• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2014

Астаналық мәжілісте не талқыланады?

269 рет
көрсетілді

Астанада алғаш рет өткелі отырған Азия даму банкі басқарушылар кеңесінің мәжілісінде жол мәселесіне мән берілмек. Ал оның негізгі тақырыбы «Жаңа Жібек жолы – өзгермелі әлемдегі Азияны Еуропамен біріктіру» деп аталып отыр. Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте осы мәжіліс жайында айтылды. Оған «Экономикалық зерттеу­лер институты» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Мұқанов, Азия даму банкінің жыл сайынғы мәжілісінің үйлестірушісі Джил Дрилон және Экономика және бюджетті жоспарлау ми­нистрлігінің инвестициялық саясат департаменті директорының орын­басары Алмас Байтенов қа­тысты. Азия даму банкі басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мә­жі­лісі алдағы 2-5 мамыр аралығында өтеді. Оған Қазақстан атынан басқарушы – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев төрағалық етпек. Шараға құрамында Азия даму банкіне мүше-елдерден бас­қа­рушылар, қаржы ми­нис­тр­лері, ірі халықаралық банк­тер же­тек­шілері, қаржылық ұйым­дар­дың, мемлекеттік және мем­ле­кеттік емес, басқа да ұйым­дардың жетекші мамандары бар, барлығы 3500-ден 5000-ға дейін адам қа­тысады деп күтілуде. Мәжіліс тақырыбының жол мәселесіне арналуына Қазақ­станның тарихи Жібек жолында орналасуы басты себеп болып отыр. Ал АДБ жобаларының бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын қаржыландыру болып табылады. Бұл жоба Қазақстанның оңтүстік облыстарынан өтеді, сондықтан аймақтың көлік жолдарын дамытуға және тек Еуропаның емес, сондай-ақ Азияның да үлкен нарығына шығуға мүмкіндік бермек. Еске сала кетсек, 2013 жылы АДБ Қазақстанмен ынтымақтастық аясында Азия даму қорына донорлық көмек ретінде 5 миллион доллардан астам қаражат бөлген. «Отырыс барысында 25-ке жуық ірі шаралар, пікірталастар өтеді. Бұл отырыстың ерекшелігі мұнда алғаш рет «жасыл экономика» қағидасын негізге алып отырмыз. Айта кететін тағы бір жайт, қазіргі кезде Қазақстан техникалық қайтарымсыз көмек алушы ғана емес, керісінше, дамушы елдерге жәрдемдесу бойынша Азия даму банкінің әріптесі болуға ниетті», деді брифинг барысында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы М.Мұқанов. Сондай-ақ, ол мәжіліс аясында саясаткерлер, бизнесмендер, Еуропадан және Орталық Азия аймақтарының қаржылық институттарынан келген өкілдерге Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар мәселесін талқылауға мүмкіндік беретін «Invest in Kazakhstan» халықаралық инвестициялық конференциясы ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Яғни Қазақстанның заманауи инвестициялық климаты да айрықша назарда болады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».