Медициналық сақтандыру қорының елорда филиалына МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне, 15 санатқа қатысты сауалдар жиі түседі. МӘМС-ке жарна төлеуден кімдер босатылған? Жеңілдікке ие 15 санат қатарында болу үшін қайда жүгіну керек? Осы және өзге де сұрақтарға қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Болысбекова түсіндіріп берді деп хабарлайды Egemen.kz
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленген жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі. Олардың көп бөлігі шамамен 11 млн адам үшін мемлекет тарапынан төленетін ай сайынғы жарналарға жұмсалады. 2022 жылы жеңілдік санатындағы бір адамға мемлекет ай сайын 3 621 теңге жарна төлейді. Жеңілдігі бар 15 санат «сақтандырылған» мәртебесіне ие және оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі.
Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кімдер және қалай кіреді:
1) 18 жасқа дейінгі балалар. Балаға туу туралы куәлігі табысталған яғни жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген уақыттан бастап «сақтандырылған» болып саналады.
2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар. Мұндай мәртебе алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет.
3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер. Аталған жеңілдік санатына ену үшін әйел тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақытылы есепке тұруы тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді.
4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға. Бұл санаттағылар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады, бірақ ресми түрде жұмыс істемеуі және де олардың атына соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасалмаған болуы керек.
5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға. Олар демалысқа ресми түрде шыққан кезде «сақтандырылған» мәртебесін алады.
6) Мүгедек баланы күтіп-бағатын жұмыс істемейтін адамдар. Баланың тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі. Кейін автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін иеленеді.
7) Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам. Мүмкіндігі шектеулі жанның тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі. Ізінше «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.
8) Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бұл жерде мемлекеттен сақтандырылғандардың тізіміне Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы алатындардың ғана енгізілгенін атап өту қажет. Зейнетақыны әлі ресми түрде рәсімдемеген адамдар және басқа мемлекеттерден зейнетақы алатын адамдар жеңілдік мәртебесін ала алмайды.
9) Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар. Бұл жеңілдік санатына ену үшін қамаудағы мекеменің жауапты қызметкері жазасын өтеуші адамның деректерін ақпараттық жүйеге енгізуі қажет.
10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар. Бұл санаттағы жандар туралы мәліметті уәкілетті органның қызметкерлері жүйеге енгізеді.
11) Жұмыс істемейтін қандастар. «Қандас» куәлігін алған соң, соңғы екі айда МӘМС үшін төлем жасалмаған болу керек. Сонда автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіледі.
12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.
13) Мүгедектер. Ресми құжаты шыққан кезде, мәртебе автоматты түрде беріледі.
14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар. Қазақстанда оқитын студенттер жеңілдетілген санатқа автоматты түрде қосылады.
Бұл жерде шетелдік оқу орындарында күндіз оқитын қазақстандық студенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» тұлғалардың автоматты түрдегі жеңілдік мәртебесін бірден ала алмайтынын ескеру керек. Олар egov.kz электрондық үкімет порталындағы сервисті пайдалана отырып, жүйеде өз бетінше тіркелуі қажет. Ол үшін төмендегі әрекеттерді орындау керек:
✅ Іздеу жолағына «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» деп теру;
✅ Ашылған терезеде өтінішті толтыру және оқуды растайтын құжаттарды қоса беру;
✅ Өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қою;
✅ Көп жағдайда сақтандырудың жеңілдік мәртебесі жолдарды дұрыс толтырған уақытта 10 жұмыс күні ішінде беріледі;
✅ Егер сақтандырудың жеңілдік мәртебесін беру көрсетілген мерзімнің ішінде жүзеге асырылмаса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментіне хабарласу қажет.
Студент әрбір семестр аяқталғаннан кейін сақтандырылу мәртебесін тексеруі және оқудың өзектілігін растауы қажет екендігін есінде ұстағаны дұрыс. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.
15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.
Егер сіз осы 15 санаттың біріне кірсеңіз, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруыңыз керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң сізге «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі және сіз үшін мемлекет жарна төлейді.
Азаматтар үшін fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot жұмыс істейді. Дәл осы байланыс арналары сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС үшін аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік бар.