Қазақстандық теннисші Александр Недовесов жұптық сында Штутгарт ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың екінші ракеткалары, аустралиялық Джон Пирс пен словакиялық Филипп Полашекпен өткізді.
Қазақстандық-пәкістандық жұп қарсыластарын 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтты. Олар 1 сағат 20 минутқа созылған матч барысында 9 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Д.Пирс 2017 жылы жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанса, Ф.Полашек өткен жылы дәл осы «Үлкен дулыға» жарысында озып шыққан еді.
Енді А.Недовесов пен А.Куреши жүлде қоры 770 мың еуроға жуықтайтын доданың жартылай финалына шығу үшін канадалық Денис Шаповалов пен үндістандық Рохан Бопаннамен кортқа шығады.