Энергетика министрлігінде қуаты 1 ГВт жаңартылатын энергия көзінің ауқымды жобасын іске асыруға бағытталған қағидаттар туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «TotalEnergies» КТ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 26 мамырдағы Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде қуаты 1 ГВт ЖЭК ірі ауқымды жобасын іске асыруға бағытталған қағидаттар туралы келісім жасасты.
Қол қою рәсіміне ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Азияда бизнесті дамыту бойынша «Total Еren S.A.» вице-президенті Антуан Гарэ, Қазақстандағы «TotalEnergies» Бас директоры Ахлем Фрига-Ной қатысты.
Қол қойылған құжат энергияны жинақтау жүйесін пайдалана отырып, жалпы қуаты 1 гигаватт жел электр стансаларын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған.
Объекті Жамбыл облысындағы Мирный ауылы маңында орналасады. Жобаның құрылысын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр және жоба 2024 жылдан бастап 2026 жылды қоса алған кезеңде толық аяқталады деп жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ «жасыл» электр энергиясын генерациялауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Аяна Тоғанбек