғылымда шекара жоқ, АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің жетекші серіктес жоғары оқу орындарымен 11 қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын басқару» қос дипломды магистрлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Ұстаз-ғалым ретінде Тілектес Исабайұлының да өзіндік үлкен ғылыми мектебі қалыптасқан. Оның тікелей жетекшілігімен 66 ғылым кандидаты, 25 доктор және 7 PhD докторы даярланды. Ғылымды игерген талантты жастар университеттің ғана емес, тұтас еліміздің қуатты күші. Сондықтан, ғылыми-білім беру кеңістігінде сұранысқа ие, бəсекеге қабілетті, жоғары мəдениетті жəне білікті, зерттеуші мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалуда. ҚазҰАЗУ білім беру жүйесінде бірқатар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. QS WUR-2022 пәндік рейтингінде алғаш рет «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ-401-ге кірді. Жуырда халықаралық QS-2023 бойынша әлемнің үздік университеттері рейтингісінде 481 орынды иеленді. Ендігі мақсат – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет атану.
Тілектес Исабайұлы жастардың тәрбиесіне, рухани дамуына да ерекше көңіл бөледі. Бір сөзінде: «Біздің университетте оқып жатқан білімгерлердің басқа оқу орындарына қарағанда ерекшеліктері көп. Себебі студент жастардың 98%-ы ауыл балалары. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жастардың табиғи тазалығын сақтап, еркіндігін тұсауламай, талабына қолдау көрсетіп, білімі мен өнерін ұштауды, ең алдымен, өзімнің, сосын осы ұжымның ортақ міндеті деп есептеймін», дегені өмірлік ұстанымын айқындайды.
Ұстаз-ғалым Т.Есполов университеттің сан қырлы қызметіне қарамастан ғылыми зерттеулерін сәтті ізденістермен жалғастыруға мүмкіндіктер таба білді. Ол еліміздегі су ресурстарын экономикалық жағынан тиімді басқаруға, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 500-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде 30-дан астам монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының авторы, 40-тан астам патенттер мен өнертабыстардың иегері атанды.
Тілектес Исабайұлы жер үсті суларын ұтымды пайдалану тәсілдерін терең зерттеді. Көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қорытындылары География ғылыми-зерттеу институты мен Гидрогеология және геоэкология институты ғалымдарының «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжам, басқару» атты 30 томдық бірегей ғылыми еңбектеріне еніп, ол Қазақстан тарихында алғаш рет жарық көрді. Бұл ғылыми жаңалық – мәңгілік құндылық, барша адамзат баласына ортақ сарқылмас қазына. Осы ғылыми еңбегі үшін Тілектес Исабайұлы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Аграрлық ғылым мен білімді дамытуға қосқан зор үлесі үшін ол отандық және шетелдік академиялардың: Ұлттық Ғылым академиясының, Ұлттық Инженерлік академиясының, Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Ресей Ғылым академиясының, Украина Ұлттық аграрлық ғылым академиясының, Моңғолия Ғылым академиясының мүшесі болып табылады. Жақын және алыс шетелдің 14 жетекші жоғары оқу орындарының құрметті докторы және профессоры атанып, ел абыройын да асқақататып жүр.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті,
академик, профессор, химия ғылымдарының докторы