• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2022

Шет ауданында үздік балалар велосипед мінді

336 рет
көрсетілді

Шет ауданында жергілікті  білім бөлінің ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында ауқымды іс-шара өтті, деп жазады Egemen.kz.

Кенттегі  стадионды халайыққа лық толтырған бұл жиында әртүрлі шығармашылық байқауларда, спорттық жарыстарда жүлделі орындар алып, аудан мен облыстың мерейін асқақтатып жүрген шәкірттерге сый-құрмет көрсетілді.

Атап айтқанда, Мәскеу қаласында онлайн режімінде өткен халықаралық «Математика және жобалау» конкурсының ІІІ дәрежелі диплом иегері, Алматы қаласында өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механикадан халықаралық ғылыми жобалар конкурсының қола жүлдегері  Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Аружан  Темірлан «Жас ғалым» аталымы бойынша, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасының қола жүлдегері Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Аружан Төлеутаева «Олимпиада жұлдызы» номинациясы бойынша марапатталды.

Ал «Өнерлі өнерпаз» аталымы бойынша Ақсу-Аюлыдағы С.Мұқамеджанов атындағы балалар өнер мектебінің  вокал сыныбының 5-сынып оқушысы Нұрайлым Айбекова  облыстық «Туған еліме мың алғыс» атты патриоттық әндер байқауында 1-орын алған жетістігі үшін сый-құрмет көрсе, Шымкентте өткен асық атудан Ұлттық мектеп лигасы ел чемпионатында қола жүлде алған Әлихан негізгі орта мектебінің 7-8-сынып оқушылары  Ханшайым Тұрымтай, Рауан Жеңіс, Іңкәр Батай, Гүлсая Мәжит, Инабат Мәжит «Спорт саңлақтары»  номинациясы бойынша марапатталды.

Сондай-ақ, «Оқулар жеңімпазы» аталымында облыстық «Ілияс оқуларының» 1-орын иегері және Талдықорған қаласында өткен республикалық «Ілияс Жансүгіров оқуларына» қатысып, ынталандыру сыйлығына ие болған Киікті ауылындағы С.Мұқамеджанов атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Нұртай үздік шықты.

Бұдан бөлек, қамқоршылық  пен қорғаншылық патронаттық тәрбиедегі төрт балаға да сый-сияпат жасалды.

Шет ауданының жақсы атын облыс пен ел көлемінде шығарған ұл-қызға жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік етуімен велосипедтер сыйға тартылды. Жомар жандардың қатарында «Тазалық» ЖШС директоры Ғазиз Әміров, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Биғожи, жеке кәсіпкерлер Мұрат Әбенов, Қайрат Қанжанов, Әсел Мырзағалиева, Анария Исина, Мейрамбек Оспанов, Айдын Телпекбаев, Алмас Әупешов, Мақпал Сәттібаева және басқалар болды.

Шет аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлов қайырымды істен қағыс қалмай, елдің ертеңіне балаған жас өскіннің алдында жолынан жығылмаған жомарт жандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Одан кейін, аудандық әкімдік тарапынан балаларға базарлық ретінде тегін балмұздақ таратылды.

Мерекелік жиынның соңына таман жиылған қауым өнерлі балалар салған әсем әнді тыңдап, мың бұралған биді тамашалап, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға ризашылықпен тарасты.